- Advertisement -

Сапалы тұқым – мол астық кепілі

188

- Advertisement -

Облыстың ауыл шаруашылығы саласында масақты дәнді дақылдар, оның ішінде күздік бидай тұқымдарының аудандастырылған «Стекловидная 24» және жаздық арпа дақылы бойынша «Бәйшешек» сұрыптары қолданыста жүргеніне он жылдан астам уақыт өтсе де, статистикалық есепке сәйкес өзінің сапасымен және мол өнімділігімен ерекшеленумен келеді. Яғни бұл сұрыптарды қолданудың арқасында облыста тұқым шаруашылығы, жалпы егін шаруашылығы дұрыс жолға қойылып, жоғарғы репродукциялы тұқымдар егетін шаруашылықтар мемлекет қолдауының арқасында жыл сайын мол өнім алуда.

Ал елімізде тіркелген тұқым сорттарының реестріне сәйкес оны ауыстыратын аудандастырылған жаңа сұрыптардың артықшылықтарын шаруа қожалықтары назарға алмай келеді. Негізінде жаңа сұрыптар мен будандардың өнімділігі 5-10 пайыз аралығында жоғары болғаны байқалады.
Алайда агроқұрылымдар егін шаруашылығы саласында, өздерінің тәжірибелік ізденістерінің арқасында жаңа сорттарды енгізе отырып, қаншалықты сапалы мол өнім алынатындығына сараптама жасаулары қажет-ақ.
Осыған орай, бүгінгі күні «Мереке-70», «Дәулет», «Матай» «Фараби», «Нұреке» секілді 10 жылға дейінгі күздік бидай сорттары реестрге енгізілген болса, оның ішінде тек «Мереке-70» сорты ғана қолданыста.
Ал жаздық арпа бойынша шаруашылықтар 10 жылға дейінгі жаңа сорттарды жиі пайдалануда. Олардың қатарында «Айдын», «Сусын», «Сымбат» және Ресей мемлекетінен әкелінген аудандастырылмаған «Ваковая», «Фрерия», «Одесская», майлы дақылдан мақсарының «Ершовский» сұрыптарын атап айтуға болады. Мұның барлығы да 2018 жылғы қолданыстағы сұрыптар. Биыл қант қызылшасы бойынша германиялық КВС «Акация», «Виорика», франциялық «Эйдер», «Тиссерин» «ФД Бункер» будандары пайдаланылуда. Яғни қант қызылшасы саласында толықтай жаңа 10 жылға дейінгі будандарға көшіп отырмыз.
Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты арқылы жаңа сұрыптардың көлемі жеткілікті болуы үшін шаруашылықтар тарапынан алдын ала сұраныс жасалуға тиіс.
Негізінен облыстағы тұқым шаруашылықтары арқылы жаңа сорттарды енгізе отырып, сапалы мол өнім алынған жағдайда тұқым шаруашылығында жоғары көрсеткішке жетуге және облыс бойынша азық-түлік қауіпсіздігін сақтау мен экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік мол.
Облыста жоғары репродукциялы тұқым көлемі бойынша нысаналы индикаторларға қол жеткізілуі туралы 2018 жылы тұқым саласы бойынша аудандарға элиталық тұқымды енгізуді 7 пайызға жеткізу, 1-ші репродукциялы тұқымды енгізуді 30 пайызға жеткізу тапсырмасы берілген. Осы бағытта жаңа сұрыптарды енгізе отырып межеленген мақсатқа жету үшін аудандарда ұйымдастыру жұмыстарын күшейту талап етіледі.
Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігінің тұқым шаруашылығын қолдаудың жаңа механизміне қатысты «Тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 12 желтоқсандағы №4-2/664 бұйрығына өзгерістер енгізілуде. Осы тұқым шаруашылығын субсидиялау тетігі арқылы шаруашылықтарға жоғары репродукциялы тұқымдарды (будандардан басқа) 1 жылға тегін таратылып, шаруашылықтар өнімін жинағаннан кейін тұқымның сатып алған құнының 30 пайызын ғана қайтаруы қарастырылған. Осындай жеңілдіктер арқылы жоғарыда айтылған тұқым саласы бойынша межеленген индикативті жоспарға жетуге мүмкіндік жасалып отыр.

Баймахан ПІРІМБАЕВ,
облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы мемлекеттік астық және тұқым инспекциясы
бөлімінің басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support