- Advertisement -

МАҢДАЙ ТЕРДІҢ ЖЕМІСІ

162

- Advertisement -

Ауылдастары көкпаршы Аманбай атап кеткен қария балаларын жастайынан адал еңбекке баулып, тәрбиеледі. Балаларының ішінен Есенқұл жер жыртып, егін салуға бет бұрған тұста ақылшы-ұстазы болды. Бұл кез совхоздар тарап, жеке шаруашылық құрылымдары құрыла бастаған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының аяғы еді.
Түркістан ауылдық аймағына қарасты Ә.Бүркітбаев, Үшбас, Арыстанды және Қаратас ауылдарында ғасырлар бойы мекен етіп келе жатқан жергілікті тұрғындар үшін жер жыртып, егін салу – атадан балаға мирас болып келе жатқан кәсіп. Әкеден алған өнегесі бар балаң жігіт егіншілік кәсіпті бастағанда сонша қинала қойған жоқ. Қамқоршы-ақылшысы бұған маңдай тердің жемісі болатынын әркез еске салып, жігерлендіретін. Оның үстіне өзінің өмірлік бай тәжірибесін ерінбей-жалықпай үйретуден де шаршамады. Бүгінде құрылғанына 20 жылға жуықтаған Есенқұл Дүтбаевтың «Мұрат» шаруа қожалығы аудандағы алдыңғы қатарлы жеке шаруашылықтардың бірі.
Жалпы Дүтбаевтарды сарысулықтар көкпаршы әулет деп таниды. Көкпар, жылқы малы десе елең ете қалатынын ішім сезеді. Әңгімені қазақтың қанын қоздыратын ат-спорт ойындарының бірі – көкпардан бастап, бәйгеге, одан әрі шашасына шаң жуытпаған небір тұлпарларға, оның ішінде саудакенттік атақты атбегі Аман Данияровтың «Қарагеріне» келіп, бір-ақ тоқтадым. Сол-ақ екен, манадан бері автокөлік ішінде алқабына қарап, үнсіз отырған азамат ағытылып сала берсін. Көкпар, бәйге және жылқы баласы туралы небір аңызға бергісіз әңгімені ағытты-ай келіп. Біршама көсіліп барып, демін бір алған шақта сөз төркінін шаруашылық жайына бұра қойдым.
– Ой, аға, ел қатарлы еңбек етіп жатырмыз ғой. Шаруашылығымда 1500 гектар егістік, тура осындай шамада жайылымдық жер бар. Былтыр 300 гектарға арпа, 300 гектарға күздік бидай, 600 гектарға мақсары дақылын егіп, ойдағыдай өнім алдық. Қазір бұрынғыдай өнімді қайда өткереміз деп уайымдамаймыз. Масақты дәнді дақылдарды мына көрші Оңтүстік Қазақстан облысынан жігіттер келіп, алып кетеді. Ал мақсарының өнімін Жуалы ауданына апарамыз. Биыл да осынша жерге егін егеміз деп болжам жасап отырмыз.
Ауыл шаруашылығының бір саласымен ғана аяқтан тік тұрып кету оңай емес, сондықтан малмен де айналысамыз. Бүгінде 500-ге жуық уақ мал, 50-дей жылқы және 60 бас сиыр бар. Шаруашылығымда 15 адам еңбек етеді. Құдайға шүкір, техникамыз да жеткілікті. Үш – «Енисей» комбайны, үш «К-701», төрт «МТЗ-80», бір «МТЗ 12-21» маркалы тракторы, сондай-ақ екі «КамАЗ» автокөлігі бар. Басқа да жер жыртуға қажетті техникаларымыз жетеді. Осы техника шаруашылықтың бар тірлігіне жарап тұр.
Қазір жер жыртып, егін салсаң да, төрт түлік мал өсірсең де, тіпті жеке кәсіп ашып, тірлік етем десең де мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмек те, қолдау да көп. Өзім көктемгі егіс-дала жұмыстарына 3 миллион 685 мың теңге несие алдым, – деді Есенқұл.
Сөзі де атқарып отырған тірлігі сияқты нық болып шықты. Көліктен түсіп, егіс алқабына көз жүгіртіп тұрғанда «биыл көктен ылғал аз түсті» деп қалды. Берекені көп тілеуімен қатар, көктен тілейтін шаруа қос жанарымен көк аспанды бір шолып өтті. Бұлт торлай бастапты. Бұл өңірді мекен еткен дихан қауымының құдіреті күшті бір Алла тілеуін берсе аспаннан ақ жауынды шелектеп құя салатыны бар. Есенқұлдың жүзіне қарап, көктен жауын тілеп тұр-ау деп ары қарай сөзге тартып, мазалаған жоқпыз.
Жолбасшымыз бар, жүргізуші бар «Шаруаның тілеуін берсін!» деген ниетпен көлікке келіп отырдық, Есенқұл алқап жиегінде әлі тұр. Енді бір сәт топырақты алақанына салып, ары-бері ысқылайды. Ылғалдың мөлшерін байқап тұр-ау шамасы…

Амангелді ӘБІЛ

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support