- Advertisement -

Мүмкіндікті мүлт жібермейік!

146

- Advertisement -

Елбасы бірер жыл бұрын «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылдан бастап мемлекетіміздің латын әліпбиіне көшетіні туралы мәлімдеген болатын. Демек, әліпби реформасы Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына дейін айтылып келді.

Біз қазір жаңғыру, жаңару дәуірін бастан өткерудеміз. Тәуелсіздіктің елең-алаңында «алдымен экономика, одан кейін саясат» ұстанымында болсақ, енді рухани тұрғыдан кемелденетін шағымыз туды. Оның бір дәлелі – латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне көшуіміз. Тарих парақтарын ақтарсақ, латын жазуы Алаш арыстарына таңсық болмағанын байқаймыз. Бұдан бөлек, қазіргі таңда әлем елдерінің басым бөлігі өркениет көшінен қалтарыс қалмау үшін латын графикасына негізделген әліпбиді таңдап үлгерді. Еліміз үшін маңызды бастаманы қолдау – әрбіріміздің парызымыз. Осы бағытта ТарМПУ-да ғылыми-тәжірибелік конференция да өтті. Онда ғалымдар байыпты байлам, ой-толғамдарын ортаға салған еді.
Латын графикасына негізделген әліпбиге Еуропа, Азия, Африка және Америка құрлықтарының дамыған мемлекеттерінің бет бұруы көп жайтты аңғартса керек. Біз де баянды тірлікті құптай отырып, ұлттық, әріден тарқатып айтсақ, түркілік бірегейлікті қалыптастыруға, қазақ тілін әлемдік ақпарат кеңістігіне шығаруға зор мүмкіндік аламыз.
Біз бұл мәселеге асқан байыптылықпен келіп отырмыз. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне көшу туралы келелі жиындар, түрлі деңгейдегі басқосулар барлық мекемелерде, құрылымдарда кең көлемде ұйымдастырылды. Тіпті жаңашыл бастаманы Қазақстан халқы «бір атаның баласындай» талқылап, ой сүзгісінен өткізді. Сан қилы мамандық иелері еш іркілместен пікірлерін ортаға салып, көзқарастарын ашық, жариялы түрде жеткізді. Мұның өзі зайырлы мемлекет екенімізді айшықтай түссе керек.
Әліпби ауыстыру арқылы ойы азат, санасы тәуелсіз ел екенімізді күллі әлемге айғақтаймыз. Бір сөзбен айтқанда, тоталитарлық жүйе кигізген бодандық қамытынан құтыламыз. Дербес мемлекет ретінде өзімізді айшықтай түсеміз. Әлбетте, жаңа реформаны әбден ойланып барып жүзеге асырған жөн. Бұл тұрғыдан келгенде мемлекетімізде әліпбидің бірнеше нұсқасы қарастырылып, ең ыңғайлысы таңдалып отырғанының өзі мамандардың мардымды іске салмақтылықпен қарағанын дәлелдей түссе керек. Ендеше, жаңару мен жаңғыру дәуіріндегі мүмкіндікті қалт жібермегеніміз жөн-ақ.

Тұран БЕГАЛИЕВ,
ТарМПУ-дың оқытушысы, профессор

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support