- Advertisement -

Жамбыл өңірінің кәсіпкер қариялары

190

- Advertisement -

немесе бизнес жас талғамайды

Кеңестік кезеңде қол еңбегі ерекше бағаланғанын ешкім ұмыта қойған жоқ. «Қара жұмысқа» жегілгендердің қоғамда ойып алар орны да болды. Олар егіс алқаптарында таңның атысы, күннің батысы бел шешпей еңбек етті. Ол кезде қазіргідей егінді өзі жинап, буып-түйіп беретін техникалар тапшы-тұғын…

Ал қазір жаһандану заманы. «Ақылды технологиялар» мыңдаған адам күшін алмастырумен келеді. Дей тұрғанмен техникаға иек артқан заманда демалып жүріп жұмыс істеуге, жұмыс істеп жүріп демалуға мүмкіндік бар. Осы ретте, өз ісін ұршықша иіруімен өскелең ұрпаққа үлгі болып жүрген ардагер-бизнесмендер қатары өсуде. Олардың зейнет демалысына шықтым деп, қол қусырып қарап отырмай, кәсіпкерліктің сан түрімен айналысуға тәуекел етуі қуантады. Аға ұрпақ өкілдерінің бойында еңбек ету машығы да, тәжірибе де жеткілікті. Қазіргі таңда 60 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік нысаны тіркелген болса, олардың иелерінің кемінде 10 пайызы – зейнеткер кәсіпкерлер. Мәселен, Жамбыл ауданындағы 4684 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің оннан бір бөлігінің жұмысын кәсіпкер қариялар дөңгелетуде. Олардың 247-сі егін шаруашылығымен, 21-і мал өсірумен, басқа да кәсіп түрлерімен айналысуды таңдаған. Әрі аумақтағы 1650 адамды жұмыспен қамтып отыр. Аудандағы кәсіпкер қариялар өз шаруашылықтарының техникалық әлеуетін арттыру үшін түрлі несиелік ұйымдар тарапынан көрсетілетін қаржылай қолдауды да тиімді пайдалану үстінде.
Мысалы, «Берікқожа» шаруа қожалығының жетекшісі Ә.Дайырханов соңғы жылдары лизинг арқылы екінші деңгейлі банктен 12 миллион 700 мың теңге мөлшерінде несие алып, иелігіндегі техника санын 13 бірлікке жеткізген. Ардагерлердің, міне, осылай кәсіпкерлікке ден қойып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өрлеу үдерісіне іскерлік тұрғыдан үлес қосуы облыстың өзге аудандары мен Тараз қаласы үшін де ортақ құбылысқа айналып отыр.
Ал Жуалы ауданы бойынша 274 кәсіпкер қарияның 200-і егін және мал шаруашылығымен, 37-сі сауда-саттықпен, 33-і көкөніс, бақша дақылдарын өсірумен айналысады. Ауданда негізінен сүт бағытындағы кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік бар. Ардагер қариялар үйінде отырып-ақ кәсібін дөңгелетіп, отбасылық бюджетті еселеумен келеді.
Меркі ауданында тұратын зейнеткер Совет Қалманбетов – интенсивті бақты күтіп-баптауға маманданған өңіріміздегі бірегей агроқұрылым иесі. «Жылы бұлақ-Меркі» ЖШС-ның төрағасы, еңбек ардагері Аманжол Акетаев та 120-дан астам адамнан құралған ұжымды басқарады. Шаруашылық иелігінде бүгінде 18 мыңнан астам қой, 400 жылқы, 30 түйе бар әрі егін шаруашылығы да дұрыс жолға қойылған. Оған агроқұрылымның өткен жылды 50 миллион теңге таза пайдамен қорытындылағанын қосыңыз. Сондай-ақ осы ауданда зейнеткерлер Қайнаркүл Тотықұлова «Ринат», Арыстан Мамытов «Дәу өткел», Жұман Лебетов «Кеңес» шаруа қожалықтарын басқарып, ауылдағы кәсіпкерліктің дамуына өз үлестерін қосуда.
