- Advertisement -

«Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда…»

678

- Advertisement -

Ерте дәуірлерде мансаптың барлық түрін тәрк етіп, тесік бөшкеде тұрған, аты аңызға айналған грек философы Диоген халық есінде терең сақталып қалыпты. Оның өмірдегі ұстанымы соңғы кезге дейін көпке өнеге болып келеді.

Сол ойшыл бірде апатқа ұшыраған аралдан қашқан халықпен бір кемеде жүзіп келе жатады. Адамдар ең қажет дүниесін арқалап алған, бәрі көтеріп алған заттарын қымбат дүние деп біледі. Кенет сол көптің ішінен біреуі Диогеннің мүлде бос келе жатқанын байқап:
– Ұстаз, сіздің жүктеріңіз қайда? Бір жерде ұмыт қалдырып кеткенсіз бе, әлде дүниеңіз жоқ па? – деп таңырқай қарайды.
– Менде дүние-мүлік жоқ. Мен байлықты басыма жинаймын, басында ештеңесі жоқтар оның орнын басқамен толтырғысы келеді, – деп жауап беріпті.
Әсілі ойлы, зиялы кісі дүние-мүлікке аса қызықпайды, қанағатшыл келеді. Байлық адамның пейілінде, білімінде, адамгершілік қасиеттерінде емес пе? Құндылықтың қадірі кеткен, беделің байлығыңмен бағаланатын мына заман бізді қайда алып барар екен? «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда, көбінің сырты бүтін, іші түтін» деп ұлы Абай қалай тауып айтқан?! Енді бірде «Ақылды адам азғантайды қанағат қылып, бақытты өмір сүреді, ал ақымаққа бәрін берсең де, аз» деп толғанады хакім. Қарап отырсақ, қазіргі саналы адамда ой көп, уайым да жоқ емес.

* * *

Ел аузындағы Диоген туралы тағы бір философиялық мына әңгімеге көңіл аударайық.
Әлемнің жартысын жаулап алған әмірші-император Зұлқарнай (Александр Македонский) кезекті бір жорықтан мол олжамен оралады. Өзімен салыстырғанда тым кедей тұратын ұстазы Диогенді жарылқамақ болып, оны іздейді. Сөйтсе Диоген теңіз жағасындағы жағажайда күнге қыздырынып жатыр екен.
– Диоген мырза, сәлем бердік! Кезекті жорықтан аса табысты оралдым. Сіздің жаныңызға не керек? Тұла бойыңызды алтынмен көміп тастауға дайынмын, қысылмаңыз, айтыңыз, – дейді Македонский байлығымен мақтанып.
– Аса мәртебелім, пейіліңе ризамын, рахмет! Маған ештеңе керек емес. Тек күннің көзін қалқаламай, былайырақ тұрсаң болғаны, – дейді ойшыл келесі бүйіріне аунап түсіп.
Данышпан Диоген байлығымен мақтанып, делебесі қозып, лепіріп тұрған әміршінің астамшыл­ды­ғын су сепкендей басады.
Осы айтылған аңыз-әңгіме көпке сабақ болуы керек-ақ. Бірақ ой-санасы таяз, қарақан басының ғана қамын ойлап, әртүрлі теріс істерімен арамтер болып, жинаған байлығына кеуіп-пісіп жүрген өр кеуделі қазіргі байшыкештер оған мән бере қояр ма екен?!

* * *

Олимпия сарайынан келген Диогеннен біреулер «Онда халық көп жиналды ма?» деп сұрайды. Сонда ойшыл: «Халық көп, бірақ, жөні түзу кісі аз», – деп жауап қатыпты. Адамға терең ой салатын салмақты жауап. Әрине нөпір халықтың ортасында жүріп өзіңді жалғыз сезіну кім болса соның басында бола бермейді. Ол үшін ой керек, сана керек. Жаратқан ием барлық адамды бір қалыптан, бір инкубатордан шыққандай етіп жаратпайды. Қанша адам болса, сонша түр, ой-сана, мінез бен пейіл бар. Өмірде әр адам сонысымен ерекшеленіп тұрады.
Бірде көпшілікке белгілі жазушы досым былай дегені бар: «Адамдарды Құдай әртүрлі етіп жаратқан. Олар құдды ауылдың өріске шыққан жекеменшік қойы секілді: арасында аласы да, құласы да бар. Бірі ісек, екіншісі тоқты, үшіншісі марқа…». Шынында, өмірде солай. Базбір ортада кей-кейде жүрегің сыздап, көңілің құлазитыны бар… Адамға қойылатын басты талап – асыл да ізгі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген, ұлағатты азамат болып шығу. Өйткені адам өзінің адамгершілігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттігімен ардақты.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support