- Advertisement -

«Шырылдаудың» да түр-түрі бар

161

- Advertisement -

Жиенімнің әңгімесі: «Филологияны сарқып оқып «тауысып» қалған, пікірталаста ешкімге дес бермейтін кезіміз. Ол, әрине, өз бағамыз ғой. Әлдекім бір ойды қозғай қалса, бәріміз арғы-бергі тарихты түгел тізіп, тіпті әлемдік классиктердің сөзін дәлел ретінде алға тартып, әлгіні енді қайтып бас көтерместей, тұқыртып тастаймыз. Содан кейін сөз тізгінін ұстатпаймыз. Енді ше, бірнешеуіміздің зерттеу мақалаларымыз республикалық журналдарға дүркін-дүркін басылып жатса, тағы бірінің өлеңі, үшіншісінің әңгімесі қолдан-қолға өтіп, жастар арасында үлкен сұранысқа ие болып тұрған шағы. Сол «мен» деген төрт-бесеуімізді тобымыздағы бір жігіт туған ауылына қонаққа шақырып, көрші облысқа бардық.

Баяғы қазақы ауыл. Бұрын елге келген сал-серісіне «ауыл-аймақтағылар жүйелі сөз тыңдасын, әнге құлақ салып, көңіл кірін тазартсын» десіп қолқа салып, апталап алып қалатынын көркем әдебиеттен оқушы едік… Тура сондай. «Ақындар, қалам ұстағандар келді» деп, көрші-қолаң түгел жиналып, бір апта қонақ етті. Айтқан әңгімемізге құлақ түрді. «Бұлар жас қой, ойы мен сөзінде не пәтуа бар?» демеді. Ел-жұрттың сөз өнеріне деген ықыласына риза болдық, әбден.
Сөйтіп көңіліміз тасып жүргенде мынадай бір қызық жайт болды. Патшалар жаяу баратын жерге кірсем, ішінде газет жатыр. Бірінші бетіне «Шындықты айтып шырылдаған қарияның үні» деген тақырыппен үлкен мақала басылыпты. «Ойпырмай, сөздің киесін біледі деген ауыл жұрты мынадай мәселе қозғаған газетті дәретханаға тастағаны несі?» деп, таң-тамаша болдым. «Елдің жайын қозғаған қандай қария» деген ой ғой менікі. Сыртқа алып шығып, бас салып жаңағыны оқымайын ба. «Бақсам, бақа екен» демекші, бір шалдың пәлен ай бойы зейнетақысын ала алмай жүргенін жазыпты журналист. «Туһ» деп қолымды бір сілтедім.
Осындай мәселеге де дардай қып, тақырып қоя ма екен? Кей-кейде әлі күнге тынымсыз еңбек етіп, биік межеге жетпегеніміз – қажыр-қайратымыздың аздығынан ғой десіп, өзімізді мақсатсыз туған ұрпақпыз деп күйінеміз. Аталы сөз айтар жасында ұсақ пендешілікті тізіп жүрген қарияларға не жорық?».
«Е-е» дедім іштей. Өзімнің де кей ұсақ мәселеге аты дардай айдармен «шырылдатып» тақырып қойғанымды ойладым. Сананы тұрмыс билеген заманда қолында билігі барлардың бюрократтыққа басып, қарт кісілерді әрлі-берлі сандалтып қоятынын жазғысы келген шығар, бәлкім. Өз ойыммен алысып отырып, жиеніме жөні дұрыс сөз айта алмадым.
Әйтсе де оның айтқан уәжінің жаны бар еді. Бүгінде таяғын тақылдатып, ақ сақалын бұлдап, талай мекеменің есігін торып жүрген қариялар көбейгені жасырын емес. Үлкен жиындарда әкімдерді мақтап, кейін алдына барғанында «Есіңде ме, түнеугүні өзіңді қолдап, жұртқа басалқалы сөз айтып едім ғой» десіп, ұл-қызына қызмет сұрайтындар да кездеседі. Біразы көпшіліктің көкейіндегісін айтады. Бұзылған экология, күтімсіз тозған жер, қараусыз қалғалы тұрған тарихи жәдігердің жайын жеткізгені, расында, келер ұрпақтың қамын ойлаудан туған. Десе де оның бәрінің жолын қарастырып, жоспарға енгізген мемлекеттік бағдарламалар бар. Кезегін күтіп тұр демесеңіз, ол мәселе тасада қалмаған.
Жақында маңызды кездесуде бір азамат жергілікті футбол клубының қазіргі жайын қозғап, уайым қылды. Залдағылар «Бүкіл бір өңірдегі түйткілдер айтылып жатқанда, мұның не?» дегендей, аңтарыла қарады. Елеусіздеу көрінгенімен, шындығында ол жас жеткіншектер тәрбиесіне аса қажет мәселе еді. Өйткені бұл – жастарды жағымсыз әдеттен бойын аулақ ұстауға шақырып, үлкен спортқа жол ашатын мектеп қой. Бұқаралық сипатқа ие футболы тұраласа, басқасы не болмақ? Бірақ сол сәтте біз үшін оның еш мәні жоқтай көрінді.
Шын мәнісінде, біздің қоғамда қариялар сөз сұрап, «шырылдайтын» мәселе көп қой. Алаңдататыны сол – ұрпақ тәрбиесі босаңсып барады. Мейлі, біздің өңір ондайдан ада шығар, бірақ күні ертең оқуға кеткен қызы Алматыдағы «гейшалар» мектебіне жазылмасына кім кепіл?! Аңдамай басып, опық жеп жатқан бойжеткендер қаншама?! Бұрын «Айналайын баладан, тауып алған даладан» деп әлдилеп, нәрестесін ұйықтатушы еді, енді қоқыстан табылған балалар көбейді. Бұл құрсағын жарып шыққан сәбиін балалар үйіне өткізетіндердің әрекетінен де асып түсті.
Жаз шыға көшелерде сақалын өсіріп, шолақ балақты шалбар кигендердің қарасы көбейеді. Мұның ерсі екенін ойлайтын олар жоқ. Жүрісі паң, сақалын сөз қылғанды жазғырып, «Сен не білесің, оның әр талында періште отыр» дейтінін қайтерсің. Кейбірінің жұма күні мешіттен қалмай, намазын қаза қылмайтыны жақсы-ақ, әйтсе де отыздан асқанша әке-шешенің тапқанын ішіп-жеп, масыл болып отырғандар бар. Жас кезінде бейнет қылмаған, қартайғанда қандай зейнет көрмек? Соларға жазушы Несіпбек Дәутайұлының «Жастар мешітке баратын болды деп қуанамыз. Иман тәрбиесі дұрыс та шығар, бірақ олар не істеп жүр? Қазір олардың білім алып, еңбек етіп, табыс табатын кезі емес пе?» деген сөзін айтқың-ақ келеді. Тыңдар құлақ жоқ.
Күйкі тіршіліктің күйбеңі көп. Ойлану аз. «Шырылдаудың» да түр-түрі болады екен. Қай-қайсының да өз орны бар. Дегенмен басбұзар бұзақыны орталарына алып, тентегін тезге салатын ақсақалдардың аздығы – уайым. «Итің ұры» дегенге намыстанып, «Әй, балам, мына ісің сүйегімізге таңба болды» дейтін де жан қалмай барады. Әркім өз қотырын өзі қасыған заман. Ал сонда қоғам қайда қалды?

Ардақ ҮСЕЙІНОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support