- Advertisement -

Жайылма – таланттар мекені

333

- Advertisement -

Сарысу ауданында Жайылма атты ауыл бар. Бұл атаудың қалай, қашан шыққанын біле бермейміз. Білетініміз – кешегі Кеңес заманында іргелі ауыл Жайылма және Калинин атындағы совхоздардың орталығы болғаны. Екі шаруашылықтың арасын кішкентай ғана көпір бөліп тұратын. Бірыңғай мал шаруашылығымен айналысатын совхоздар аудан бойынша алдыңғы қатарда болды. Атағы жер жарған небір еңбек майталмандары шықты.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары құрылымдық өзгерістерге байланысты екі шаруашылыққа қарап келген ауылдар Жайылма ауылдық округі болып ашылды. Ауыл туралы әңгіме бола қалса, елдің аузына бірінші алаштың Асанәлісі атанған Әшімов түседі. Одан әрі даңқты әнші Амангелді Сембин, сыршыл ақын-сазгер Тынышбай Рахым, көрнекті жазушы Пернебай Дүйсенбин, жазушы-журналистер Қали Сәрсенбай мен Болатбек Төлепберген, дәстүрлі айтулы әншілер Сәуле Жанпейісова мен Ардақ Исатаева болып таланттар тізімі жалғасып кете береді. Бір ғана ауылдан осынша таланттың шығуына талай жұрт тамсанып, таңдай қағумен келеді.
Жайылма – Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданының аумағымен шектесіп жатқан кәдімгі қазақтың қарапайым ауылы. Бұл мекеннің табиғаты тамылжып тұрған жоқ. Жатаң жерде орналасқан. «Бүркітті», «Ынталы» су қоймалары арқылы келетін судан бұйырғанын алып, төрт түлік мал өсірумен қоса, жер жыртып, егін салуды да кәсіп етіп жатқан шаруақор ел тұрып жатыр мұнда. Төрт түлік деп қалдық. Тәуелсіздік жылдарында еркін еңбекке даңғыл жол ашылысымен түйе басын көбейтіп, сан ауруға шипа әрі тамақ әрі сусын шұбат өндіруді қолға алған жайылмалықтар өнімдерін аз уақытта брендке айнадырып үлгерді. Жайылманың шұбаты Тараздан асып, Алматы мен Астана қалаларына да жөнелтіліп жатыр.
– Округ бойынша 2560 мүйізді ірі қара, 27090 қой-ешкі, 625 жылқы және 695 бас түйе бар. Қарап отырсаңыз, үйірлі жылқыдан екі жылда бір боталайтын түйенің саны көп. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, сойсаң ет, саусаң шұбат беретін ойсыл қараның пайдасының шаш-етектен екенін жайылмалықтар бұрыннан біледі. Оның үстіне, шудасын иіріп, тоқымамен айналысып, шұлық, жемпір тоқып алып жатқандар да кездеседі. Былтыр 1654,4 тонна ет, 1508 тонна сүт өндірілді. Бұл – бүгінде тұрақты жұмыс істеп тұрған 62 шаруа қожалығының өндірген өнімі. «Досым», «Нұржігіт», «Сарысу», «Ел-Саят» және «Тоқмырза» шаруа қожалықтары мемлекеттік бағдарламаға қатысуда.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында жеке кәсіпкер Кемелбек Орданұлы 2 миллион 500000 теңге несие алып, кәсібін ашуда. Нағима Сақтағанова, Аманбай Қадров, Айбарша Мақашова бірігіп, «Айшуақ» ауыл шаруашылық кооперативін құрып, 5 миллион 290000 теңге несие алып, 7 бас жылқы, 130 бас қой алып, өсіруде. «Құлан» бағдарламасы бойынша «Досым» шаруа қожалығы Агрокредиттік корпорациясы арқылы алған 4 миллион 445000 теңге несиеге 17 бас жылқы, 2 бас асыл тұқымды айғыр сатып алды. Егін салып, бау-бақша өсіріп жатқан шаруаларымыз да аз емес, – дейді Жайылма ауылдық округінің әкімі Жанқозы Жаркенов.
Ауыл әкімі аймақтағы ауыл шаруашылығы туралы осылай деді. Ал енді жылдан-жылға өсіп-өркендеп жатқан ауылдың мәдениеті, спорты, басқа да салалары туралы өзіміз де аңғардық. Таланттар мекеніндегі өнер мектебі – бірнеше жылдан бері жас жеткіншектерді ән мен жырға баулып келе жатқан думанды қара шаңырақ. Ауданннан асып, облыста, тіпті республикада небір додаларда олжа салып жүрген – осы мектептің түлеп ұшқан түлектері мен қазіргі шәкірттері.
Ана жылдары Асанәлі Әшімов ауылдың қақ төрінен атасы Ысқақ пірадар атында мешіт ашып, имандылық ордасын ауылдастар игілігіне ұсынды. Бүгінде мешіт ауыл тұрғындарын имандылыққа, бірлікке, ынтымаққа ұйытып отыр. Асекең жыл сайын мамыр айында туған мекеніне атбасын бұрып, өмірден өткен ата-бабасына, әке-шешесіне, ет жақындарына құран түсіртіп, ас береді. Түрлі спорттық ойындардан, әртүрлі байқаулардан өткізілетін жарыстарға ұйытқы болады.
Осы ауылдың атымтай-жомарты атанған төл перзенті, Шымкент қаласында тұратын белгілі кәсіпкер Жеңіс Тоғызақбаев жерлестеріне спорт мектебінің ғимаратын салып берген. Онда жайылмалық жас өрендер спорттың бірнеше түрімен шұғылдануда. Күні ертең ауыл атын аспандатқан аға буын өкілдерінің өнердегі жарқын жолын спортшы жастар да шығарады.

Амангелді ӘБІЛ

Жайылма ауылы,
Сарысу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support