Айбол мен Айдос «Қазақстан барысына» қатысады

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турнирі шілде айында елорда төрінде сегізінші мәрте өтеді. Осыған орай Тараздағы Олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығында өткен облыстық іріктеу жарысына Тараз қаласынан және барлық ауданнан 19 балуан қатысты. Доданың ашылу салтанатында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Жахитов, спорт ардагері Жетен Медеуов сөз сөйлеп, балуандарға сәттілік тіледі.
Мұнан соң аламан басталып кетті. Алғашқы белдесуде мойынқұмдық Бегімхан Әділбеков сарысулық Ізбасар Ералиевті оңай ұтқанымен, келесі кездесуде әлем чемпионы Дәулет Пахриденовке жол берді. Бегімханның қазақ күресінен екі дүркін Азия чемпионы екенін айта кеткеніміз артық болмас. Мұнан бөлек, әлем чемпионы, «Қазақстан барысының» қола жүлдегері Айбол Айтбек те, республикалық турнирлердің жеңімпазы Айдос Теңгебаев та күрестің майын ішкен майталмандар екені белгілі. Дәулет жартылай финалда Айбол Айтбектен ұтылып қалды. Айбол алғашқы бәсекелерінде байзақтық Құмар Сәрсенов пен сарысулық Ертуған Төреновтен басым түскен болатын.
Таластық Айдос Теңгебаев әуелі Жамбыл ауданынан келген Жасұлан Көрпебай мен тараздық Бахтияр Жаңабекті аса қиналмай-ақ жарыс жолынан шығарды. Алайда жартылай финалда Айдосқа қарсылас болған меркілік Ғалымжан Қырықбаев оңай шағылатын жаңғақ емес екен. Төртінші минутқа дейін Ғалымжан жамбас ұпаймен алда тұрды. Алайда артынша екі бүк, бір жамбас ұпайына қол жеткізген Айдос жеңіске жетті. Ғ.Қырықбаев алғашында жуалылық Әбікен Әбіхай мен таластық Шыңғысхан Жақыптан айласын асырған-ды.
Шешуші белдесуде тараздық Айбол Айтбек сыралғы қарсыласы Айдос Теңгебаевтан ұпай санымен басым түсіп, топ жарды. Шілде айының басында елордада өтетін «Қазақстан барысы» турнирінде өңір намысын Айбол мен Айдос қорғайды. Жүлделі үшінші орын Дәулет Пахриденов пен Ғалымжан Қырықбаевқа бұйырды.
Марат Жахитов, Жетен Медеуов және «Қазақстан барысы» турнирінің үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттап, диплом және сыйлықтар табыс етті.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

микро займ на карту