- Advertisement -

Серпіліс болмай, жетістік жоқ

134

- Advertisement -

Әлемдік экономиканың қиын да қилы кезеңінде мемлекеттердің әлеуметтік реформаларға қадам басуы – күрделі мәселе. Осы тұрғыда тек өзінің қабілеттілігі мен халықтың шексіз сеніміне ие, болашақты айқын бағалай білетін батыл басшылар ғана батыл қадамдарға бара алады.

2018 жылғы 10 қаңтарда Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан Республикасының жаңа кезеңдегі даму стратегиясы нақтыланған, алдағы уақытта жүзеге асырылатын міндеттері айқындалған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы жарияланды. Онда төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында мемлекет дамуының алғышарттары, экономиканы жаппай цифрландыру мен елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажеттілігі атап өтілген.
Қазір экономикалық өсімнің жаңа моделіне көшу тәсілі әр жерде әртүрлі жүзеге асырылуда. Ал әлемдік экономикада мемлекеттер мен аумақтар арасында бәсекелестік көбейген. Өндірілетін өнімдердің саны мен сапасын арттыру мүмкіндіктері кеңейіп отыр. Тауарлар мен қызметтердің бәсекелестік қабілетін арттыруға әсер етіп отырған негізгі фактор – ол ғылыми технологияның дамуы. Табиғи байлықтары мен шикізаттарын сатуды алға қойған мемлекеттер бұл бәсекелестер нарығында өз орындарын жоғалтуда. Мемлекеттер дамуының алғышарттары ретінде СМАРТ технологиялардың дамуы өте маңызды болып отыр. Сонымен қоса бізге қажетті жаңа технологиялар мен инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді. Кез келген инвестиция мемлекетті дамытуға үлес қосып қана қоймай, сондағы өмір сүріп отырған тұрғындар өмірін жеңілдетуге де өз септігін тигізеді. Біз алдыңғы қатарлы озық мемлекеттер қатарында болуымыз үшін бұл қадамдарға баруымыз керек. Оған біздің күш-қуатымыз бен біліктілігіміз жетеді. Өзіміздің мықты тұстарымызды пайдаланып, Тәуелсіздігіміздің 25 жылында бірге қалыптастырған әлеуетімізді жоғалтып алмауымыз абзал.
Осы орайда баға жетпес тәжірибе жинақтаудың арқасында мемлекетіміз алға батыл қадам басып, төртінші жаңғыруды бастауға мүмкіндік беріп отыр. Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» Стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір және ол Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» бағдарламасы аясында өткізілу нақтыланған.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады» деп белгіленген. Әлеуметтік мемлекет дегеніміз – барлық байлығын, ішкі мүліктерін ұстанып отырған саяси және экономикалық қағидаларын ел тұрғындарының тұрмысын жақсартуға, қоршаған ортаны қорғауға, білім алуға керек мүмкіндік жасауға, денсаулық сақтау жүйесін жоғары деңгейде қалыптастыруға жұмсап отырған мемлекет.
Жолдаудың барлық міндеттерінде халықтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін жақсарту бойынша нақты ұсыныстар мен тапсырмалар берілген. Әрбір адам – мемлекет байлығы. Сондықтан халықтың әл – ауқаты, әлеуметтік жағдайы мен денсаулығы басты назарға алынған.
2018-2020 жылдарға бекітілген республикалық бюджет толыққанды әлеуметтік бюджет деп атауға негіз бар. Мысалы, 2018 жылы республикалық бюджет шығындары 9 217,9 миллиард теңге құрайтынын атап өтсек, сол шығындардың 44,5 пайызы әлеуметтік сектор шығындарына қарастырылған.
«Шығындар құрылымында басым бөлігін немесе 44,5% әлеуметтік сектор шығындары құрайды, олар биылғы жылмен салыстырғанда 400 миллиард теңгеден астамға өсті. Жолдаудағы өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге, әлеуметтік саланы жаңғыртуға бағытталған Елбасының 5 әлеуметтік бастама ұсынуы да ел экономикасының қазіргі қарқынды даму көрсеткіші мен қоса барлық экономикалық жетістіктер – мемлекет тұрғындарының әлеуметтік көрсеткіштеріне тікелей әсер ету қажет деген ұстанымына сәйкес. Сонымен қатар Елбасының бес бастамасы Қазақстан экономикасының дамуына тың серпін беретіні де белгілі.
Әлеуметтік бастама қосымша бюджет шығындарына бөлінетін миллиардтаған қаражаттардан бөлек миллиондаған адамдар өмірін жақсартатыны мәлім. Газбен қамтамасыз ету бастамасына сәйкес 2,7 миллион адамның газбен қамтамасыз етілу мүмкіндігіне ие болса, 3 миллионға жуық адамның салық жеңілдіктерінің арқасында орташа табыс көздері өседі деп күтілуде.
Жолдау мен онда көрсетілген міндеттер және бес әлеуметтік бастама – еліміздің тарихи белесіне бастаған өте маңызды құжат. Онда Елбасымыз Қазақстан дамуының жаңа бағыттарын белгілеп берді. Осы кезеңде, әсіресе ұлттық экономиканы көтеруге ерекше көңіл бөлінді. Бұл қазақ-стандықтардың өмір сүру сапасына әсер етіп, еліміздің дамыған мемлекеттер қатарына қосылатынына сенімді күшейтті.

Сұлтан ӘБІЛДАЕВ,
М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекттік университеті «Экономика» кафедрасының доценті, экономика ғылымының докторы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support