- Advertisement -

Жерді қашықтықтан зондтаудың тиімділігі зор

174

- Advertisement -

Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы дәстүрлі Жолдауы, әсіресе ауыл шаруашылығы саласына соны серпін беруде. Биылғы жылдың ақпан айынан бастап салалық құрылымдардың барлығы дерлік цифрландыру жүйесіне көше бастады. Болашақта жайылымдық жердің химиялық құрамына ғарыш арқылы мониторинг жасау күтілуде. Білім мен білікке негізделетін цифрлық өркениет жетістіктері қоғамдық өмірімізге де дендеп еніп келеді.

Бұрнағы күні облыстық әкімдікте өткен кеңесте, міне, осындай цифрлық технологияның бірі – өңірімізде жерді қашықтықтан зондтау ғарыштық жүйесін кеңінен енгізу жайы қаралып, талқыланды. Кеңеске «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының геосервис орталығы директорының орынбасары Қуандық Шүленбаев пен бөлім басшысы Нұрлыбек Набиев, сондай-ақ облыс әкімдігінің басқармалары мен департаменттердің, аудан әкімдіктерінің ауыл шаруашылығы, жер қатынастары бөлімдерінің басшылары қатысты. Басқосуды облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев ашып, жүргізіп отырды.
– Жер пайдалану мен реттеу жұмыстарында қазіргі заманғы озық технологияларды пайдалану жұмыс тиімділігін еселеп арттырады. «Геопортал» жүйесін енгізу облыс көлеміндегі бос жатқан жерлерді, алқаптардың толықтай игерілуін, субсидия беру кезінде егілген екпелердің нақты егілген-егілмегендігін, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылар жер телімінің өз шегінен артық жерлерді бүлдіргенін анықтауға мүмкіндіктер береді, – деген Мәден Тоқтарбайұлы облыстың жалпы жер қоры жөнінде де қысқаша баяндап өтті.
Оның айтуынша, бүгінгі күні облыстың әкімшілік аумағы 14426,4 мың гектарды құрайды, оның ішінде ауыл шаруашылық мақсатындағы жер 4448,3 мың, елді мекен жерлері 463,1 мың, өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және ауыл шаруашылығынан өзге мақсатқа арналған жерлер 152,5 мың, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар 12 мың, орман жер қоры 4430,7 мың, су қорының жерлері 335,9 мың, ал босалқы жерлер 2094, 7 мың гектар көлемінде. Жер есебіне сәйкес облыс аумағында пайдалануға және жекеменшікке берілмеген 2,1 миллион гектар (бұл облыс аумағының 15,2 пайызын құрайды) босалқы жер бар. Оның 43 мың гектары егістік жерлер болып табылады. Жалпы 2011 жылдан бергі кезеңде облыс бойынша 591 мың гектардан астам жердің бос жатқандығы анықталып отыр екен. Осы және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мемлекет иелігіне қайтарылуда.
Кеңес жұмысы барысында «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының геосервис орталығы директорының орынбасары Қуандық Шүленбаев аталған ғарыштық мониторинг жүйесінің атқарар міндеттері мен ерекшеліктері жөнінде тарата айтып берді. Оның айтуынша, геопортал – бұл ғарыштық мониторингтіӊ шағын жүйесі, ол жерді қашықтықтан зондтау мәліметтері қолданылуымен салалық мәселелерді кешенді шешуге арналған. Ағымдағы жылы енгізілген бұл жүйе Ауыл шаруашылығы, Ішкі істер, Экология және Индустриялық дамыту министрліктерініӊ жер, орман, су, жануарлар ресурстарына, шаруашылық қызметі және шекаралас өзендеріне мониторинг жүргізу, картография, жерлерді есептеу, жоспарлау және бақылау, орман және дала өртініӊ орны, қар, мұз қабатыныӊ жылжуы туралы уақтылы ескерту мен олардыӊ алдын алу, есірткі өсірілетін жерлерді анықтау, қатты тұрмыстық қалдықтардыӊ заӊсыз жинақталуына экологиялық мониторинг жүргізуді жүзеге асырады. Сондай-ақ өндіріс пен тұтыну қалдықтарын орналастыру жерлерін мониторингілеу, әуе кемелерініӊ ұшу мен қонуына қауіп келтіретін жағдайларын анықтау мақсатында әуежайлар және көршілес аумақтарға мониторинг жүргізу секілді салалық міндеттерін қамтиды. Мемлекеттік органдарға экономика саласындағы басқарушылық шешімдерді бағалау, жоспарлау және қабылдау тиімділігін жоғарылатуға, далалық зерттеулерді азайту мен бұзушылықтарды анықтауды көбейту арқылы жауапты мемлекеттік органдардыӊ жұмыс тиімділігін арттыруға да көмектесетін болады.
– Жерді қашықтықтан зондтау, сондай-ақ көктемгі егіс-дала жұмыстары кезінде жерге қанша көлемде дән себілгенін, себу қарқынын, егістің жетіліп өсуін, биоқұрамын, жер қабатының ылғалмен қамтамасыз етілуі деңгейін де дәлме-дәл анықтай алады, — дейді Қуандық Ислямұлы.
Қысқасы, «Геопортал» жүйесін құру тәжірибесі жердің игерілуі, нысаналы мақсатына пайдаланылуы, дақылдардың өну көрсеткішін, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу, апаттардың орын алу себеп-салдарларын анықтауға, басқа да шараларды тиімділікпен жүзеге асыруға айрықша елеулі ықпал ететінін көрсеткен. Жиында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға да кеңінен жауап қайтарылды. Мүдделі тараптардың «Геопортал» жүйесін енгізу бойынша атқаратын міндеттері де пысықталды. Ендігі жерде бұл мақсатқа аудан әкімдері тиісінше қаражаттар қарастырып, аталған қызметті көрсетуші тараптар геопорталдық мәліметтерді алу және жүйелеу бойынша ауыл шаруашылығы мамандары үшін қысқа мерзімдік оқыту курстарын ұйымдастыратын болады. Мәден Тоқтарбайұлы кеңес жұмысын қорытындылай келе, аталған жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында тиісті басқармалар мен аудан әкімдеріне хаттамалық тапсырмалар жолданатынын жеткізді.

Баймаханбет АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support