- Advertisement -

Қайраттың ескерткішіне теріс қарап өтемін

114

- Advertisement -

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің көне қаламыз Тараздың көркеюін қолға алғаны, өзім өнерге жақын адам болғандықтан, қатты ұнады. Соның ішінде көне шаһардың қақ ортасында орналасқан Қайрат Рысқұлбековке арналған ескерткішті ұнатпағаны әбден көңілімнен шықты. Себебі, оны жасаған мүсін­шілердің құлағына алтын сырға, мен алғашқы тұрған ескерткіштің қасынан өткенде оны көрмес үшін теріс қарап өтуші едім. Ал көріп қалсам, жүрегім ауыратын. Ескерткіштегі Қайрат мүсіні маған Халық Қаһарманы емес, бір күнін зорға көріп жүрген бейшара адам сынды көрінетін. Мұндай мүсінді жасайтын кезде заң бойынша бір адамның пікірі емес, байқау (конкурс) жарияланып, комиссия ең дұрысын таңдап, соны жүзеге асыру керек емес пе?
Енді облыс әкімі елі үшін жас ғұмырын құрбан еткен Халық Қаһарманы Қайраттың ескерткішін барынша жақсы шығуын қадағалайды деп сенемін.
Ел мақтан тұтатын ескерткіштің жобалық эскизі жоқ емес, бар. Оның авторы – «Қыз Жібек пен Төлеген» ескерткішімен дүйім жұртты елең еткізген суретші, мүсінші Айдархан Сихаев. Айтқаным құрғақ сөз болмасын деп, ескерткіштің жобасын назарларыңызға ұсынып отырмын (суретте).
Болашақ ескерткіш жастарды патриоттық тәрбиеге жетелейді деп сенемін. Ескерткіштің идеясы мен композициясы дәл: батыр қолы мен аяғын матап тұрған тұзақты үзіп, қолына алау алуы бізге тәуелсіздікке апаратын жолды көрсетіп тұрған сияқты. Ол алау кейін тәуелсіздігіміздің көк байрағына айналады. Ал тұғыр бетіндегі қол ұстасып, жауға, тоталитарлық құрсауға қарсы тұрған жастар тобының бейнесі жастарды бірлікке шақырып, «Қиыншылықтан тайсалмаңдар, сонда ғана егемендік туымыз құламайды» деп ұрандап тұр.
Сондықтан, менің ойымша, тәуелсіздігімізге арналған бұдан артық ескерткіш жоқ.

Тұралы МҮСІРЕПБЕКОВ,
бейнелеу өнерінің бакалавры, Мәскеудегі
«Искусство народов мира» галереясының лауреаты

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support