- Advertisement -

Қыруар түйткілдің себебі – кадр тапшылығы

137

- Advertisement -

Әлеуметтік-экономикалық әлеуетті арттыру үшін денсаулық сақтау саласында көрсетіліп отырған қызмет сапасын көтеру мәселесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Өңір тұрғындарының денсаулық жағдайын жақсартуды мақсат тұтқан сала ісінде әлі де шешімін күткен түйткілдер жетерлік. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында дәл осы мәселелер күн тәртібіне қойылып, оларды шешу жолдары талқыланды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының мәлімдеуінше, саладағы көп түйткілдің түйіні кадр тапшылығына байланысты екен. Дәл қазір өңірдегі медициналық мекемелерге 45 дәрігер жетіспейді. Аудандық емханалар мен ауруханаларға керегі – 25. Бұл ретте дипломмен ауылға келген жас мамандардың бірінші кезекте әлеуметтік мәселесін шешуге баса назар аудару керек. Өткен жылы Жамбыл жеріне қызмет етуге бел буған 118 кадрдың 64-іне 800 мың теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілсе, қызметтік пәтерге 18 жас дәрігер қол жеткізген.
Маман тапшылығы мәселесінен бөлек, медициналық мекемелерге қызметке тартылған кадрлардың біліктілігін жетілдіру ісі әлі де жан-жақты зерделеуді қажет етуде. Себебі өткен жылы облыс дәрігерлерінің біліктілік санаты 2016 жылмен салыстырғанда біршама төмендеген. Жұмысқа жаңадан кіріскен ақ халаттылардың санатын көтеруге оның еңбек өтілінің жеткіліксіздігі кедергі. Мәселен, екінші санатқа өту үшін жас маманға салада кемі үш жыл жұмыс істеу қажет. Бұл көрсеткіш бойынша көш соңында қалып отырған Сарысу, Жамбыл аудандарының әкімдері де мәселенің туындау себебін жас мамандардың санатын арттыруда еңбек өтілінің ескерілетіндігімен байланыстырды. Сондықтан өңір басшысы салалық басқарма және тиісті мемлекеттік мекеме басшыларына жас дәрігерлердің санатын арттыру мәселесін пысықтауды тапсырды.
Жиында өңір тұрғындары жиі шалдығатын тыныс алу, ас қорыту, жүрек-қан тамыры ауруларының алдын алу шараларын ұйымдастыру жайы пысықталды. Одан бөлек, медицина саласын цифрландыру мәселесіне де баса назар аударылып, тиісті көрсеткішке қол жеткізе алмай отырған аудан әкімдері мән-жайды түсіндірді.
Жиын соңында облыс әкімі өңірде 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының 5 индикаторы бойынша жұмыстардың өз деңгейінде атқарылмағанын сын тезіне алды. Сәйкесінше, облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысына салада көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға қатысты ұсыныстар әзірлеу тапсырылды. Енді сала ісін үйлестіруде бірінші кезекте маман тапшылығын жою, олардың кәсіби біліктілігін шыңдау, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде өңір тұрғындары жиі шалдығатын ауру түрлеріне басымдық беру мәселелері қатаң бақылауға алынатын болады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support