- Advertisement -

«Көктемі кеш келгенмен Астананың, туған күні ертерек келеді екен»

134

- Advertisement -

(Нұрлыбек Құрмановқа жауап)

Елордамыз Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында облыстық «Aq jol» газеті мен облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бірлесе қолға алған «Арқа төсіндегі арман қала» атты газет-айтыс жалғасын табуда.
Газетіміздің 19 сәуір күнгі санында кезек соңғы жұпқа тиіп, Жамбыл ауданының үкілеген үміті Нұрлыбек Құрманов алғаш сөз алып, Астананы тебірене жырлаған болатын. «Aq jol»-дың бүгінгі санында оның қарсыласы, жуалылық жас пері Қанат Мырзахан елорда туралы толғанып көрмек. Көптеген үлкен айтыстарда жүлдегерлердің қатарынан көрініп жүрген Нұрлыбек пен Қанат әдемі сөз сайысын ұсынып, оқырмандардың жүрегінен орын табатынына сенім мол. Ендеше, ақындарымызға сәттілік серік болсын!

Аузымыз ажырамай балқаймақтан,
Бір елі босамасын маңдай бақтан.
Астананың жиырма жылдығында,
Төгілсін тәтті өлеңім таңдай жақтан.
Көнеден тәлім алған қазағымның,
Тарихы тамыр тартар шалғай жақтан.
Ғұнның ғұрпы, сақтардың салтыменен,
Тау тұлғалар тараған таулы аймақтан.
Мөде хан қытайлардан салық жинап,
Аттила айбынымен жау жайратқан.
Тоныкөк тасқа қашап шежіресін,
Қазығын қағанаттың талмай қаққан.
Білге елін, Күлтегін қолын бастап
Қастарының бастарын баудай қаққан.
Керей менен Жәнібек хандық құрып,
Түнекке сәуле құйып, шамдай жаққан.
Бабасының барлығы батыр болған,
Бағымыз мына біздің қандай батпан?!
Ассалаумағалейкум, Қазақ елі,
Тарихын тастан оқып, таңдай қаққан.
Қара тасқа жазылған шежіресін
Ақ параққа сыйдыра алмай жатқан.

Дейсің бе, Астананы өлең етем,
Мен де енді жырдан маржан тере кетем.
Еңселі елорданың жиырма жылын,
Тойлап жатыр Тараздай көне мекен.
Он төрт облыс жарыса жар салуда,
Болсын деп терезе тең, кереге кең.
Хат айтыстан бастады біздің «Aq jol»,
Көңілі бас қалаға ерек екен.
Алтыншы шілде сайын тойлаушы едік,
Биылғы қарқынымыз бөлек екен.
Жыл басынан бастаған туған күнді,
Астана, сен не деген керемет ең?!
Көктемі кеш келгенмен Астананың,
Туған күні ертерек келеді екен.
Жерұйық Жамбыл жері – тамаша аумақ,
Өскенбіз шалғынында балаша аунап.
Ең алғаш хандық құрған құт мекеннің,
Қалайша абыройы аласармақ?!
Астана сүт кенжесі болғанменен,
Таразым абыз кеуде, қара шал нақ.
«Астанаға көшейік, бақ табайық»
деп Нұрлыбек жаныма жара салмақ.
Таразда сендер бар деп сеніп жүрсек,
Бұлар да бас қалаға бара салмақ.
Қазаққа қара шаңырақ Жамбыл жері,
Сен соны ұмытпашы, бала саңлақ!
Бүкіл ел Астанаға қаңғып кетсе,
Қаңырап қалмайды ма қара шаңырақ.

Бұл айтыс біздер үшін майдан анық,
Батырдай қол бастайық байрақ алып.
«Aq jol»-ға рахмет, айтыс жасап,
Танытты кемеңгерге сай даналық.
Облыстың басқа түгіл, басшылары,
«Aq jol»-ды оқитыны айдан анық.
Нұрлыбек көбік сөзді көпірмейік,
Тост айтқан адам құсап тойға барып.
Шөпті де, шөңгені де өлең қылып,
Қайтесің майшабақтай майдаланып.
Аулыңның айта отыр мұң-мұқтажын,
«Aq jol»-дағы айтысты пайдаланып.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support