- Advertisement -

Ажары таймаған, базары тарқамаған…

157

- Advertisement -

Осыдан жарты ғасырдай уақыт бұрын кеншілер қаласының іргесінен «Жаңатас» совхозы ұйымдастырылды. Жаңадан ұйымдасқан шаруашылыққа Жаңаарық, Ақтоғай ауылдары мен Тоғызкент өңіріндегі Шағалалы елді мекені қарады. Қаладан 6-7 километр жердегі Жаңаарық аталатын ауыл совхоз орталығы болатын.

Заман талабы, қоғамдағы өзгерістерге орай мемлекеттік шаруашылықтар тарағанымен, округтер құрыла бастады. Кешегі совхоздан қалған мекендер Жаңаарық ауылдық округіне қарады. Қанша дегенмен совхозда күш мықты болатын. Қай ауылдың болмасын еңсесін түсіріп, базарын тарқатқан жоқ. Адам күші игере алмай жатқан жерге техникасын қаптатып жіберетін. Қаладағы іргелі кәсіпорын «Қаратау» өндірістік бірлестігі де өздерін етпен қамтамасыз етіп отырған шаруашылыққа көмек қолын аз созбайтын.
Бертін келе ауылға Сарысу және Свердлов аудандарының бірінші хатшысы болып, жемісті қызмет атқарған Ұлы Отан соғысының ардагері Ұзақбай Сыздықбайұлының есімі берілді. Ұзекең Жаңатастың іргесінен, Қаратаудың қойнауынан совхоз аштыруға көп еңбек сіңірді. Ауылға осы атпал азаматтың есімін беру туралы ұсыныс түскенде ел-жұрт қос қолдарын көтеріп қолдады.
Тараз–Жаңатас бағытындағы жол Сарысу ауданының шекарасына енгеннен тақтайдай тегіс жолмен зулап отырып, Илья Жақановтай тамаша композиторды берген Ақтоғай ауылын кесіп өтеді. Бұл – қашаннан атына заты сай, ажары таймаған көркі мен келбетін сақтаған, жасыл желекке тұнып тұрған ауыл. Кешегі совхоз кезінде басшылық қызметтер атқарған Қайшыбек Мәдібеков ауданда алғашқылардың бірі болып, шаруа қожалығын ұйымдастырды. Жеке шаруашылық құрылымын ауыл атымен «Ақтоғай» деп атады. Одан кейін де жер жыртып, егін егетін талай жеке шаруашылықтар құрылды.
Одан әрі сәл жүрген соң, Жаңатастағы алып өндіріс ошақтары көзге түседі. Алайда жол бойында ауылдық округтің орталығы Ұ.Сыздықбайұлы ауылы бар. Осы мекен талай жылдан бері бау-бақшаларын суара алмай келді. Дегенмен аудан әкімі Балабек Нарбаев ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажына сергектікпен қарап, 14 миллион теңгеге тоған салуға ықпал етіпті. Су дегеннен шығады, екі ауыл да сапалы ауызсумен қамтамасыз етілген. Ұ.Сыздықбайұлы ауылындағы Ж.Момынов пен Р.Қабылұлы көшелеріне жаяу жүргіншілерге арналып 2371,0 мың теңгеге тас жабыны төселсе, «Өңірлерді дамыту–2020» бағдарламасы аясында 650 мың теңгеге балалар ойын алаңы салыныпты.
Ауылдық округ әкімі Оңласын Мұқашев – осы ауылдың төл перзенті. Туған жерге ту тігіп жүрген азаматтың бірі. Қайтсем ауылдарды көркейтем деп тыным таппай жүргені. Кезінде шаруашылық басқарды, Жаңатастағы өндірісте, қалалық әкімдікте еңбек етті. Тәжірибесі мол. Содан да шығар, ауылдағы бар тірлікті дөңгелетіп отыр.
Қолында күші, қалтасында қаржысы бар осы аймақтың түлектерін қайырымдылық шараларына жұмылдырып отырады. Жаңатас қаласындағы жеке кәсіпкер Базаркүл Тұңғышбаева Сарысу орта мектебінің математика кабинетін жабдықтауға 250 мың теңге көмек көрсетсе, «Керімбай» шаруа қожалығының төрағасы Ният Керімбаев аз қамтамасыз етілген отбасыларға мал азығынан көмек қолын созыпты. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді орындауға ниет еткен мұндай азаматтар қатары күннен-күнге артып жатса керек.
Ауыл әкімінің сөзіне қарағанда, биыл да ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Мәселен Ұ.Сыздықбайұлы ауылындағы Е.Баймаханов көшесі орта жөндеуден өтіп, құрылысы жүріп жатқан демалыс орталығын пайдалануға беру, Ақтоғай ауылындағы саябаққа «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында тал көшеттерін отырғызып, одан әрі үлкейту, жобалық-сметалық құжаттары өткізілген Шоқай датқа көшесінің тау бөктеріндегі автокөлік жолын салу тағы басқа да толып жатқан тірлік бар екен. Ал мемлекеттік бағдарламалар арқылы ауыл шаруашылық саласына көрсетілетін көмек пен қолдау туралы ауыл әкімдігі тарапынан шаруалар арасында түсінік жұмыстары кеңінен жүргізілетін көрінеді. Соның нәтижесінде жеке шаруашылық құрылымдары бағдарламалар арқылы жағдайларын одан сайын жақсарта түсуде.

Амангелді ӘБІЛ
Сарысу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support