- Advertisement -

Майдангер туыстарыңыз тізімде бар ма?

169

- Advertisement -

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен Тараз қаласында бірқатар іргелі істер қолға алынды. Әсіресе Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағын толықтай жөндеуден өткізіп, онда екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жамбылдықтардың есімі жазылған мәрмәр тастар орнату туралы бастама көпшіліктің қолдауына ие болды.

Осыған орай облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен облыстық мемлекеттік архив қызметкерлері Әулиеата топырағында туған майдангерлердің тізімін жасауға кіріскен болатын. 1 наурыздан басталған бұл жұмыс бүгінде тәмамдалуға таяу. Дегенмен әлі де назарға алатын мәселелер мен жүзеге асырылуы тиіс істер баршылық.
Осыған орай облыстық мемлекеттік архивте жиын өтті. Онда аталған маңызды міндетті жүзеге асыру барысындағы атқарылған жұмыстың қорытындысы шығарылып, кездесіп жатқан кедергілер мен туындаған түйткілдер талқыланды. Басқосуға облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева, облыстық мемлекеттік архивтің мұрағатшысы Мақұлбек Рысдәулет, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сансызбай Жорабеков, қорғаныс істері жөніндегі орган өкілдері мен мұрағатшылар қатысты.
Сара Қабылбекқызының берген мәліметіне сүйенсек, бір айдан астам уақыт бойы жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 88 330 майдангер тізімге алынған. Олар туралы мәліметтер қорғаныс істері жөніндегі органдардан, ауылдық округ әкімдіктерінен, бұрынырақ жарық көрген «Боздақтар», «Зерде» кітаптарындағы деректер мен облыстық архивке құжаттарын ұсына келген азаматтардың жеке өтініші негізінде жасалған. Дегенмен әр мекемеден алынған тізімдердің арасында айтарлықтай айырмашылықтар анықталған.
– Мысалға айтар болсақ, бір тізімде бар адам екіншісінде жоқ. Немесе бір адам тегі әртүрлі жазылып, бірнеше рет кездескен жағдайлар да тіркелуде. Архив қызметкерлері осындай жайттарға жол бермеу үшін әр адамды жеке тексеріп, тіркеуге алып отыр. Кеңес одағының кезінде қағазға басылған құжаттарды электронды нұсқаға түсірдік. Болжамымыз бойынша, майдангерлер саны 90 мыңға жетуі ықтимал, – деді С.Мәдиева.
Бұл тізімге тек облыста туған майдангерлер ғана емес, соғыс жылдары және соғыс аяқталған соң осында қоныс аударып, тұрақтағандардың, Жамбыл жерінен майданға аттанған өзге өңірлерде туған азаматтардың есімдері де енген. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарындағы әскери комиссариаттан соғысқа кеткен әулиеаталық азаматтар да есепке алынған. Десе де, тізімнің толық болмауы, кейбір адам аттарындағы қателіктер әлі де түзеуді қажет етеді. Бұл ретте тұрғындардың немқұрайлылық танытпай, әркімнің өз туыстарының аты-жөнінің дұрыстығына көз жеткізуі аса маңызды.
Тасқа қашалған тарихта қалады. Сондықтан Жамбылдан майданға аттанған жауынгерлердің тізімін түзу – аса маңызды әрі жауапты іс. Бұл ретте қателікке бой алдыруға, ел үшін жауға қарсы тұрған жаужүрек аталар есімін ұмыт қалдыруға жол беруге болмайды. Ендеше тарихи маңызы бар іске ел болып атсалысайық.

Мұратхан ӘЛІМХАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support