- Advertisement -

Үш тілде білім беруге ұстаздар дайын ба?

102

- Advertisement -

«Көрінген таудың алыстығы жоқ», білім берудің үш тілде оқытатын жүйесіне кезең-кезеңімен көшетін мерзім жақын қалды. Жолдауда нақтыланғандай, 2019 жылы 10-11-сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру басталады. Түптеп келгенде, барлық түлектер елімізде және әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді еркін меңгеруі тиіс. Бұл – жас жеткіншектерден күтілетін нәтиже. Ал бұған ұстаздар қаншалықты дайын?

Қазірдің өзінде өңірімізде химия, физика, информатика пәндерінен сабақ беретін 785 мұғалім ағылшын тілін үйрететін курстарды аяқтап, А2, В1, В2 деңгейлерінің сертификаттарын алған. Дегенмен ұстаздың шет тілді қалай меңгергенін сертификаттардың саны нақтыламаса керек. Үш-төрт ай отбасынан жырақтап, облыс орталығына келіп, уақытша қонақүйді паналап оқыған курстарының мамандарға қаншалықты пайдасы болғанын іс жүзінде ешкім дөп басып айта алмайды. Ал жаңа технологияның «тілін» жақсы білетін шәкірттер педагогтің білім деңгейін әп-сәтте тексере алады. Олар ұстазының жаратылыстану бағытындағы пәндерде жиі кездесетін терминдердің ағылшынша атауын ғана үйретуін қанағат тұтпауы да мүмкін.
Тіл үйрету курсын тәмамдаған ұстаздың бірі – Тараз қаласындағы №1 гимназияның физика пәнінің мұғалімі Гүлмира Помашева үш айда тіл меңгеріп кету оңай емес екенін айтады. «Базалық білім беретін мұғалімдер ағылшынша сабақ беруі үшін білімін одан әрі тереңдетуі қажет.
Қазір біз 8-сыныптарға терминдерді үйретіп жатырмыз. 9-сыныпта өз білімімізді жетілдіре отырып, сабақты одан әрі күрделендіре түсуіміз керек. Ал 10 сыныпқа келгенде тұтас сабақты ағылшынша өтуге көшуге дайын болуымыз қажет. Сондықтан бір курспен шектелмегеніміз жөн», – деп мәселенің мәнісін өз тәжірибесіне сүйене отырып түсіндірді.
Бүгінде қазақ мектептерінде ағылшын тілі пәнін оқыту деңгейі бұрынғы оқу жылдарына қарағанда едәуір жақсарған. Т.Рысқұлов ауданындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Ұлған Айнакеева бұған мектеп оқушыларына 1-сыныптан бастап ағылшын тілі пәні оқытыла бастағаны септігін тигізгенін айтуда. «Әйтсе де мұғалімдердің үш тілде оқыту жүйесіне көшуге дайындығы ауыз толтырып айтарлықтай деңгейде деп айту қиын, себебі барлық ағылшын тілінен дәріс беретін мұғалімдер біліктілікті арттыру курстарында оқытудың әртүрлі әдістерін жеткілікті дәрежеде меңгеріп кете алмайды. Әсіресе қазақ мектептеріне жан-жақты дайындық қажет. Жаратылыстану пәндерін ағылшынша оқытатын арнайы мамандар мектепке келуі керек. Содан кейін қалған ұстаздардың біліктілігін арттыруға жіберіп, арнайы курстар көбірек жүргізілуі тиіс», — дейді.

Ардақ ҮСЕЙІНОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support