- Advertisement -

Көркем әдебиетті көп оқу керек

109

- Advertisement -

Облыстық «Aq jol» газетінің биылғы 9 қаңтар күнгі санында жарияланған журналист Баймаханбет Ахметтің «Кітап деген – бір мұхит…» атты мақаласы әрбір жанға ой салғаны сөзсіз. Үнпарақтың тұрақты оқырманы ретінде мен де осыған байланысты ойымды ортаға салуды жөн көрдім.

Журналистің мақаласын оқып, өткен өмірім, жастығым, кітапты іздеп оқитын кездерім еске түсті. «Үлкейгенде адам өткенімен өмір сүреді» деген рас екен-ау дедім іштей. Кітап – алдыңғы буынның кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Сондықтан да оны оқып, өмір қажетіне жарату – баршамыздың басты парызымыз. Осы орайда қазақтың көрнекті жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген сөзі тіл ұшына орала берді.
Рас, біз кітап оқып өстік. Қолға түскен барлық кітапты майшамның жарығымен-ақ жата-жастана парақтайтынбыз. Әсіресе М.Әуезовтің, С.Мұқановтың, М.Мақатаевтың, М.Шахановтың туындыларын іздеп жүріп оқитынбыз. Қазір де солай. Қай жерде, қай ақын-жазушының кітабы шықты дегенді естісек, құлағымыз елең ете қалады.
Соңғы кездері ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Қадыр Мырза-Әлінің өлең-жырларын оқып жүрмін. Ол – ана тіліміздегі асыл сөздерді орын-орнына дәл орнықтыра отырып, сұлу сезімін қоса, тәрбиесі мол жырларды дүниеге әкелген ақын. Үш томдығының ІІ томының 425-бетінде жарияланған мына бір жыр жолдары ерекше көңілімнен шықты.
Әділдік ауылында түстенгенмін,
Ақиқат азап шексе тістенгенмін.
Мен үшін ең ғажап күн өмірімде,
Біреуге бір жақсылық істеген күн.
Осынау бір ғана шумақтың өзінде қаншама мән-мағына бар десеңізші! Немесе:
Тағы кіріс ісіңе,
Теріңді бір құрғат та.
Жұмысжанды кісіңе
Жұқпайды ауру,
Сырқат та…
Немесе:
Арбау сөзге сене бермес бұл күнде,
Адалмын деп аярланар түлкің де!
Жұмыс десе жанын берген жігіттің,
Жаман адам болуы өзі мүмкін бе? –
деген жыр жолдарын алайық. Бұлардың жастар үшін тәрбиелік маңызы өте зор.
Иә, ақындар әрдайым халықпен бірге шындық деп шырылдап өмірден ерте кетеді. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың да өлеңдері сыршыл, сезімге толы, көңілден шығады. Оларға да арагідік көз жүгіртіп қоямын.
Біз деген, досым,
Тағдыры қызық халықпыз,
Халықтың өзі қорғасын құяр қалыппыз…
Екінің бірі бармайтын жерге барыппыз,
Жанбайтын жерде жаныппыз, –
дейді мұзбалақ ақын бір өлеңінде.
Сол секілді біздің Байзақ өңірінен небір сөз сүлейлері шыққан ғой. Содан да жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын оқып тұруды да ұмытпаймын.
Кейде балаларға ауызекі әңгіме арасында ата-бабаларымыздан қалған асыл мұраларымыз – мақал-мәтелдерді қосып сөйлесем, олар «Барлығын қалай жаттадыңыз?» деп таңданып жатады. Соның барлығы көп оқығанның пайдасы деймін.
Қалай дегенде де, көп оқығаннан еш ұтылмайтының анық. Күнделікті қалай тамақтансаң, кітап оқу да соншалықты болуы қажет деп ойлаймын. Себебі оқығаннан рухани азық аласың. Жастарға айтарым, елге қызмет ету үшін көп білім, әсіресе көркем әдебиетті көп оқу керек-ақ.

Аманкүл АЛДАШОВА,
ардагер ұстаз

Байзақ ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support