- Advertisement -

Тұралаған туризмді қалай тірілтеміз?

164

- Advertisement -

Туризм саласы ең тиімді табыс көздерінің бірі. Көптеген елде туризм жалпы ұлттық өнімнің өсуіне қоғамды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге, сыртқы сауда байланысының артуына үлкен ықпал етеді десек, біздің облысымыз да табиғи, тарихи ресурстарға бай, туристік кластерді дамытуға өте қолайлы өлке екенін мақтанышпен айтамыз. Әйтсе де біз бұл саланы қаншалықты табыс көзіне айналдырып отырмыз? Осыған дейін тұралап тұрған өңірлік туризмді жандандыру үшін қандай жұмыстар жасалу қажет? Жуырда ғана жеке мекеме болып құрылған облыс әкімдігінің туризм басқармасының алдында қандай міндеттер тұр? Осы және өзге де сауалдар хақында облыстық мәслихаттың кезекті жиырма екінші сессиясында жан-жақты ойлар ортаға салынып, талқыға түсті. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатысып отырған кезекті сессияны төрайым ретінде депутат Гүлдара Нұрымова ашып, жүргізіп отырды.

Ұлы Жібек жолының бойында орналасқандықтан тарихи ескерткіштері көп, ол ескерткіштер тек Қазақстанның ғана емес әлемдік мәдениетке туризмнің тарихи-танымдық, экологиялық, спорттық, ғылыми түрлерін танып білуге мүмкіндіктер беретін киелі Әулиеата өңірі шын мәнінде де туристерді тартпай тұрмайды. Десе де келушілер үшін алдымен қолайлы жағдай, сапалы қызмет және жан-жақты жарнама қажет. Бүгінде бұл бағытта бірқатар шаруалар қолға алынып, ауқымды жобалар жоспарлануда. Ол туралы облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова баяндады. Басқарма басшысы өз сөзін өткен жылы туризмнен түскен табыс көлемін тілге тиек етуден бастады. Оның айтуынша, тауық жылы туризм саласындағы қызмет бойынша облысымызға 27 миллиард теңге пайда түскен. Тиісінше, салықтан жергілікті бюджетке құйылған қаржы көлемі 343,7 миллион теңгені құраған. Қазіргі таңда облысымызда 44 туристік ұйым тіркелсе, барлығы 152 орналастыру орындарында 3 379 төсек бар екені анықталған. Десе де тіркелген 44 туристік ұйымның 21-інде ғана туроператорлық қызметпен айналысуға рұқсат беретін лицензиясы бар екен. Сондай-ақ аталған 44-тің тең жартысының әртүрлі себептерге байланысты уақытша жұмыстары тоқтап тұрғаны белгілі болған. Ал өз қызметін ұсынып жүрген ұйымдардың қатарындағы 8-і ішкі бағытта, 6-ы кіріс бағытында, 14-і шығу бағытында жұмыс жасауда. Осыларды мәлімдеген Қарлығаш Әмірқызы туризмнің барлық түрінің ішінде ең көп дамығаны шетелге шығу бағыты, ал кіріс туризмінің (шетел туристерін қабылдау бойынша) қозғалысы әлсіз екенін жасырмады. Демек, бұл тұрғыда қандай да бір динамика туралы айту қиын. Оның үстіне, статистикалық көрсеткіштер жүргізілмейтіні тағы бар.
– Мұражайлар, балалар сауықтыру лагерлері, демалыс аймақтары, санаторийлық-курорттық сервистің объектілері, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, ал ең бастысы туристік табиғи-мәдени, тарихи-археологиялық объектілерге келіп-кетіп жатқан туристер саны тіркелмейді. Сондықтан туристер саны туралы мәлімет болмайды. Бұл туризмнің негізгі көрсеткіштері болып табылады. Аталған объектілерге келіп-кеткен адамдардың саны анықталса, туризмнің қазіргі күйінің көрсеткіштерінің өзі ресми статистикаға қарағанда едәуір көп болар еді, – деді басқарма басшысы өз баяндамасында.

