- Advertisement -

МАЙДАНГЕРЛЕРГЕ МЫҢ АЛҒЫС!

215

- Advertisement -

Оқ пен оттан аман оралып, бейбіт өмірде саналы ғұмырларын елдің өсіп-өркендеуіне арнаған арамызда аман-сау жүрген майдангерлерге қандай құрмет жасасақ та артық емес. Ал жеңіске жетпей немесе бүгінге дейін бақилық болып кеткен ардагерлердің рухына тағзым ету – артында қалған ұрпақ пен барша жұрттың парызы. Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағындағы «Данқ аллеясы» монументалды кешеніне 24 сәуірге дейін түзілген тізімдегі облыстан соғысқа шақырылған 105 402 майдангердің есімі қашалып жазылады.
Наурыз айынан бері редакция поштасына келіп түскен елордамыз Астанадан бастап өзге өңірлерден облыстың түкпір-түкпірінен майдангер-ардагерлердің қан-қасап соғыстағы ерен ерлігі, бейбіт өмірдегі жанкешті еңбегі туралы жазылған мақалалар тасқыны толастар емес. Ондай дүниелерді көбіне балалары, немерелері және қариялардың көзін көрген, соңынан ерген бауырлары мен ағайындары жазуда. Редакцияның шығармашылық ұжымы да Жеңісті жақындатқан боздақтардың жорық жолдары мен бейбіт өмірдегі саналы ғұмырынан сыр шертетін материалдарды аз жазып жатқан жоқ. Отан қорғау жолында опат болған немесе сұм соғыстан аман-есен оралған жауынгердің барлығы батыр. Олардың ерен ерлігін, тынымсыз еңбегін насихаттау жас желкенді отансүйгіштікке, патриоттық рухта тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады.
Біз басылымның кезекті санын тәуелсіз Қазақстан әскерінің құрылған күні мен 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесіне арнап отырмыз. Мүмкіндігімізше арамызда аман-сау жүрген және өмірден өткен майдангерлер туралы дүниелерді жарияладық. Ал бүгінгі мерекелік нөмірден орын болмай, жарияланбай қалған мақалаларды реті келгенше алдағы уақытта да газет бетіне шығаратын боламыз.
Майдангерлер, сіздерге мың алғыс!

Амангелді ӘБІЛ,
ақпарат және хаттар бөлімінің меңгерушісі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support