- Advertisement -

Өндірісі өркендеп, шаруасы шалқыған Сарысу

191

- Advertisement -

Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында он міндет жүктегені белгілі. Бүгінде осы тапсырманы орындау мақсатында барша қазақстандықтар сияқты облыстың шалғайында жатқан Сарысу жұрты да жұмыла еңбек етуде. Ауданға жасаған іссапар барысында біз осыған көз жеткіздік әрі аудан әкімі Балабек Нарбаевпен болған сұхбат барысында да аңғардық.

– Балабек Жанбекұлы, Елбасы Жолдауындағы орындалуы тиіс міндеттердің дені жергілікті жерлерде іске асырылатын шаруа болғандықтан, сіздерге тынымсыз еңбек етуге тура келетін шығар?
– Расында да, Жолдаудағы «Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс» деп аталатын бірінші міндеттен бастап «Ақылды қалалар» ақылды ұлт үшін» деген оныншы тапсырмаға дейін жергілікті жерлерде іске асатын жұмыс. Елбасының қолдауымен 2012 жылы ауданға Ресейдің «ЕуроХим» компаниясы келді. Қазір онда еңбек етіп жатқан 500-ге жуық адамның 80 пайызы – жергілікті тұрғындар. Осы өндіріс ошағы ақылды карьер ашқан. Ондағы жұмыстың барлығын компьютер есептеп, атқарып отырады. Аудандағы тағы бір іргелі кәсіпорын «Қазфосфат» ЖШС «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінде еңбек ететін 1500-ге жуық адамның дені – осы сарысулықтар. Жолдаудағы «Адами каптитал – жаңғыру негізі» міндетін де іс жүзінде жүзеге асыру үшін білім саласына да баса назар аударып жатырмыз. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының орындалуына да барынша күш салудамыз.
«ЕуроХим» компаниясы Жаңатас қаласын «ақылды қалаға» айналдырамыз деп, аса ауқымды жоба ұсынып отыр. Сәтін салса, Жолдаудағы тағы бір міндетті орындаймыз.
Бірнеше жылдан бері жүргізіліп жатқан Жаңатас қаласының су құбыры желілерінің бірінші және екінші кезең құрылыстарының жұмысы өткен жылы аяқталып, бүгінде қалалықтарға ауызсу тәулік бойы үдіксіз берілуде. Биыл бір көп қабатты тұрғын үйді жөндеп, тұрғындарды қоныстандырамыз деп отырмыз.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді орындау қалай жүзеге асуда?
– «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында аудан бойынша 356 іс-шара өткізіліп, оған 6 мыңнан аса адам қатысты. Мақаланы насихаттау жұмыстары да кең көлемде жүргізілді. Былтырдың өзінде аудандық газетте 266 мақала жарық көрді. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде өткізілген іс-шаралар туралы 200-ден аса ақпарат жарияланды. Аудандық Мәдениет үйінің фойесінде облыстағы аудандар арасында «Рухани жаңғыру» орталығы алғашқы болып ашылып, жұмыс жүруде. Мұнда қазыналы өңірдің тамылжыған табиғатымен танысып, қажет ақпаратты осы жерден табуға болады.
Елбасы мақаласы аясында бірқатар жобалар жасалып, оның ішінде «Электронды кітапхана аялдамасы» жобасы былтыр жүзеге асырылды. Аялдамадан кімде-кім өзінің сүйікті қаламгерінің шығармасын оқып, аудио нұсқада тыңдай алады.
Кәсіпкерлер мен меценаттар тізімі жасалып, олардың 40-тан астамы өздерінің идеяларымен бөлісті. Қалталы азаматтар 240 миллион теңгедей көмек беріп, туған жерді түлетпек. 30 кәсіпкермен 123 миллион теңгеге меморандумға қол қойылды. Бұл шара одан әрі жалғасуда. 2018-2022 жылдары «Атамекен» бағдарламасы бойынша 10 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көзделген бағыттарға сай «Өндіріс және өңір» жобасын ұсынды.
– Өткен жылды қалай қорытын­дыладыңыздар?
– Былтыр барлық деңгейдегі ауданның бюджет жүйесіне 3,6 миллиард теңгенің салықтары мен төлемдері аударылып, меже 101,2 пайызға орындалды. Ал биылғы меже бойынша салықтар мен төлемдердің көлемі 105 пайыз орындалады деп отырмыз. Өйткені аудандағы тұрақты жұмыс істеп тұрған іргелі кәсіпорындардың қазіргі қарқыны оған мүмкіндік береді. Аудандық бюджеттің шығыстар бөлігінің орындалуы 100 пайызды құрайды. Биылғы меже бойынша аудан бюджетінің кірістер болжамы – 8 миллиард 349,6 миллион теңге.