Тараз қаласындағы сүт өнімдерін өңдеу және өткерумен айналысатын «Галеника» ЖШС төрайымы, белгілі кәсіпкер Қатира Аққұлиеваның, облыста құрылыс ісінің кең өріс алуына ұйытқы болып жүрген «Бином» ЖШС-ның бас директоры Серік Олжабаевтың, облыс орталығы тұрғындарын жаңа технология негізінде өңделген қымызбен қамтамасыз етіп отырған Дүйсенбек Ыбыналиевтың, Мойынқұм өңірінің жұртшылығына үлгі «Мерей» шаруа қожалығының иесі Несіпбай Еселбаевтың, басқа да жүздеген ардагер-кәсіпкердің игілікті істері ерекше атап өтуге лайықты.
Уақыт талабына байланысты жұртшылық тарапынан туындаған заманауи сұраныстарға орай, облыс аумағында кейінгі жылдары ардагерлер арасында кәсіпкерліктің әлеуметтік және құқықтық мәні бар жаңа түрлерімен айналысушылардың әлеуетті тобы қалыптасып, жұмыстарын өрістетуде. Бұл ретте, жүрек-қан тамырлары ауруларымен сырқаттанған жандардың дертіне дауа тауып, алғысына бөленіп жүрген белгілі кардиохирург, кардиолог дәрігерлер Сейітхан Жошыбаевтың, Анархан Әзімхановтың, Юрий Владимировичтің, мейрамхана бизнесін дамытып, өркендетіп жатқан Марите Абилпаттаның, би өнерінің небір саңлақтарын баулып, шеберлігін шыңдаған хореография ісінің хас маманы Светлана Төребекованың, әділет іздеген талай адамның құқын сот үдерістерінде қорғап, өздерін білікті заңгер ретінде танытқан зейнеткер адвокаттар – құландық Тоқтаған Ахметовтің, тараздық Асқар Қуандықовтың есімдері де елге танымал.
Ардагер-кәсіпкерлердің арасында ұлтымызға тән құсбегілік, атбегілік өнерін, ұлттық рухани құндылықтарымызды ұлықтап, кәсіпкерлік деңгейіне дейін көтерген қарияларымыз да аз емес. Солардың қатарында қыран құстардың бабын келтіріп, саятшылық өнерінің қайта жандануына бастамашылық танытқандардың бірі мойынқұмдық Жапар Сатылғановтың, Жамбыл ауданындағы Өрнек ауылының тумасы Бауыржан Ешметовтің, асыл тұқымды жылқы шаруашылығымен айналысып, небір аламан бәйгелерде баптап қосқан сәйгүліктері топ жарып, олжа салған атбегі-кәсіпкерлер көкдөнендік (Т.Рысқұлов ауданы) Әлімхан Мақұлбековтің, ерназарлық (Жамбыл ауданы) Әзімхан Жарылқаповтың, қордайлық Бақыт Байтөленің, Ердос Айтбаевтың, Батырхан Рысбековтің есімдерін де атап өту ләзім.
Сондай-ақ ұлттық сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары шебері Қырғызбай Қаңтарбаевтың ізін қуған қолөнершілер Жанат Керімбаев, Есен Есетов, Алмагүл Сапақова, Ақерке Қосаметова сонау сақ, ғұн, үйсін мәдениетінен бастау алатын әдіс-тәсілдердің негізінде күмісті, былғарыны, киізді пайдаланып, ұлттық сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын жасау шеберліктерін паш етуде. Ал өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі, кәсіпкер Туғанай Жолақова ұлттық киімдер мен киіз үй және ұлттық орнаменттермен айшықталған киіз үй жабдықтарын шығаруды жолға қойған.
Кезінде облысымыздағы өнеркәсіп орындарында, ауыл шаруашылығы құрылымдарында, білім ордаларында басшылық қызметте болып, зейнет демалысына шыққан еңбек ардагерлерінің бірқатары бүгінде еліміздің экономикасын әлеуеттендіретін, әлеуметтік мәселелердің шешімін табуға ықпал ететін индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясындағы ірі жобаларға қатысып, нәтижеге жетуде. Солардың санатында Еркебұлан Мырзағалиев «ЕуроХим-Удобрения» ЖШС «Минералдық тыңайтқыштарды өндіру химия зауытының құрылысы» жобасының жүзеге асырылуына басшылық етуде. Ал «Луговой жылқы зауыты» ЖШС төрағасы Халит Базаралиев болса екі бірдей инвестициялық жобаны іске қосып отыр. Сол сияқты, өңірлік кеңестің мүшесі Бақтияр Алдашов «ТаласИнвестКомпани» ЖШС-ын басқарып, өткен жылы еңбек демалысына шықты.
