- Advertisement -

«Бір тал кессең, он тал ек»

358

- Advertisement -

Бабалар өсиетін орындайтын ұрпақ туды ма?

Тараз шаһары Талас және Қырғыз Алатауының бас ареалының ортасында орналасқан, төңірегі ағаштың өсуіне және түр-түрін егуге өте қолайлы. Тау алқаптарына жақынырақ аумақтарда тал-дарақтың көптеген түрі өседі. Бірақ олардың дені табиғи өскен ағаштар әрі бұл аздық етеді. Жердің құнарлылығын арттыратын қолдан жасалған тоғайлар жоқтың қасы. Шығыс жақтағы тау маңындағы Кеңес заманынан қалған жарты ғасырлық алып ағаштар өртелгенімен, ағаш отырғызу үрдісі байқалмайды. Осының орнын толтыру мақсатында біраз жұмыстар атқарылса, ізгі істің басы болар еді.

Ежелгі түркі тайпалары жаратылыстағы бес нәрсені қасиеттеп, оларды ұлы күш деп санаған. Олар: көк (аспан), жер, су, от, ағаш. Көріп отырғанымыздай, жердің сәні ағаш адамға рухани күш-қуат беретін бірден-бір жол және оны мойындамасқа амал жоқ. Өткен ғасырлардың картасын алып қарасақ, ата-бабаларымыздың қоныстанған жерлері орман-тоғайдың төңірегінде болғанын аңғарамыз. Сақтарды айтпағанда, қыпшақ-қимақ жауынгерлерінің обалары айналасы ормандармен көмкерілген жерлерден әбзел-жарақтарымен табылып отыр. Көшпенділер жазғытұрым тоғайлы-қыратты жерде мал бақса, қыстауда кең даланы мекен етіп, жайылымды ретімен пайдаланған. Табиғаты көркем өзендер бойында қалалар тұрғызып, туған жерін мақтан еткен. Аласапыран заманда ішкі алауыздықтың кесірінен елдің ынтымағы бұзылып, таулы-орманды жерлердің біразынан айырылып қалдық. Ал Кеңес өкіметінің бастапқы кезінде жергілікті жұрт шөл-шөлейтті жерлерге амалсыз көшуге мәжбүр болды.
Қазақстанда 90-жылдардың басында орман қоры бар болғаны 4,6 пайыз болса, оның басым бөлігі – 48 пайызы аласа бойлы сексеуіл тоғайлары болған. Кейінірек қолға алынған істің нәтижесінде 9,7 пайызға ұлғайды, бірақ өңірлерде ағаштың көптеген түрі өсетін жерлер бола тұра, көшет отырғызу әлі де кемшін. Қазақстандағы сексеуіл ормандарының ең үлкені Жамбыл облысындағы Мойынқұм топырағында өседі. «Жасыл даму» салалық бағдарламасы бойынша өңірімізде жыл сайын 6500 гектар сексеуіл егіледі, ал қарағашты сусыз жерлерге отырғызу қарастырылмаған. Тәжірибе көрсеткендей, сексеуілді және қарағашты көшет арқылы өсірудің нәтижесі тұқыммен себуге қарағанда анағұрлым жоғары әрі тиімді, өнгіштігі 75 пайызға жетеді. Осы тәжірибені өзге ағаштарға да қолдануға мүмкіндік бар. Кейбір азаматтар көп жасамайтын сексеуілдерді шабу арқылы табиғатқа орасан зиян келтіруде. Сексеуіл құмды тоқтататын негізгі табиғи қорған екені қаперімізде болғаны жөн.
Скандинавия түбегінде, әсіресе Финляндия мен Корея елдерінде өткен ғасырдың ортасында арнайы көшет өсіру плантациялары қолға алынған. Жергілікті билік жағдай жасап, ағаш отырғызуға қолайлы жердің барлығына шыбық отырғызылсын деген міндет қойған. Қоғамдық ұйымдардың рейтингісі осы іспен өлшенген. Оған оқу орындары көмектесіп, халық жаппай қолдаған. Оңтүстік Кореяда көктем айында президенттен бастап, әр отбасы табиғат аясында ағаш егеді. 5 сәуір – ағаш егу күні. 1960 жылдан бастап, 2005 жылға дейін бұл күн мемлекеттік мерекелердің бірі болып, ресми түрде демалыс жарияланған. Қазір де ескі дәстүр өз жалғасын тауып, қала сыртында, таулы аймақтарда жаңа көшеттер отырғызылып, ормандары ескі ағаштардан тазартылады.
