- Advertisement -

Көз қарығып, көңіл қанығады

215

- Advertisement -

Жуалы – аумағы жағынан облыс­тағы ең шағын аудан­дардың бірі. Аудан орталығынан қашық деген Қошқарата ауылының өзі бар-жоғы 60-ақ километр. Бір-біріне иін тіресе тығыз орналасқан ауылдардың ажары атқан таңдай жылдан-жылға құлпыра түсуде.

Аудан орталығындағы Б.Момышұлы, Батырбек датқа ескерткіштері, «Жасай бер, Қазақстан!» саябағы, «Бәйтерек» шағын сәулет нысаны, «Жастар», «Құрметті азаматтар» аллеялары бұрынырақ ашылғандықтан, бас жоспарға енгізіліп, Бауыржан батыр ауылын одан сайын көркейте түскендей. Ауылға кіреберістегі еңселі аркаға да сырттан келген кісі көз тастамай өтпейді. Жібек жолы көшесіндегі көпір ою-өрнекті жиекпен көмкеріліп, арка орнатылған. Осындағы жарық беретін шамдар түнгі уақытты самаладай жарқыратуда. Биыл ауыл келбетін жақсарту мақсатындағы жұмыс одан әрі жалғасатын көрінеді. Мәселен Рысбек батыр көшесінің бойынан шағын сквер ашу, темір жол асты өткелі аумағын абаттандыру жұмыстары жоспарланып, аудан орталығымен жалғасып жатқан Ақсай ауылдық округіне қарасты Қайрат ауылындағы Б.Момышұлы атындағы саябақты жаңғырту жұмыстары қолға алынуда.
Елдің еңсесі көтеріліп, тұрмыстық жағдайының жақсарғанын ауыл ажарының айшықтала түскенінен аңғаруға болады. «Алатау», «Несібелі», қайта жаңғыртылған «Қаракөз» мейрамханалары, сондай-ақ «Жасыл» сауда маркеті, бұрынғы жанар-жағар май құю стансасы орнындағы кәсіпкер Б.Мамышеваның қонақ үй, дүкен, автокөлікке қызмет көрсету орталығы ғимараттары да осы маңайдың көркіне көрік қосып, сән беруде.
– Аудан аумағынан, тіпті аудан орталығының іргесінен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық жолы өтеді. Қазақстандықтар ғана емес, ары-бері ағылған сан мыңдаған шетелдіктердің көзі түседі біздің ауылға. Осыны да ескеріп, Б.Момышұлы ауылының келбетін жақсарту мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет ісінің үздігі, суретші Б.Хамзинмен бірлесе отырып, Нұрлыкент ауылының тұсы мен аудан орталығына кіреберістен бастап Б.Сафинов, Жібек жолы, Парасат, Рысбек батыр және Жамбыл көшелері арқылы Қайрат ауылындағы Бауыржан Момышұлының мұражайына дейінгі аралық зерделеніп, бұрыннан тұрған нысандардың сырт келбетін жақсарту, кейбір аралықтарға шарбақ пен шағын сәулет туындыларын орналастыру мүмкіндіктері қарастырылуда, – дейді аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Қ.Беделбеков.
Расында да бұл аты әлемге әйгілі батыр атындағы ауыл болғандықтан, кім-кімнің де назары аумай тұрмайды. Баукеңнің ескерткішіне, музейіне барып, рухына тағзым етушілер де аз болмас. «Сырт көз – сыншы» деген. Сонау Кубаға дейін даңқы жайылған ұлы тұлға есімін иеленген мекен сәні де, салтанаты да келісіп жатуы тиіс. Әрине ауылдың атына заты сай болуы үшін қыруар тірлік атқару қажет. Кеңес заманында «Бурное» аталып келген ауылда қыс мезгілінде «Шақпақ» асуы жағынан үздіксіз соғатын ақ түтек бораннан қорғану үшін үйдің тұтастай қабырғасын қарағай ағашпен қымтап қоятын. Түзу көше де болмайтын.
2016 жылы ауылдағы «Көктөбе» жаңа тұрғын алқабын инженерлік жүйемен қамтамасыз етуге арналған жобалық-сметалық құжаттамалары мемлекеттік сарапатамадан өткізіліп, оның қорытындысы сол жылдың 28 желтоқсанында алыныпты. Құрылыс-жабдықтау жұмыстарының құны 612071,0 мың теңгені құраған. Бұл 30 гектар жер теліміндегі тұрғын алқапты электр қуатымен, газбен, автомобиль жолы және ауызсумен қамтамасыз етіп, кезекте тұрған 170 азаматты жер телімімен қамтамасыз етеді деп болжанған. Осы жоба бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жеке тұрғын үй құрылысын инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлуге бірнеше рет сұраныс жасалған көрінеді. Ақыры биыл жобаны іске асыруға 200 000,0 мың теңге бөлініп, сең қозғалған. Бұдан бөлек, 36,7 гектар жер теліміндегі алқапты инженерлік жүйемен қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесінде «Лидер Проект Дизайн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жобалау жұмыс­тарын аяқтап, мемлекеттік сараптамадан өту жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.
Сәтін салса, ауылдағы жеке тұрғын үй салуға жер телімінің кезегінде тұрған жүздеген адам үй-жайының іргетасын қалап, баспаналы болады. Оқтаудай түзу көшелер бой түзейді. Бұдан басқа да ауылды гүлдендіру жолында аудандық, ауылдық әкімдіктер атқаратын жұмыс аз болмаса керек. Кәсіпкерлер де шағын және орта бизнестің қарқын алуына жол ашатын ауылдың сәулетін арттырып, көркін келтіретін заманауи үлгідегі ғимараттар салуды жалғастыра берсе, былайғы жұрт батыр атындағы ауылдың көркіне тамсана қарайтын болады.

Амангелді ӘБІЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support