- Advertisement -

Аудандардан «Дарын» мектебін ашуға не кедергі?

263

- Advertisement -

Шынын айту керек, республикалық, халықаралық олимпиадалар мен өзге де білім бәсекелерінен жүлдемен оралып жүргендердің басым көпшілігі – облыс орталығындағы ерекше дарынды балалар шоғырланған лицей мен мектеп-интернаттардың оқушылары. Өңіріміздің көрсеткішін көтеріп, абыройын арттырып жүргендер де солар.

Осыны қаперге алған облыс басшысы Асқар Мырзахметов дарынды ұл-қыздарға арналған білім мекемелерінің тәжірибесін ауылға тарату үшін ауданнан «Дарын» мектеп-интернатын ашудың жолдарын қарастыруды тапсырған болатын. Тараз қаласындағы осындай білім ошағында оқитын 313 баланың тең жартысы, яғни 155-і ауыл балалары екенін ескерсек, осы бастаманың тиімділігін түсінеміз.
Бұл Елбасы атап көрсеткендей, ауыл мен қала мектептерінің арасындағы алшақтықты жою үшін қажет қадам. Осы арқылы шалғайдағы елді мекендердің балаларының озық үлгідегі білім мекемесінде терең білім алуына жағдай жасалар еді. Бірақ сала мамандары өңір басшысының тапсырмасына сәйкес зерделеу жұмыстарын жүргізе келе, «Дарын» мектептерін аудандарда ашуға мүмкіндік жоқ деген байламға келді. Себебі Білім және ғылым министрінің бес жыл бұрынғы бұйрығында жазылғандай, мамандандырылған мектептерді тек облыс орталығы мен республикалық маңызы бар қалалаларда ғана ашып, жүргізуге рұқсат берілген. Алайда, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмағанбетова аудандардан мектеп-лицейлер ашу қажет деп санайды. Оның айтуынша, осындай білім ошақтары оқушылардың бейімділігі мен қабілеттеріне сәйкес кең ауқымда жаратылыстану-математика бағытында терең білім беруді қамтамасыз ететін, жалпы орта және қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын негізгі орта болмақ.
– Жалпы облыс бойынша 2156 дарынды бала мамандандырылған мектептерде оқуда, оның ішінде 449-ы ауылдардан келген. Аудан орталықтарында дарынды балаларға арналған «Дарын» мамандандырылған мектептерін ашу мүмкіндігі жоқ болғандықтан, аудандардан мектеп-лицейлерін ашуды ұсынамыз. Біз қазір аудан орталықтары мен Тараз қаласында орналасқан бір орта мектептің базасында дарынды балаларға арналған мектеп-лицей ашу мәселесін қарастырудамыз, – деген басқарма басшысы оған негізінен 5-9 сыныптардағы оқушыларды тарту жоспарланып отырғанын жеткізді.
Ұсыныс тиісті комиссия тарапынан қолдау тауып жатса, бұл бағыттағы жұмыстар келер оқу жылының басынан-ақ қолға алынбақ. Аудандар мен Тараз қаласында 11 мектеп-лицейі ашылып, 81 сыныпта 2043 дарынды оқушы қамтылады деп күтілуде. Қазіргі кезде лицейге қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және мұғалімдердің еңбекақысына қосымша үстемеақы қосу үшін жұмсалатын қаржының мөлшері зерделену үстінде. Ендеше, көзделген игі бастама іске асып жатса, ауылдағы талапты балалардың білімге деген талпынысына қанат бітеді деп сенеміз. Өйткені сапалы білімнің негізгі көрсеткіштерінің бірі – оқушылардың барлық деңгейдегі олимпиадаларға қатысуының нәтижелі қорытындылары. Биыл жамбылдық жас дарындар командасы республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жобалар байқаулары бойынша жетінші рет «Ең үздік командалар» қатарынан көрінді. Дегенмен олардың бәрі дерлік облыс орталығындағы дарынды ұл-қыздарға арналған мектеп-интернаттың шәкірттері. Ал аудан оқушыларының олимпиадаға қатысуы мен нәтижесі әлі ақсап тұр.

Жанғазы АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support