- Advertisement -

Жампоздарымыз жекпе-жекке дайын

98

- Advertisement -

Бүкіләлемдік бокс сериясы – Таразда. Иә, жобаның үш дүркін жеңімпаздары «Астана арландары командасы бүгін Тараз төрінде Қытай елінің «China Dragons» командасын қабылдап, топтық кезеңді түйіндейді. Сонымен қатар осы күні ережесіз жекпе-жек шеберлері де «Кім мықты?» деген сауалға жауап іздеп көрмек.
Кеше қос команда басшылығы журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізіп, боксшылар салмақ өлшеу рәсіміне қатысты. «Баласағұн» атындағы орталық концерт залында өткен шараны эстрада жұлдызы, «Жігіттер» тобының белді әншісі Бағлан Әбдірайымов «Біздің елдің жігіттері» әнімен ашып берді. Одан әрі қарай екі команданың жетекшілері сөз алып, спортшыларға сәттілік тіледі. «Астана арландары» командасының бас менеджері, жерлесіміз, Афины Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев өз сөзінде мұндай үлкен шараның туған жері Тараз төрінде өтіп жатқанына қуанышты екенін жеткізсе, «Астана арландарының» бас бапкері Нұрлан Ақүрпеков жігіттердің шайқасқа сақадай сай екенін тілге тиек етті.
Бұдан соң екі ұжымның боксшылары салмақ өлшеу, бетпе-бет көз арбасу рәсіміне қатысты. 52 килограмм салмақ дәрежесінде «Астана арландары» Сәкен Бибосыновқа сенім артса, қытайлықтар тарапынан Гуо Чжан шаршы алаңға көтерілмек. Ал 60 килограмм салмақ дәрежесінде жерлесіміз Әлімжан Бескемпір бүкіләлемдік бокс сериясы жобасы аясында алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Ол Ву Юфенмен жұдырықтасады. 69 килограмм салмақта жамбылдық жампоз Аслан Шымбергенов шаршы алаңға беттейді, оның қарсыласы – Таксымаймайти Хайшаер. 81 килограмм салмақ дәрежесіндегі Бек Нұрмағамбет Гегарибу Цзеннің шамасын байқап көреді. Жекпе-жек кешін 91 килограмнан жоғары салмақтағы алыптар түйіндейді. «Астана арландары» сапынан тараздық Нұрсұлтан Аманжолов шаршы алаңға шықса, қытайлықтар Эвандер Сервутке үміт артпақ.
Бокс кеші аяқталған соң жұртшылық «Alfa fighting championship» промоутерлік компаниясының ұйытқы болуымен аралас жекпе-жек шеберлерінің шайқасын тамашалайды. Кеш бағдарламасына бес жұптың шайқасы енген. 71 килограмм салмаққа дейінгі сайыпқырандар Ринат Сағынтай Арман Әлімовпен, Олжас Есқараев Нұржан Әкішевпен, Ерхат Сапарғалиев Азамат Бақытовпен кездесу өткізсе, 65 килограмм салмақта Асхат Әкімов Николай Гончаровпен айқасқа түспек. Кештің басты жекпе-жегінде жамбылдық жампоз Ермек Тілеуов украиналық Дмитрий Власюкпен шайқасады.
Баспасөз мәслихатында Ермек өзінің кезекті кездесуіне тастүйін дайын екенін айтып берді. Ендеше ел намысын қорғайтын боксшыларымыз бен аралас жекпе-жек шеберлеріне сәттілік тілейміз!

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support