- Advertisement -

Жаңғыру жолының жарқын қадамы

194

- Advertisement -

Қазақ жазуының латын графикасына көшу жайы – түбегейлі шешілген мәселе. Елбасы Н.Назарбаевтың бұл бағыттағы негізгі жұмысты тілші-ғалымдарға міндеттеуі де өте құптарлық. Көпшілік арасындағы ой-пікірлердің басылым беттерінде тұрақты жарияланып, түсінік жұмыстарының жүргізілуі де қажет деп білеміз.

Ақпарат құрылымдарының кейбірінде қазақ жазуының латын графикасына негізделген әліпбиге көшуі жөнінде әр алуан көзқарастағы, тіпті кері пікірдегі жазбалар аз еместігі рас. Бұл халық арасында түрлі пікір туғызуы да мүмкін. Сондықтан латын графикасындағы жазуға көшуде тыңғылықты және үлкен дайындық жұмыстары жүргізілу қажет және біраз уақытқа дейін кириллица жазуы қатар жүретіні Елбасы тарапынан айтылды.
Латын әріптерімен жазу – әлемдік өркениетке құлаш ұру. Одан кейінгі басты мәселе және халықтың тілегі – қазақ тілі дыбыстарының дыбысталуын, айтылуын неғұрлым байырғы табиғи қалпына жақындатуға ұмтылыс жасау. Бұл тілші-ғалымдардың жемісті еңбектеріне байланысты. Бәлкім, жаңа жазылу нормалары алдағы уақытта дүниеге келер.
Қазақ жазуының латын графикасына көшу қажеттілігінің мұнан өзге де аспектілері бар. Қазақ – ғасырлар бойы отарлық қамытын киген халық. Ал ғасырларға жалғасқан тәуелділік халықтың санасына да өз ықпалын тигізбей қоймады, құлдық сананы, жалтақтықты, масылдықты қалыптастырды. Қазақ жазуының латын әліпбиіне көшуі осы кеселдерден арылудың да басты жолдарының бірі болады деп білемін.
Бір мақсатқа тоғысқан ұлттық рухтың мықтылығы қандай қиындықты да жеңіп шығатынын тарих талай рет алға тартқан. Соның бір мысалы – Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Ататүрік. Ұлттық рух» мақаласында келтірген, қансыраған елін тығырықтан алып шыққан Мұстафа Кемал Ататүріктің жалынды сөздері. Еліміз азаттығын алғанда әлемде бірінші болып Қазақстан Тәуелсіздігін таныған ел көсемінің сөздерін бүгінгі қазақ жастары санасында жаңғыртып отырса, артықтығы болмайды.
«Түрік ұланы!
Түркия Республикасын құрған – түрік халқы. Түрік ұлты. Түрік ұлты деген сөз – Түрік тілі деген сөз. Түрік тілі – түрік ұлтының қасиетті қазынасы. Өйткені түрік ұлты өткендегі шексіз бақытсыздықтардың ішінде өзінің адамгершілігінің, дәстүрінің, естеліктерінің, мүдделерінің, қысқасы, бүгін өзін ұлт ретінде қалыптастырған барлық қасиетті Тілінің арқасында сақталғанын көріп отыр. Түрік тілі – түрік халқының жүрегі, ақыл-ойы».
Осыдан көп уақыт бұрын айтылған бұл сөздер бүгінде орындалды. Түркия барлық жағынан әлем мойындаған қуатты мемлекетке айналды. Бізге де осындай ұлттық рухтың мықтылығын берсін. Сонда барлығы өз ретімен орындала береді. Оның ішінде латын графикасына негізделген қазақ жазуы да әлемдік өркениетке жол ашарына сенемін.

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымдарының докторы,
профессор, «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support