Айта берсек, ардагерлеріміздің араласуымен қолға алынған және тиісті нәтиже берген мұндай кесек тірліктер облыс аумағында баршылық екеніне көз жеткізуге болады. Облыстағы кәсіпкерліктің дамуына анағұрлым белсене атсалысып, істің көзін таба білетіндігін танытқан және іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілет-қарымымен айрықшаланған бір топ ардагер-кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын іске асыру барысында да нәтижелі жұмыстарымен назарға ілігуде. Әрі оларға мемлекет тарапынан да жеткілікті мөлшерде тиісті қаржылай қолдау көрсетілуде. Мысалы, «Пайыздық ставканы субсидиялау» тетігі бойынша Бақтияр Алдашов басқарған «ТаласИнвестКомпани» ЖШС-на 4,5 миллиард теңге, Марите Абилпатта басқаратын «Жамбыл қонақ үйі» ЖШС-на 42,7 миллион, Владимир Лесняктің иелігіндегі «Лесняк» жеке кәсіпкерлігіне 42 миллион теңге қаржы берілген. Сонымен бірге Айтуған Рыспановтың «Айтуған» шаруа қожалығына 36,5 миллион, Әбдіқаппар Туғанбаевтың «Жандос» шаруа қожалығына 28,7 миллион, Совет Қалмамбетовтің «Совет» шаруа қожалығына 25,4 миллион теңге мөлшерінде қажетті инфрақұрылым тартылыпты. Бұл – облыс экономикасының өркендеуіне, әлеуметтік проблемалардың шешімін табуына еңбегіммен үлес қоссам деген әр кәсіпкерге жасына қарамай мемлекет тұрғысынан тиісті қаржылай қолдау жасалатындығын айғақтайтын фактілер.
Кәсіпкер қарияларымыз сондай-ақ палатаның сервистік қолдау, құқықтық қолдау және бизнес негіздеріне оқу курстарына да қатыса алады. Мәселен, 2017 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты «Бастау» жобасы арқылы өңірдің 6 ауданынан 1 125 адам оқып шықты, олардың қатарында 81 адам, яғни 5 әйел, 76 ер азамат – зейнет жасындағылар. Негізінен кәсіпкерлікке ынтасы бар 59 адам – жеке тұлға, 11-і – жеке кәсіпкер және шаруа қожалықтары атынан 11 адам жобаға қатысты. Биылғы жылы 16 сәуірде бағдарлама облыстың барлық аудандарында жаппай басталды. Осы жылы 2 347 қатысушыны оқытып, кемінде 469 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербектің айтуынша, бизнеспен айналысу үшін әйелдерге 58 жас, ерлерге 63 жас – нағыз қолайлы мерзім. Бұл адамдардың бейнетін көретін зейнет жасына жетіп, нағыз күш-қуатқа толы шағы екен. «Зейнет жасындағы адамдарды меншікті бизнес құруға тарту әлемдік тәжірибеде бар. Егер адамда әлеуетті идеялары мен жобалары болса, онда бұл азаматтармен ортақтаса жұмыс істеу қажет», – дейді ол.
2017 жылы сервистік қолдау шеңберінде 3 392 шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына 4 730 қызмет көрсетілді. Олардың ішінде 638 қызмет зейнет жасындағы кәсіпкерлерге тиесілі екен. Ал басшысы зейнет жасындағы азамат болып танылған нысандар қатарында 335 шаруа қожалығы, 271 жеке кәсіпкерлік, 24 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 6 әлеуметтік кәсіпкерлік компания бар.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support