- Advertisement -

«Оргстройдың» ғажап граниті

154

- Advertisement -

Еліміздің және өзге де мемлекеттердің құрылыс саласына серпін беруде

Өңіріміздің жартысына жуық аумағын алып жатқан Мойынқұм ауданы бүгінде аграрлы аймақтан өндірісті өңірге айналу үстінде. Аудан аумағынан Менделеев кестесіндегі химиялық элементтердің біразын кезіктіруге болады. Әсіресе гранит қоры мол. Бүгінгі күні оны өндіру, өңдеу ісі «Оргстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты табиғи гранитті қайта өңдеу зауытының ашылуымен жетілдіріле түскен.

Еліміз өңірлерінен құрылысына Мойынқұмның граниті пайдаланылған ғимараттарды көптеп кездестіруге болады. Тіпті, шетелдік туристерді таңдай қақтырған «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі сәні мен салтанаты келіскен зәулім ғимараттардың ажарын ашуда, бірқатар ТМД елдерінде де құрылыс нысандарын әрлеуде «Оргстройдың» граниті кеңінен қолданылып отырғанын атап өту ләзім.
Аталмыш өндіріс орны шикізатты Желтау, Майкөл және Жалғыз сынды кен орындарынан алады. Барлау жұмыстары барысында олардағы шикізат қорының алдағы онжылдыққа жететіні анықталған. Ал былтырға дейін гранит шағын ғана цехта өндіріліп келсе, енді бұл іс Мирный ауылы жанынан ашылған жаңа зауытта жүзеге асырылуда. Кәсіпорын озық технологиялық құрылғылармен жарақтандырылған. «Оргстрой» табиғи гранитті өңдеу ісінде жаңа технология енгізудің алғашқы кезеңін табысты аяқтап та шықты.
– Cеріктестігіміз 1993 жылдан бері жұмыс істейді. Соңғы жылдары кәсіпорынды жаңғырту жұмыстарына 1 миллиард 700 миллион теңге инвестиция тартылды. Биыл гранит кесуге арналған екі бірдей жаңа цехты іске қостық. Алғашында шикізатты алуда жару әдісі қолданылып келген еді. Оның салдарынан жердің гранитті қабатына орасан зор нұқсан келетін. Тіпті шикізаттың 30-40 пайызы пайдалануға жарамай да қалатын. Ал қазіргі қолданыстағы технология өте тиімді, әрі мұндай шығынға жол бермейді, – дейді «Qazaq granit» компаниясының директоры Серік Әділбеков.
Цехтарға гранит өңдеудің жаңа технологиясын енгізу арқылы кәсіпорынның еңбек өнімділігі 5 есеге артқан. Нақтырақ айтқанда, күніне 200 текше метр гранитті тақта мен төсемдердің барлық түрлерін әзірлеуге қауқарлы. Нәтижесінде, кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 800 мың текше метр гранитті тақта мен төсемдер және 200 мың метр әртүрлі санаттағы бордюр шығаруды құрайды. Сондай-ақ мұндағы шикізаттан дайын өнім алу үрдісі бірнеше сатыдан тұрады. Арнайы кен орындарынан алынатын шикізаттар арнайы станоктарда қажетінше кесіліп дайындалады. Құрылысқа пайдаланылатын плитаның стандартты көлемі көбінде 60 шаршы сантиметрді құрайды. Дей тұрғанмен кейбір тұтынушылар еңбек өнімділігін арттыру үшін ұзындығы 2-3 метрді құрайтын тақталарға да тапсырыс беруді жөн санайды.
Өндіріс ошағындағылардың айтуынша, гранитті өңдеу жұмыстарына өте көп мөлшерде су жұмсалатын көрінеді. Алғашында шөлді аймақта орналасқан кәсіпорын гранитті блокты кесетін станоктарды суытуға қажетті судың тапшылығын сезінген. Расымен де жерасты суы тым тереңде орналасқан Мойынқұмда бұл мәселе өзінің өзектілігін әлі де жоя қойған жоқ. Десе де жуырда «Оргстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұл түйткілдің түйінін тарқатқандай болды. 150 метр тереңдіктен табылған суды өндірісте пайдалану үшін итальяндықтардың тәжірибесі қолданылыпты. Оның тиімділігі – өндірістік мақсатта жұмсалған судың 98 пайызын қайта қолданысқа жаратуға мүмкіндік беруінде болып отыр.
– Дей тұрғанмен өндіріс орнында шешімін күткен бірқатар мәселелер бар. Ондағы цехтарға шикізатты арнайы кен орындарынан жеткізетініміз белгілі. Міне, осы орайда өндіріс ошағынан 120 шақырым жерде орналасқан кен орнына баратын жолдың сапасы сын көтермейді. Оған қоса, жұмысшыларға қажетті ауызсу мәселесі де өзекті болып тұр. Қазіргі кезде ауызсуды Шу ауданынан темір жол арқылы алудамыз, – дейді Серік Жанболатұлы.
Дайын өнімдерін республиканың барлық өңірі мен көршілес мемлекеттерге жөнелтетін серіктестік әзірге Шолпан темір жол бекетінің мүмкіндіктерін кәдеге жаратуда. Бүгінде өнімнің 60 пайызын алыс-жақын шетелдерге шығарып отырған кәсіпорын өзінің көліктік-логистикалық кешенін жетілдіруге күш салуда. Сондай-ақ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне сай «Оргстрой» жақын маңдағы Мирный ауылына көмек көрсетуге мүдделі. Қазірдің өзінде аталған өндіріс орнында жұмыспен істейтін 200-ге жуық жұмысшының басым бөлігі осы ауылдың тұрғындары екен.

Ерғали Қартайған
Мойынқұм ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support