Түркі әлемінің тарихындағы Бабыр бабамыз тұрған жерін тоғайлы өлкеге айналдырып отырған. Жошы ұрпағынан тараған қолбасшы Әндіжан қаласының маңын, кейінірек Үндістандағы шаңы шыққан Агра шаһарының төңірегін гүлзармен, орманмен көмкерген. ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында Батыс Қазақстанда Бөкей хан отырғызған, кейін мұрагері Жәңгір хан қорыған қарағайлы тоғай – қазір 352 гектар орманды «Хан шоқысына» айналып отыр. ХІХ ғасырдың екінші жартысында әсем қала Алматының аумағына селекционер Эдуард Бауман әралуан биік ағаштардың түрлерін егіп, бақ жасаса, Медеу Пұсырманов тау баурайында емен тоғайын жайқалтқан. Қазіргі уақытта Қапшағайдың солтүстігіндегі құмды ауылға бірнеше бақ орнатып, тасты, желді өлкені желекке бөлеген Гөзел апай қазақ жерінің табиғи ерекшеліктеріне сай қарағаштарды өсірудің тиімді болатынын айтып жүр. Белгілі өсімдіктанушы, «Гүлстан» журналының бас редакторы Гөзел Құлжабаева Қазақстанды жасыл-желекті елге айналдыруға болатынын тәжірибе жүзінде дәлелдеді.
Президентіміз Астана қаласының төңірегінен «Жасыл белдеу» жасап, облыс әкімдеріне жол бастады. Ол жақтың топырағы өте күрделі, ағаш егуге қолайсыз аймақ. Елбасы идеясы соған қарамастан сәтті жүзеге асуда. Бірақ еліміздің өзге өңірлерінде жаппай науқанға айнала алмады. Бізде ағаш отырғызу, аумақты тазарту көктемде ғана атқарылатын бір күндік шара болып қалды. Осы бастама халықтық қолдауға ие болып, еліміздің барлық аймақтарында тоғай өсіру ісі қолға алынса, қандай тамаша болар еді. Мемлекет ормандарды қорғауға ерекше көңіл бөліп, әрбір ауыл әкімі мен мал шаруашылығы кәсіпкерлері, орман шаруашылығы мен оқу орны басшылары, туристік ұйымдар мен жеке саяхатпен айналысатын адамдар жаппай үгіт-насихат жасап өздері үлгі болса, игі істің бастамасы болары анық. Осы сауапты істі мешіт имамдары уағыздап, қалталы азаматтар қаржыландырса құба-құп. Әр адам жұтқан ауасының, қоршаған ортасының тазалығы жасыл желекке тікелей байланысты екенін ұғынатын кез жетті.
Қаланың батыс жағындағы Аса өзенінің аңғарын орманға айналдыру мүмкіндігі жоғары, ол зауыттың лас ауасына қорған болар еді. Қала маңындағы ауылдар малды бір жайылымға жиі жайғандықтан, жердің шаңы шығып тақырға айналуда, құнары азайып, деградацияға ұшырауда. Осы жайылымды ротациялап, арасына қарағаштан жасыл белдеу жасалу керек.
Көлікпен баратын, табиғаты көркем, ағашы жоқ жерлерге көшет отырғызуға қолымыз қысқа. Мәселен, әйгілі Ақыртас кешенінен 4 шақырымдық тау бөктерінде «Сұлутас» жартасы бар. Оған Ұзынбұлақ ағын суы бар, жасыл-желекті сайы арқылы жетесің. Өте әдемі көрінетін дөңдеу келген өте биік жартастың жыраларына көктемде тау қырғилары ұя салады. Әдемі дауыстарымен Сұлутасты айнала ұшқанда, одан керемет көрініс болмас, сірә. Туристерге жайлы болу үшін жартасты айналдыра биік ағаштың түр-түрін егіп, сол жерді кішігірім тоғайға айналдыру қажет-ақ.
Тектұрмас пен Сандықтаудың сайларына қарағаш, таудағанның түрлерін егіп көріп едік, өсті. Табиғат аясына шығып сай-салаға барып, қорғаны бар-ау деген жерге көшеттер отырғызып, біраз тәжірибе жинадық. Тауға саяхатқа шығып, ағынды бұлақты шатқалдарда табиғи өсіп тұрған алуан түрлі ағаштарды көріп, тамсанбаған жан жоқ шығар.
Жері кең Қазақстанға жаппай тоғайдың керегі жоқ, жайылымдық аймақтардың қай жер бедеріне ағаш өседі, сол жерлерге егілсе жетеді. Елімізді көгалдандыру үрдісінде қаланың ішінен гөрі төңірегіне басымдық берілу тиіс. Әр үй иесі ауласында оттегіні көп бөлетін бір-екі қарағай, қайың ағаштарын егіп қойса, көшелеріміз көркейетіні анық.

Марат МЫРЗАХАНҰЛЫ,
облыстық туризм
федерациясының мүшесі,
Ғ.ЖАПСАРБЕКОВ,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ
«Туризм және сервис» кафедрасының меңгерушісі,
т.ғ.д., доцент,
И.ТОРБЕКОВ,
«Тараз – Туризм»
туристік ақпараттық
орталығының директоры

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support