- Advertisement -

Білікті маман барлық мәселені шешеді

153

- Advertisement -

Бүгінгі таңда өңіріміздегі кәсіпкерлік саласы бірқатар қиындықтарға тап болып отыр. Мәселен, арнайы жұмысшы кадрлардың жетіспеушілігі, шикізат және тапсырыстардың болмауы облысымыздағы бизнесті дамытуға орасан зор кесірін тигізуде.

Кеше аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен басқосу барысында жоғарыда аталған мәселелерді шешудің жолын табу, кәсіпорындарды іске қосу, сондай-ақ өндіріс көлемін арттыру жайы қаралып, талқыланды.
Жиында облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Арнұр Мұхаметжановтың айтуынша, қазіргі күні бірқатар ірі кәсіпорындарда кадр тапшылығы анық байқалуда. Дайын металл бұйымдар өндіретін «Запчасть» акционерлік қоғамы мен «Kazinter steel company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі желілік өндірістегі инженер-технологтар мен энергетика мамандарына мұқтаж.
Ал облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова аталған мамандарды дайындау үшін арнайы келісімшарттар жасалып, оқу орындары базасында зауытқа мамандар даярлайтын кәсіпорын өкілдерімен кездесу де ұйымдастырылатынын жеткізді.

– Өңірді дамыту үшін барлық кәсіпорындардың толыққанды жұмыс істеуі айрықша маңызға ие. Биліктің басты міндеттерінің бірі – бұл жаңа жұмыс орындарын құру және адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту. Қиындықты еңсеру үшін кәсіпкерлікті дамыту, зерделеу және қажетті шараларды әзірлеу қажет, – деп атап өтті Асқар Исабекұлы.
Аймақ басшысы, сондай-ақ қазақстандық металл құрастырмаларды Өзбекстанға экспорттайтын «Запчасть» ЖШС-ның шикізатпен қамтылуы мәселесін шешуді тапсырды.
Жиын барасында бұдан бөлек, кәсіпорында тозығы жеткен электр сымдарын ауыстыру үшін 1,3 миллион теңге қажет екендігі де сөз болды. «Ақ бидай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де осыған ұқсас мәселелер бар көрінеді. Ондағы ескірген жабдықтарды жаңғыртуға 5 миллиард теңге қажет. А.Мұхаметжановтың айтуынша, қаражат бөлінген жағдайда өндіріс көлемі 15 пайызға артпақ.
Алайда Асқар Исабекұлы жауапты басқарма басшысының уәжімен келіспейтінін қадап айтты. «Бұл – олардың жеке мәселесі. Әуелі, жабдықтарының тозғанын дәлелдесін. Сонан соң, өзі құрған бизнес-жоспарына сәйкес, қаржы институттарына қаражат алуға өтініш берсін. Сіздер кәсіпорын басшыларына біздің қандай мақсатта жұмыс істейтінімізді нақты түсіндіруге тиістісіздер. Бізге міндетті түрде өндірісті іске қосуға және ұлғайтуға кедергі келтіріп отырған мәселелерді анықтау қажет. Біз мемлекетке қатысты және өңір экономикасына пайда әкелер мәселелерді ғана шешеміз. Сауалнама өткізу туралы тапсырманы бергеніме үш ай өтті. Содан бері не өзгерді? Нақты ештеңе жоқ. Сіздер түйіні шешілмеген мәселелерді әлі анықтамағансыздар. Кәсіпкерлік басқармасында 20-ға жуық қызметкер жұмыс істегенімен, тапсырманы орындай алмай отыр, – деген облыс әкімі Арнұр Мұхаметжановқа үстіміздегі жылдың 11 мамырына дейін аталмыш мәселені түбегейлі шешуді және өзіне жүктелген міндеттерді орындамаған қызметкерлерді жұмыстан шығаруды тапсырды.
Жиын барысында, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативтерінің ахуалы да сөз болды. Айта кетейік, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасына 2020 жылға дейін әрбір ауылдық округте ең болмағанда бір ауыл шаруашылығы кооперативін құру міндеті жүктелгені белгілі. Аталған басқарма басшысының сөзіне қарағанда, кейбір аудандарда кооператив құру үдерісі баяу жүзеге асырылуда. Мысалы, Сарысу ауданында бүгінгі күнге дейін 9 ауыл шаруашылығы кооперативі ғана тіркелген. Ал бұл бағытта Қордай және Мойынқұм аудандары өзгелерге үлгі болып отыр.
Өңір басшысы бұл жұмыстарды да ширату қажеттігін ескертті.

 Есен ӨТЕУЛИЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support