Бүгінгі жағдаймен тұраламай, ертеңге сеніммен қарау үшін ендігі кезекте туризм саласын дамытуда жүйелі жұмыстарды қазірден қолға алу қажет десек, бұл орайда аталмыш басқарма облыс әкімінің тапсырмасына сай тиянақты жоспар түзіп, арнайы жол картасын дайындауда екен. Білуімізше, әр облыс өз даму стратегиясын өңдемейді, республикалық деңгейде өңделген, бір жүйеге келтірілген жоспар бойынша жұмыстар атқарады. Қазіргі таңда елімізде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы» Жарлығына сәйкес туристік кластерлерді құру мен дамыту қолға алынып жатқаны белгілі. Ондағы өңделген кластерлердің бірі ретінде «Ұлы Жібек жолын жаңғырту» болып табылатынын негізге алсақ, ол Қызылорда облысының орталық және шығыс бөліктерін, Оңтүстік Қазақстан облысының оңтүстік-шығыс және солтүстік-батыс бөлігін және Жамбыл облысының оңтүстік-батыс бөлігін қамтымақ.
– Өңіріміздегі туризмді дамыту бойынша алға қойылған шарттарды орындау мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылатын болады. Атап айтсақ, туризм инфрақұрылымын қалыптастыру мен туристік әлеуетті жылжыту, имидждік саясатты қалыптастыру бағыттары аясында көптеген игі шаралар көзделуде.
Аймақтық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, облыс әкімінің орынбасарының бекітуімен «2018-2020 жылдарға арналған Жамбыл облысында туризм саласын дамытудың іс-шаралар жоспары» өңделді. Жол картасында 2018-2020 жылдары туризм басқармасымен атқарылатын жұмыстар айқындалған. Олар: туризм инфрақұрылымын қалыптастыру мақсатында негізгі туристік объектілерге жол салу, оларды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу, Ұлы Жібек жолы бойымен өтетін шекарааралық маршруттарды өңдеу, өңіріміздің туристік мүмкіндігін тарату, – деді Қарлығаш Әмірқызы.
Басқосуда сөз алған өзге де баяндамашылар өңірдегі туризм саласына серпін беру жолындағы бастамаларды қуаттаса, өз ойларын білдірген мәслихат депутаттары Халық Тұрсынов, Мұқаш Ескендіров, Масат Берік, Дария Қожамжарова, Мейрамбек Төлепберген жоғарыда айтылған мәселелерді көтеріп, оны шешу жолында тиімді ұсыныстарын ортаға салды.
– Шу ауданы аумағында орналасқан, 40 жылдан бері зерттеліп келе жатқан Ақтөбе-Баласағұн кешені аралығына 3,5 шақырымдай асфальт жол салу керек. Сондай-ақ VI ғасырдан бері Меркі деген түпкі атауы еш өзгермеген тарихи орынға кезінде әртүрлі себептермен көкбазар салынып кеткенін білеміз. Тарихи қаланың аумағы 10 гектарды құраса, бүгінде оның 2-3 гектарында базар саудасы қызып тұр. Көптен бері көтеріліп жүрген мәселенің бірі – осы, – деген Мейрамбек Төлепберген «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығындағы музейдің жағдайына көңілі толмайтынын жеткізді. Осыдан үш жыл бұрын салынған аталмыш музей әлі күнге тиянақты жұмыс істемейді екен. Төбесінен су ағатыны, жылу жүйесінің әлсіздігі, электр жүйесінің ақаулығы, тағы осындай себептер оның жұмысының кедергісіне айналғандай. Тіпті ондағы салқындатқыш кондиционерді қосу үшін оның тілін білетін шетелдік арнайы маманды қажет ететіні жиналғандарды алуан көңіл-күйге жетеледі. Халық қалаулысы музей орнындағы қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлерді жүйелі зерттеп, ғылыми қорытындысын шығару қажеттігін де тілге тиек етті.
Сессияда көтерілген бірқатар мәселелер мен ұсыныстарды ескерген облыс әкімі Асқар Мырзахметов жаңадан ашылған туризм басқармасына артылған міндеттер мен тапсырмаларға тоқталып, саланы дамыту бойынша көзделіп отырған бірқатар жоспарлы жұмыстардың жай-жапсарын тарқатып берді. Күн тәртібінде басқа да мәселелер қаралып, шешімдер қабылданды.

Жанғазы АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support