Өнеркәсіп саласында өндірілген өнім көлемі – 19,2 миллиард теңге. Бұл көрсеткіш бұрнағы жылмен салыстырғанда 3,6 пайызға артық. Биыл ауданның өнеркәсіп саласындағы өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 21,6 миллиард теңгеге межеленіп, нақты индекс көлемін 103,9 пайызға орындау көзделген. Өнеркәсіп саласын дамытуда ауданда ірі кәсіпорындардың жұмысы арқылы өнім көрсеткіштерін арттыруға мүмкіндік зор. Биыл аудан өнеркәсібінің негізін қалаушы кәсіпорындар – «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені 1,5 миллион тонна, «ЕуроХим-Тыңайтқыш» ЖШС 515 мың тонна және «ЕуроХим-Қаратау» ЖШС 587,6 мың тонна фосфор өнімін өндіруді жоспарлауда. «ЕуроХим-Қаратау» ЖШС Жаңатас қаласындағы фосфаттарды қайта өңдейтін химиялық кешеннің екінші кезеңінің құрылысын жүргізуде. Кешен 2019-2020 жылдары іске қосылады. Жобаның құны – 950 миллион АҚШ доллары. 2020 бастап жылына 2,8 миллион тонна тауарлы өнім өндірілетін болады. Толық қуатымен жұмыс істегенде 2000 жұмыс орны ашылады.
Өнеркәсіп өндірісінің өңдеу саласын дамыту мақсатында биыл бірнеше инвест жобаларға қосымша жұмыстар атқару қажет. Мәселен құм, қиыршық тас, құмды қоспа, оңтайлы қоспа, асфальт-бетон өндіретін «Тараз көлік жолы» ЖШС жылына 50 мың тонна өнім өндіреді. Алда тұрған міндет – кәсіпорынды облыстық тауар өндірушілері каталогіне енгізу және тауарларын еліміздің барлық өңіріне бағыттауға ықпал ету. Жобалық құны 710 миллион теңге болатын «Асыл тұз компаниясы» кәсіпорны толық қуатында іске кіріскенде 75 жаңа жұмыс орны ашылады. Өндіріс ошағы биыл іске қосылады. Толық қуаттылыққа шығу үшін тұз зауытына карьер қажет. Бұл мәселе облыстық деңгейде шешілуі тиіс. Қазір өндіріс шикізаты карьерлерді келісімшартпен алған кәсіпкерлерден сатып алуда. Осы міндеттер шешілген жағдайда өнеркәсіп өндірісінің өңдеу саласы 2018 жылы межелі көрсеткішті 100 пайызға орындайтын болады.
– Балабек Жанбекұлы, әңгімеміздің ауанын ауыл шаруашылық саласына қарай аударсақ. Әлгінде осы Жаңатас қаласына келе жатып, жолдың қос қапталынан қаптаған қалың мал көрдік…
– Ауданның тыныс-тіршілігі аграрлық сектордағы жағдайға тікелей байланысты. Елдің еңсесінің түзелгені қолдағы төрт түлік пен Жер-ананың арқасы. Мал басының санын айтып, цифрды қаптатпай-ақ қояйын. Ауданда жылқы да, ірі қара да, түйе де, уақ мал да жетеді. Мемлекет тарапынан берілетін қолдау мен қамқорлықтың нәтижесінде жеке шаруашылық құрылымдары аяғына нық тұрған. Мәселен былтыр 127 миллион теңге субсидия берілсе, биыл 135 миллион теңге субсидия беріледі деп күтілуде. Саладағы өндірілген өнім былтыр 10,2 миллиард теңге болса, биыл межеленген нәтижеге жету мақсатында жалпы құны 10,5 миллиард теңгенің өнімін өндіру болжануда. Жер жыртып, егін салған, бау-бақша өсіріп, нәсібін жерден көріп отырған дихандарымыз еркін еңбекке даңғыл жол ашылған тәуелсіздіктің елең-алаңында-ақ жеке шаруашылық құрылымдарын ашып, ел ырысын арттыруда, өздерінің де, өзгенің де жағдайын жасауда. Жыл сайын көсегенің көк Жонында ырғалта егін өсіреді.
Мал шаруашылығындағы басты мақсат – мал тұқымын ет бағытында асылдандыру жұмыстарын қолға алу. «Сыбаға» және «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламалары бойынша 525 бас мүйізді ірі қара малы сатып алынып, меже 416,7 пайызға орындалды. «Алтын асық» бағдарламаcы бойынша 1956 бас қой сатып алынып, меже 164 пайызды құрады. Сонымен қатар «Құлан» бағдарламасы аясында 101 бас жылқы алынды. Мұнда да жоспар асыра орындалып, 404 пайызды құрады. Шаруаларымыз мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекті осылайша тиімді пайдалануда.
«Шалғайдағы жайылымды суландыру» бағдарламасы бойынша 10 құдық қазылып, мұнда да жоспар 166,7 пайыз орындалып отыр. Ауданда ауыл шаруашылық жер учаскелерін қайта түгендеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде иесіз мүлік ретінде танылған 55 шаруа қожалығының 2599,4 гектар жер учаскесін мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізілуде. Бұдан басқа да атқарылып жатқан шаруа аз емес.
