- Advertisement -

Салғырттық сан соқтырады

155

- Advertisement -

немесе алғашқы тоқсандағы көрсеткіштер көңіл көншітпейді

Биылғы алғашқы тоқсандағы нақты индикаторлар бойынша нәтижелі жұмыстар атқарылған. Десек те кейбір көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Яғни бірқатар салалардағы шаруалар сылбыр. Оған жол берген аудандар облыс әкімдігінің кезекті аппарат кеңесінің отырысында мәлім болды. Өңір басшысы Асқар Мырзахметов өз салалары бойынша атқарған жұмыстарын баяндаған басқарма басшыларына атқарылған жұмыстарды ұзақ-сонар тізбектемей, нақты мәселелер мен оның себебіне және шешу жолдарына ғана тоқталу керектігін ескертті.
Облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова үстіміздегі жылдың 3 айында облыс экономикасының негізгі салаларында оң нәтижеге қол жеткізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, қысқа мерзімді экономикалық индикатор 111,6 пайызды құрап, өнеркәсіпте өндіріс көлемі 16,5 пайызға артқан. Өсім ауыл шаруашылығында 4,2, құрылыс саласында 31 пайызға ұлғайған. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 4,4, сауда 3,3 пайыз көлемінде өскен. Ақпарат және байланыс саласындағы көрсеткіш – 4,6 пайыз. Дегенмен кейбір міндетті көрсеткіштерге жете алмай қалғандар да бар.
– Жалпы бекітілген 37 индикатордың 20-сына тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі. Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша барлық межеге қол жеткіздік. Алайда өңірлер аралығында 16 индикатордың жоспарлы мәні орындалмаған. Мәселен, облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы жетекшілік ететін салаларға келетін болсақ, өнеркәсіп және өңдеу өнеркәсібі көлемінің жоспарлы көрсеткішіне Сарысу, Шу, Мойынқұм аудандары жетпеген. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі Қордай, Шу аудандары мен Тараз қаласында аз, шағын және орта бизнес субъектілері санын арттыру межесі Сарысу, Талас аудандарында төмен.
Ауыл шаруашылығында өндірілетін, оның ішінде өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі бойынша Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Т.Рысқұлов, Шу аудандары және Тараз қаласы жоспарлы мәннен төмен көрсеткіш көрсеткен. Ал жер қатынастары басқармасы жетекшілік ететін салада ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын бос жатқан егістік жерлерді қайта айналымға енгізуде Жуалы, Талас, Шу аудандарында жүргізілген жұмыс сылбыр. Құрылыс жұмыстарының көлемі бойынша Меркі ауданы мен Тараз қаласы, пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі бойынша Шу ауданы жоспарға қол жеткізбеген, – деді Гүлдана Әлімжанқызы.
Нақты дерекке сүйенсек, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылатын жастар қатарын көбейтуге Талас ауданы мен Тараз қаласы немқұрайды қараса, Сарысу ауданы жергілікті бюджетке салықтық және салықтық емес түсімдердің өсімі бойынша индикатордың жоспарлы мәніне жетпей отыр. Меркі ауданы тоқсандық бюджет қаражатын игеруде сылбырлыққа жол берген. Байзақ, Жуалы, Талас аудандары қоғамдық орындарда жасалған қылмыстардың санын төмендетуде, Жуалы, Т.Рысқұлов, Шу аудандары жол-көлік оқиғаларының алдын алып, апат салдарынан болатын өлім санын азайтуда қауқарсыздық танытқан.

Жиында облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев көктемгі егіс-дала жұмыстары барысына тоқталып, Жуалы, Талас, Сарысу, Шу аудандарында егістік алқаптарын дайындау баяу жүріп жатқанын сөз етті. Соның әсерінен қант қызылшасының тұқымымен қамтамасыз ету шараларының орындалуы облыс бойынша бар-жоғы 58 пайызды құраған. Әсіресе Жуалы, Жамбыл, Шу аудандарындағы көрсеткіштер төмен. Жуалылық шаруалар жоспарды 50, 5 пайыз ғана орындаса, қалған екі аудандағы жұмыстар көздеген меженің жартысына да жетпеген. Ол ғана емес, сала бойынша егістік көлемінің электрондық картасын қалыптастыруда да ойдағыдай нәтижеге жете алмай отырғандар бар екен. Қордайда осы бағыттағы жұмыстар 61,7, Жуалыда 55, Шу ауданында 40,9 пайыз ғана атқарылған. Бұл жалпы өңірдің көрсеткішіне айтарлықтай кері әсерін тигізіп отыр. Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Арнұр Мұхаметжанов өз кезегінде осы саладағы көрсеткіштерге аз-кем тоқталып өтті.
– 1 сәуірге дейін тіркелген мәліметке сүйенсек, облысымызда тіркеуге алынған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері бойынша нақты жұмыс істеп тұрғандарының жалпы саны 60 244 бірлікті құрап отыр. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 55 бірлікке артқанын көрсетеді. Алайда бірқатар ауданда бұл көрсеткіш едәуір төмендеген. Мәселен Байзақ ауданында – 45, Жамбылда – 239, Мойынқұмда – 311, Сарысуда – 55, Таласта – 188, Шу ауданында 510 нысанның жұмысы тоқтаған. Сонымен қатар бірінші тоқсанның қорытындысында негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлеміндегі сыртқы инвестициялар үлесі 18,6 пайызды құраса, Тараз қаласында, Байзақ, Жамбыл, Қордай, Т. Рысқұлов және Талас аудандарында жоспар толық орындалмаған, – деген Арнұр Сағындықұлы өзге де нысаналы индикаторлардың қалай орындалып жатқанын тілге тиек етті.
Жиында басқа да басқарма басшылары тоқсандық көрсеткіштері туралы мәліметтер берді. Асқар Исабекұлы селектрлік режімде қатысып отырған аудан басшыларына сауал қойып, жоспарлы нәтижеге қол жеткізе алмауларының себептерін сұрады. Нақты түйткілді ашып көрсете алмаған олардың сөзі жауаптан гөрі сылтауға жақын болды.
– Негізгі жұмыс жүйесі атқарылған шаруалардан гөрі кемшіліктер мен мәселелерге негізделуі керек. Сондықтан олардың нақты себебі мен шешу жолдарына көңіл бөлейік. Ең бірінші назарға алатынымыз мемлекеттік бағдарламалар мен облыстық индикаторлардың орындалуы болуы тиіс. Барлық аудандардағы индикаторлық көрсеткіштер бойынша кесте құрып, жұмысы төмен аудандардың тізімі жасалуы қажет. Сол бойынша бағалау жасап, жұмыс жүргізгеніміз абзал, – деді облыс әкімі Асқар Мырзахметов жиынды қорытындылап.

Жанғазы Ахмет

Суретті түсірген
Алтынбек Қартабай.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support