- Advertisement -

Кемел білімге жол ашқан жаңа оқулықтар

251

- Advertisement -

Студенттерге әлем ғалымдарының қазақ тіліне аударылған еңбектері таныстырылды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлем ғалымдары жазған ең үздік 100 кітапты қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау қажеттігін айтқан болатын. Осыған байланысты Ұлттық аударма бюросы құрылып, жоғары оқу орындарына арналған гуманитарлық бағыттағы жаңа оқулықтар аударыла бастады. Жуырда Астана қаласында өткен жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «100 жаңа оқулық» бағдарламасы аясында қазақ тіліне аударылған алғашқы 18 кітаптың таныстырылымы өткен еді.
Жастардың қазақ тілінде білім алуына мол мүмкіндік ашып отырған аталмыш еңбектерді өңірлердегі оқу орындарының студенттеріне таныстыру мақсатында кеше ел көлемінде «National bookdating» акциясы ұйымдастырылды. Шара аясындағы жиындардың бірі Тараз қаласындағы «Тараз Парасат» колледжінде өтті. Облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесі мұрындық болған жиынға жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері мен оқытушылары қатысты. Оқулықтарды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-зерттеу тобы төрағасының орынбасары Парида Мамедова таныстырды.
Парида Иманжанқызының айтуынша, Елбасының тапсырмасы бойынша 100 оқулық тізімін жасақтау кезінде 800-ге тарта кітап сарапталып, талданған екен. Солардың ішінен іріктеліп, таңдалып алынған 100 туынды аудармаға жіберілген. Осы орасан зор еңбектің алғашқы нәтижесі ретінде бүгінде тарих, саясаттану, әлеуметтану, психология, философия, дінтану және журналистика бойынша 18 кітап пен оқу құралы жарыққа шыққан. Атап айтқанда Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы: Сократтан Дерридаға дейін», Энтони Джон мен Патрик Кеннидің «Батыс философиясының жаңа тарихы, Антика философиясы» (4 томдық, І том) жəне «Батыс философиясының жаңа тарихы, Орта ғасыр» (4 томдық, ІІ том), Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы», Дэвид Бринкерхофтың «Əлеуметтану негіздері», Джорди Ритцердің «Əлеуметтану теориясы», Элиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз: əлеуметтік психологияға кіріспе», Дуэйн П.Шульц пен Сидней Еллен Шульцтің «Қазіргі психология тарихы», Дэвид Майерстің «Əлеуметтік психология», Грегори Мэнкью мен Марк П.Тейлордың «Экономикс», Дональд Ф.Куратконың «Кəсіпкерлік: теория, процесс, практика», Рикки В.Гриффиннің «Менеджмент», Карен Армстронгтің «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны», Виктория Фромкин, Роберт Родман, Нина Хаймстің «Тіл біліміне кіріспе», Светлана Тер-Минасованың «Тіл жəне мəдениетаралық коммуникация», Алан Барнардтың «Антропология тарихы мен теориясы», Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революция» деген оқулықтары қазақ тіліне аударылған.
– «National bookdating» акциясы бір уақытта еліміздің барлық аймақтарында өтіп отыр. Мұндағы мақсат – жастарға мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен қамқорлықты көрсету, таныстыру. Қазіргі уақытта аударылып болған әрбір оқулық 10 мың данамен басылып, алдағы бір айдың ішінде жоғары оқу орындары мен кітапxаналарына таратылады. Биылдан бастап оқу бағдарламасына да енгізіледі. Сондай-ақ барлық оқулықтардың электронды нұсқалары және соның негізінде әзірленген бейнедәрістер топтамасы 100kitap.kz сайты арқылы таратылатын болады, – деді П.Мамедова.
Ғылыми-зерттеу тобы төрағасының орынбасары студент жастарға қазақ тіліне тұпнұсқадан аударылған еңбектердің арасында, тіпті орыс тіліне аударылмағандары барын айтып, қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, аталған кітаптарды оқып шығуға кеңес берді. Жиын барысында студенттер аударылған және аударылып жатқан оқулықтарға қатысты сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

Мұратхан ӘЛІМХАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support