– Ауылдарды ауызсумен және газбен қамтамасыз етуде қолға алынып жатқан жұмыстар туралы білсек.
– Елбасы Жолдауында «Ауылдық елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету үшін Үкімет бұл іске барлық қаражат көздерінен жыл сайын кем дегенде 100 миллиард теңге қаражат қарастыруы қажет» деп нақты міндет жүктеді. Бүгінде Игілік, Өндіріс, Ә.Бүркітбаев, Ұ.Сыздықбайұлы, Арыстанды, Қызылдихан, Жаңаталап, Ақтоғай, Қамқалы ауылдарының және Жаңатас қаласының «Бүркітті», «Көкбұлақ» бастоғандарының аумақтары зерделеніп, тиісті су қоры мен сапасы туралы эксперттік қорытындылары алынды. Сондай-ақ Ұйым, Шағалалы және Әбілда елді мекенінің жерасты су қорын барлау жұмыстарының қорытындысы шықты. 2018-2019 жылдар аралығында бекітілген меже бойынша Үшбас, Досбол, Тоғызкент, Жайылма, Шығанақ және Майлыкөл ауылдарының маңайында жерасты су қорын зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Аудандағы 26 ауылдық елді мекеннің 13-і орталықтандырылған су жүйесінен сапалы ауызсу пайдаланып отыр. Биылғы жылы Маятас, Арыстанды, Игілік, Өндіріс ауылдарына су жүйесін тарту үшін бюджетке өтінім берілді.
Жаңатас қаласы мен ауылдарға газ желісін тарту мәселесі кейінгі бірнеше жылдың көлемінде көтеріліп келеді. Бұл мәселе облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің жыл қорытындысына арналған есеп беру жиынында да сөз болды. Сәтін салса, 14 елді мекенге тартылатын газ желісінің құжаттары дайындалуда. Мәселен, Талас ауданы аумағынан Әбілда, Тоғызкент, Майлыкөл, Досбол және Шағалалы ауылдарына, Оңтүстік Қазақстан облысының аумағынан Жаңатас қаласы мен басқа да ауылдарға «көгілдір отын» тарту жұмысы қолға алынады. Ауылдағы ағайындар отын түсіріп, күл шығару машақатынан құтылатын күн алыс емес.
– Биыл ауданның 90 жылдығы ғой?..
– Иә, биыл шаңырағы Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында 1928 жылы 3 қыркүйекте көтеріліп, түрлі заман, қилы кезеңді басынан өткізіп, өрісін Қаратаудың күнгейі мен теріскейінде жайған ауданның 90 жылдық мерейтойы. Той дегеніміз – ас ішіп, аяқ босату емес, бүтіндей бір ауданның мерейлі мерекесі болғандықтан, оның тағылымы зор болуы тиіс деп ойлаймын. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деп атап көрсетті. Әрбір сарысулықтың бойына осынау мерекелі жылы туған жерге деген іңкәрлікті, сүйіспеншілікті сіңіруге мүмкіндік мол болмақ. Сондықтан да мерейтойды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіткенде рухани жаңғыруға баса көңіл бөлдік. Қазірдің өзінде ауданнан шыққан белгілі азаматтар мен жергілікті қалталы тұрғындар қандай көмек пен қолдау керек деп хабарласып жатыр. Туған жерге ту тіккісі келген азаматтардың барлығы көңіл қуантады. Ел барда, мұндай азаматтарымыз барда 90 жылдық мерейтой өз дәрежесінде өтеді деп ойлаймын.
Ал енді еңбектің тайқазаны үздіксіз қайнап жатқан, өндірісі мен ауыл шаруашылығы саласы қатар дамыған ауданда атқарылып жатқан ұлан-ғайыр тірлікті бір сұхбатта айтып шығу мүмкін емес. Дегенмен өмір болған соң мәселе мен түйткіл де болады. Оны мүмкіндігімізше дер кезінде шешіп те жатамыз. Егер де шамамыз келмей жатса, облыстан көмек сұраймыз. Бір сөзбен айтқанда, алда атқарылатын қыруар тірлік бар. Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер мен бес әлеуметтік бастамасын орындауда да жүктелген жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов ауданға жұмыс сапарымен келгенде бірқатар нақты тапсырмалар берді. Осының барлығын сөзсіз орындауға тиіспіз.
– Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет! Еңбектеріңізге жеміс тілейміз!

Сұхбаттасқан Амангелді ӘБІЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support