- Advertisement -

Бес бастама – қоғам тұрақтылығының тұғыры

129

- Advertisement -

1995 жылы наурыз айында өткен алғашқы құрылтай жиынынан соң, еліміздегі бірегей қоғамдық институттың мүшелері әр жылы қыс-көктем, жаз-күз айларында бас қосып, келелі мәселелерді талқылап отырды. Тек соңғы 5-6 жылдың көлемінде Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиялары сәуірдің соңында өткізілуде. Мұның да өзіндік себебі бар. Ондағы мақсат та, мүдде де біреу. Ол – осы арқылы барша қазақстандықтарға елді ауызбіршілікке үндеген мерекенің жақын қалғанын меңзеп, татулық ешқандай байлықпен өлшенбейтін қымбат қазына екенін ұғындыру.
Тәуелсіздік жылдарындағы мемлекеттік саясат «алдымен экономика, содан кейін саясат» ұстанымына негізделгенін біз жақсы білеміз. Тұрақты экономика – елдің қуатты тұрмыс-тіршілігінің өзегі. Бұл бірінші кезекте Қазақстан қоғамының басты капиталы халқы екенін айғақтаған еді. Ал қазақстандықтар бұған қалай үн қосты? Берекенің бастауы бірлікте екенін ұмытпай, татулықты ту етті. «Мәңгілік Ел» идеясын қоштап, Елбасы бастамаларына қолдау көрсетті. Жалпы ширек ғасырдан астам уақытта ел дамуы жолындағы қандай да бір стратегиялық жоспарларды жүзеге асыруға еліміздегі сан алуан этностық топ өз үлестерін қосып келеді. Биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының Астана қаласында өтетін кезекті ХХVІ cессиясында «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» тақырыбы күн тәртібіне шығарылатыны – соның бір көрінісі.

Президенттің әлеуметтік бес бастамасы барлық қазақстандықтардың ертеңге деген сенімін нығайтты. Өзекті 5 мәселе халықтың мұң-мұқтажын шешуге бағытталған. Оның еліміздің бақуатты тұрмысына негіз болып қана қоймай, әлеуметтік бірлікті бекемдей түсетіні анық. Сондықтан біз жаңа әлеуметтік бағдарлама мен жобалар әрбір азаматқа қолжетімді болуы үшін тиімділігін жұртқа түсіндіруіміз керек. Ол үшін, әрине баршамыз бірлесе жұмыс жүргізуге тиіспіз. Бұл ретте тағдыр тоғыстырып, тарих табыстырған сан алуан ұлтты бір шаңырақ астына біріктірген қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясына артылар жауапкершілік үлкен. Осы мәселелер ХХVІ cессияда талқыланатыны анық. Бұған осы жиынға арнайы қатысатын өңір делегациясы құрамында біз де үн қосамыз.
Егеменді еліміздегі ішкі тұрақтылықтың беки түсуіне Қазақстан халқы Ассамблеясы ықпал етті. Барша қазақстандықтарды этносаралық бейбітшілік пен келісімді сақтауға үндеді. Татулық Тәуелсіздік тірегі екенін жалпы халыққа көрсете білді. Сондықтан болар, бүгінде қазақстандық бірегей құрылымның этносаралық татулық пен келісімді жарастырудағы тәжірибесі әлем елдерін де қызықтыруда. Оны жан-жақты зерттеп жатқандар бар.
Бірлік бейбіт еліміздің берекелі істерін баянды етеді. Ал ауызбіршілігі жоқ елдің асығы алшысынан түспек емес. Сол себепті Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктелген негізгі жауапкершілік – татулық пен толеранттылықты сақтау болса, бұл міндетті осы ұйымның маңына топтасқан этномәдени бірлестіктер атқарады деп сендіреміз.
Рамзан МАГОМАДОВ,
«Вайнах» Жамбыл шешен-ингуш мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support