- Advertisement -

Білім Сапасын көтеруді көздеген «A-Status»

125

- Advertisement -

Бүгінде бәсекеге қабілеттілік білім сапасымен өлшенетіні белгілі. Заман көшімен нақтыланған осы талап білім беру үрдісін әрі қарай дамытуға серпін береді. Бұл өз кезегінде мектептер мен балабақшаларды материалдық-техникалық жабдықтауға, ең бастысы мекемелерді басқару ісін жетілдіруге, кадр іріктеуге жаңаша қарауға міндеттейтіні анық. Осы тұрғыдан алғанда, Тараз қаласында ашылған жекеменшік «A-Status» кешені барлық өлшемге сай деп айтуға әбден болады. Жаңа ғимаратта өткен Ашық есік күні салтанатына арнайы қатысқан облыс әкімі Асқар Мырзахметов осыны ерекше атап өтті.

– Бүгінгі шараның мәні зор. Өйткені мектепке дейінгі ұйымдар мен жалпы білім беретін мекемелерде ел болашағы өскелең жас ұрпақ тәрбиеленеді. Барша қазақстандықтарға айқын жай – тәуелсіздік алған жылдардан бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім саласын дамытуға айрықша назар аударып келеді. Бұны біз осы өңірдің жарқын мысалынан-ақ анық көре аламыз. Білім саласын қаржыландыруға бөлінетін қаражат жылдан-жылға артуда. Соңғы жылдарда елді мекендерде көптеген жаңа мектеп, балабақша бой көтергеніне куә болып жүрміз. Жалпы, қоғам жаңғырған сайын талап та күшейетіні сөзсіз. Қазір демографиялық ахуал жақсарып, білім мекемелеріне деген сұраныс артуда. Соған сәйкес барлық мәселені мемлекеттің есебінен шешуге ұмтылмай, бұл іске кәсіпкерлерді де тартуға тиіспіз. Осы мақсатта мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті арттыруға баса көңіл бөлініп, әр ауданда, шағын қалаларда жекеменшік балабақшалар ашылуда. Айталық, 2010 жылы аймақта небәрі 4 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым болса, қазір олардың саны 100-ден асып отыр. Биылдың өзінде осындай 48 мекеме ашу жоспарда бар. Міне, осы пайдалануға берілетін нысандар «A-Status» кешенінің жобасын үлгі ретінде қолданса, – деді Асқар Исабекұлы.
Облыс әкімі көтерген мәселе – өңір кәсіпкерлеріне ой салатындай ұсыныс. Бір айта кететіні, құрылтайшы «Рысбаева және К» ЖШС директоры Сәуле Рысбаеваның бастамасымен бастапқыда балабақша және мектепалды даярлық сыныбы және бірқатар базалық пәндер, өнер үйірмелері бойынша қосымша білім беруді қолға алған «A-Status» орталығы екі қабатты жаңа ғимаратқа қоныстанғалы кешенді жұмыс жүргізе бастаған. Қазір мұнда 1-6 сынып аралығында 240-тан астам бала білім алуда. Жаңа кешенде интерактивті тақта, компьютерлермен жабдықталған робототехника негіздерін үйрететін сынып, шахмат, бірнеше өнер үйірмесі ашылған. Мәжіліс, спорт залдары бар. Балғындар бұл жерде таэквондомен шұғылдана алады. Ашық есік күнінде кешенді аралап көрген облыс әкімі Асқар Мырзахметов оқушылардың сабақтан тыс кезде бос уақыттарын қалай тиімді өткізе алатынына назар аударды.
– Мұнда балғындар үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Білім және тәрбие беру үдерісі үзіліссіз, ертеңгі сағат 8.30-дан бастап кешкі 18.00-ге дейін жалғасады. Балабақша бүлдіршіндері – 5, мектеп оқушылары 4 мезгіл тамақтандырылады. Оқушыларға қосымша үйірмелерге қатысуға мүмкіндік мол. Бәрі бір ғана кешеннің ішінде. Біздің мақсатымыз – балғындар кішкентай кезінен бір ортаға үйреніп, үш тілде білім алып, 6-сыныпты бітіргенде облыстағы үздік білім ошақтары Назарбаев зияткерлік мектебіне, «Білім-Инновация» мектеп-интернаттарына түсуге дайындау, – дейді кешеннің директоры Гүлзия Зәуірбекова.
Бизнес өкілдерінің әлеуметтік жауапкершілігі дегенде, «A-Status» кешенін ашқан кәсіпкер Сәуле Рысбаеваның игі бастамасын көрсетуге болады. Жекеменшік білім беру кешенін ашқан іскер кәсіпкер балғындардың сапалы білім алуына жағдай жасап қана қоймай, 70-тен астам жаңа жұмыс орнын ашып отыр.

Тараз қаласы.

Суретті түсірген
Ақәділ РЫСМАХАН.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support