- Advertisement -

Білім іздеген өседі, бүлік іздеген өшеді

210

- Advertisement -

Облыс әкімдігі дін істері басқармасының ұйытқы болуымен «ХХІ ғасырдағы Қазақстандағы дін» тақырыбында облыстық форум ұйымдастырылды. Бүгінде татулықты ту еткен елімізде адамдардың діни сенімі мен бостандығына еш кедергі жоқ. Әйтсе де, лаңкестікке бару жолында жанкештілік танытып жататын жат ағым «құрбандары» әлі де кездесіп қалатыны аян. Зайырлылық қағидатын ұстанған мемлекетіміздегі діни ахуал форум барысында кеңінен сөз болды. Шараны облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жанкелді Омаров жүргізіп отырды.

Жиынды облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков кіріспе сөзбен ашып берді. Дін саласындағы мемлекеттік саясат туралы ой өрбіткен Бекболат Орынбекұлы форум жұмысына сәттілік тіледі. Бұдан соң Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі дін істері комитетінің ақпараттық жұмыс басқармасының басшысы Гүлмира Нұрбаева мінберге көтеріліп, «Мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынастың қазақстандық моделінің ерекшеліктері» тақырыбында баяндама жасады. Зайырлылық негіздері көп конфессиялы мемлекеттегі тыныштықтың өзегі саналатынын, дінді деструктивті мақсатта пайдалануға елімізде жол берілмейтінін тілге тиек еткен ол өзге де мәселелер төңірегінде ой қозғады. «Елімізде дін саласындағы мемлекеттік саясаттың өзегіне айналған 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдама бекітілгені мәлім. Барлық жұмыстар тұжырымдама аясында жүзеге асырылады» деген хабарламашы министрлік тарапынан атқарылып жатқан ауқымды шаралар төңірегінде де ой өрбітті.
Бұдан соң Р.Сүлейменов атындағы шығыстану институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Әбсаттар Дербісәлі «Тараздан шыққан дін ғұламалары» тақырыбында ой-толғамын ортаға салды. Ол өз баяндамасында Тараз жерінен көптеген ғұламалар шыққанын айтып өтті. «Тараз – ислам мәдениеті мен ғылымына орасан үлес қосқан шаһар. Тарихпен тамырлас қаладан елуге тарта ғалым шыққан. Еңбектерін араб тілінде жазған ойшылдарымыздың, дара тұлғаларымыздың есімі көпшілікке бейтаныс. Олардың қатарында Һибатулла бин Ахмед бин Муалла бин Махмұд Шұджа ад-дин ат-Түркістани-ат Тарази секілді ғұлама бар. Шұджа ад-дин деген лақап атымен белгілі болған ғалым білім жолын қуған. Ілім іздеп Дамаскіге де барған. Сонда жүріп, ғылым жолында жүргендермен достасып, қызметтес болады. Һибатулла ат-Тарази кейін Мысыр астанасы Каирге келіп, Заһир ад-дин Бейбарыс салдырған медреседе ұстаздық қызмет атқарған. 1334 жылы дүниеден өткен ол артына мол мұра қалдырған», – деген Әбсаттар Бағысбайұлы Тараздан шыққан өзге де ғұламалар туралы мәліметтерімен бөлісті.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Бауыржан Есмахан «Құлшылық рәсімдерін біріздендіру» тақырыбында хабарлама жасап, көптің көкейінде жүрген мәселелерге тоқталды. Ол өз сөзінде жаназа мәселесіне кеңірек назар аударды. Әр өңірде әртүрлі өтетін жаназа рәсімі туралы пікірін білдірген Бауыржан Әбдірашұлы кейбір жағдайда көршілес елдердің үрдісі де қайсыбір өңірлерге әсерін тигізіп жатқанын нақты дәлелдермен айтып берді. «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты еңбек басылып шыққанын, сол жинақта бұл мәселе жан-жақты зерделенгенін де әңгімеледі. «Өмір болған соң түрлі жағдайлар орын алып жатады. Дәулетіне сенген кейбір адамдар көзінің тірісінде өздерінің моласын салдыратын жайттар да кездеседі. Кімнің қашан және қайда жан тапсыратыны құдіреті шексіз Аллаға ғана аян. Әйткенмен кейбір ғалымдардың көзқарасына қарасақ, егер өз иелігіндегі жері болса, қабірін алдын ала дайындап қоюға болатын көрінеді. Сол арқылы өлімді көп еске алып, ақыретіне ұдайы әзірлік мақсатында қолға алынған тақуалық іс болса, мақұл. Ал зәулім мазар тұрғызып, шығындану – шариғатқа қайшы», – деді Бауыржан Есмахан өз көзқарасын білдіріп.
Басқосуда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы Бағдат Бейсенов «Алаш қайраткерлері мұрасындағы рухани құндылық» тақырыбындағы баяндамасын назарға ұсынды. Сондай-ақ «Нұр-Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университеті Исламтану кафедрасының оқытушысы, теология ғылымдарының докторы Мұхитдин Паттеевтің «Деструктивті діни ағым өкілдеріне қарсы насихат жұмыстарын жүргізудің әдіс-тәсілдері» тақырыбындағы баяндамасы тыңдалды. Форум соңы секциялық жұмыстармен жалғасын тапты. Шараға қатысушылар білім іздегеннің өсетінін, бүлік іздегеннің өшетінін көкейлеріне түйгені талас тудырмайды.

Табиғат Абаилдаев

Суреттерді түсірген
Ақәділ РЫСМАХАН.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support