- Advertisement -

Күй ойнайды қазағымның қанында

403

- Advertisement -

Жамбыл – ән әуелеп, күй күмбірлеген құт мекен. Әулиеата өңірінің күй өнері десе, елдің есіне бірден Әбдімомын Желдібаев оралады. Жүрегі өнер әлемімен егіз жаратылған, Тәттімбеттің шертпесін, Құрманғазының төкпесін санасына құйып, көкейіне түйіп өскен Әбдімомын Желдібаев­тың өзіндік дара да сара жолы бар. Өткен жылы сексеннің сеңгіріне аяқ басқан тарланбоз күйші­нің торқалы тойы киелі Шу жерінде кең көлемде тойланса, жуырда елордамыздың жиырма жыл­дығына орай Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің сахнасында «Ерке сылқым» атты жеке шығармашылық кеші болып өтті.

Елорда төрінде өткен кешке мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің басшысы Махмұд Қасымбеков, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, Қазақстанның Халық әртісі Айман Мұсаходжаева арнайы қатысып, еліміздің даңқты күйшісіне өз ризашылықтарын білдірді. Айта кету керек, шарада жерлесімізге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хаты салтанатты түрде табысталды. Сонымен бірге кеште күйші-композитор, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Әбдімомын Желдібаевқа «Қазақ ұлттық университетінің профессоры» құрметті атағы берілді. Елордада еңбегі еленіп, үлкен марапатқа ие болып оралған күйшіні Шу ауданының әкімі Қайрат Досаев арнайы қабылдап, Елбасы жолдаған құттықтау хатты оқып, Әбдімомын Желдібаевты құттықтады.
– Сіз ауданның ғана емес, күллі қазақ елінің мақтан тұтар тұлғасысыз. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары өмірге келген «Ерке сылқым» күйі әлі күнге маңызын жоғалтқан емес. Туған өлкеге деген махаббатыңыз бен жерлестеріңізге деген құрметіңізді шулықтар жоғары бағалайды. Біз сізбен мақтанамыз. Шабытыңыз шарықтап, әлі де талай туындылармен қуантатыныңызға сенімдімін, – деді Қайрат Әскербекұлы.
Ал қасиетті домбыра­ның құдіретімен талай туындыларды туғызған дәулескер күйшінің өзі аудан басшысына алғысын жеткізді. Ол өз сөзінде: «Жалғыз ағаш орман болмайды, жалғыз адам қорған болмайды» деген сөз бар қазақта. Сондықтан, осы күнге дейін мен жеткен қандай да бір жетістік болса, оның барлығы – елімнің арқасы, елдің табысы. Елбасының жетпіс жасқа толған мерейтойына арнап «Нұрсұлтан» атты симфониялық күй-поэма шығарған болатынмын. Осы күйді өнер саңлақтарының, астаналық көрермендердің назарына ұсыну мен бас қаламыздың жиырма жылдығына арналған кешімді Астанада өткізу басты мақсатым болған еді. Оны да абыроймен өткіздік. Құттықтап жатқан­дарыңызға көп рақмет», – деп өз ризашылығын білдірді.
Домбырадан төгілген күйлерін жан жүрегімен орындап, көпшіліктің санасына жеткізе білу – кез келгеннің қолынан келе бермейтін дүние. Бұндай шеберлік күй мен күйші мінезінің бір арнаға тоғысып, үйлесім табуынан туындайтын болса керек. Әбдімомын Желдібаевтың жүрегінен туған күйлер де ғасырлық шежіреден, ұлтымыздың өткенінен сыр шертіп тұратыны сөзсіз. Жерлесіміздің шығарған күйлері мен әндері сол өзі туып-өскен киелі Шу өңірінің, қазақтың сартап даласының табиғатынан ешқашан алыстап кетпек емес. Әлбетте, сол арқылы туындыларының өзіне тән ерекше иірімдері мен құрылымдары, қағыстары оны өзгелерден даралап тұратындай. Оның елорда төрінде өткен кешінің жоғары деңгейде ұйымдастырылуы да осындай даралығынан болса керек-ті.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы.

Суретті түсірген
Петр Норкин.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support