- Advertisement -

«Бастаумен» ісін бастағысы келетіндер баршылық

139

- Advertisement -

Кеше өңірімізге арнайы келген «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев пен облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қатысуымен кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің отырысы өтті. Басқосуды ашқан облыс әкімі Асқар Исабекұлы талқыланатын мәселелердің өзектілігіне тоқталып, өңір кәсіпкерлерінің экономикаға қосар үлесі зор екенін айтты.

– Соңғы жылдары, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылғалы бері тек облыста ғана емес, еліміздің барлық өңірінде көптеген игі істер атқарылып, әлі де қыруар шаралардың қолға алынып жатқандығы белгілі. Елбасының тапсырмасымен бұл саланы, әсіресе шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау тетіктері кеңейе түсіп, мәселелер жүйелі түрде өз шешімін табуда. Облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлескен бастамалар нәтижесінде жамбылдықтар да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуде деп айта аламын, – деген өңір басшысы алдағы уақытта да палатамен тығыз қарым-қатынас орнатып жұмыс істеуге бейіл екендіктерін жеткізді.
Жиында Тимур Құлыбаев «Атамекен» ҰКП жұмысының негізгі нәтижелеріне тоқталып, қысқа уақыт ішінде бизнестің пікірін білдіретін институтқа айналғанын атап өтті. Ол 2013-2017 жылдар аралығында бизнестің құқығын қорғау бағыты бойынша 22 мыңнан астам өтініш түскенін айтып, оның 40 пайызы оң шешімін тапқанын мәлімдеді. Осы жылдар ішінде кәсіпкерлерге тиесілі барлық құны 92 миллиард теңге болатын мүлік қорғалса, оның ішінде бизнесмендерге салынған айыппұлдар, өсімпұл және мемлекеттің кәсіпкерлерге қайтарған қаржылары да бар.
– «Атамекен» 20 мыңнан астам нормативтік-құқықтық актілер мен заң жобаларына сараптама жүргізді. Палата жасаған ескертулер мен ұсыныстардың 73 пайызын, яғни 6500 жобаны мемлекеттік органдар есепке алған. Былтыр маусым айында өткен ҰКП съезінде міндетті медициналық сақтандыру реформасын 2020 жылға дейін қалдыру қажеттілігі ұсынылған болатын. Осыдан соң Мемлекет басшысының араласуымен бағдарлама мерзімі кейінге шегерілді. Мұнымен қоса, жаңа Салық кодексінде әлеуметтік Салық мөлшері 11 пайыздан 9,5 пайызға дейін төмендетілді. Демек, бұл бизнеске міндетті медициналық сақтандыру шығындарын өтеуге ықпалдасады.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жоспарлау процедуралары да айтарлықтай жеңілдетіліп, ұзақ мерзімді тапсырыс енгізілуде. Қазір мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары білім беру және денсаулық сақтау салаларында қанатқақты жоба ретінде іске аса бастады. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының араласуымен 2014 және 2017 жылдары бақылау мен қадағалау функцияларында ауқымды екі реформа жасалды. Нәтижесінде, мемлекеттік органдардың 540 функциясының 137-сі алынып тасталды. Талаптардың саны 56 пайызға, яғни 17 мыңға азайып, бақылаушы-тексерушілер штаты 1 мыңға қысқарды. Сондай-ақ қылмыстық және әкімшілік заңнаманы ізгілендіру жөніндегі жұмыстарды атап өту маңызды. Палата бастамасымен «Жалған кәсіпкерлік» туралы бап алынып тасталды, – деді Т.Құлыбаев.
Кеңес барысында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек өңірдегі кәсіпкерлікті дамытудың негізгі бағыттары мен палатаның атқарған жұмыстары туралы баяндады. Оның мәлімдеуінше, шағын және орта кәсіпкерліктің өңір экономикасына қосар үлесі артып келеді. Айталық, былтыр мемлекеттік бюджетке 28,5 миллиард теңге көлемінде салық пен өзге де төлемдер түсіп, облыс бюджетіне түскен барлық көлемнің 35 пайызын қамтыса, биылғы қаңтар-ақпан айларында ол көрсеткіш 5,9 миллиард теңгені құраған.

– Палата кәсіпкерлер құқықтарының қорғалуына басымдық береді. Бұл орайда, кәсіпкерлер құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің рөлі өте маңызды. Былтыр кеңестің 5 отырысы өткізіліп, көтерілген 7 проблемалық сұрақтың 4-еуі оң шешілді. Өткен жылы өңірлік палатаға 162 өтініш түссе, оның 59-ы шешімін тапқан. Сондай-ақ былтыр құны 2,5 миллиард теңгенің мүддесі қорғалды. Ағымдағы жылдың 3 айында палата бастамасы мен талдауына сәйкес 6 лауазымды тұлға тәртіптік және біреуі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деген Мәріпбек Шәкербек палата жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп Тараз қаласында ең алғашқы «бір терезе» қағидасымен жұмыс істейтін «Кәсіпкерлер үйін» ашқанын тілге тиек етті. Бүгінде онда шоғырланған кәсіпкерлер палатасының сервистік қызмет көрсететін кеңесшілері, туристік ақпараттық орталық, инвесторларға қызмет көрсету орталығы, «ҚазақИнвест» АҚ, «Өңірлік Инновация кеңсесі» мамандары 8 түрлі қызмет бойынша кәсіби кеңес беру қызметін атқарады.
Кәсіпкерлік саласын дамыту мақсатындағы Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты «Бастау» жобасы арқылы облыстың 6 ауданынан 1125 адам тегін білім алған. Бүгінде оның 296-сы жеке ісін ашып, өз жұмысын қолға ала бастаған. Осындай ақпаратпен бөліскен облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры биыл аталмыш жобаға өңірдің барлық аудандарынан 2347 адам қатысып, оның 469-ы қаржыландырылатынын жеткізді.

Жанғазы АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support