- Advertisement -

Судья әдебі – сот лауазымының көрінісі

202

- Advertisement -

Кешегі дана билердің дәстүрін бүгінгі әлемдік тәжірибемен байыта отырып дамытқан еліміздің сот корпусы Тәуелсіздіктің 27 жылында биік белестерді бағындырды. Өйткені кешенді сот реформасының жүзеге асуына қозғаушы күш – судьялар корпусы ғана болып табылады. Сондықтан қазыларымыздың жалпы мінез-құлық қағидаттары қандай болу керектігі жайында мәселе туындаған кезде, ең алдымен, Судьялық әдеп кодексін басшылыққа аламыз.

Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында сот және құқық қорғау органдарының жаңғыртылуы және заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған 19-қадамда судьялардың есеп беру тәртібін күшейту, жаңа Әдеп кодексін жасақтау қажеттігі турасында айтылды. Оған қоса, соңғы уақытта қоғамда орын алған шынайы эволюциялық құқықтық және моральдық нормалар жаңа халықаралық заңнамаға сай Судьялық әдеп кодексін әзірлеуге негіз болды. Өйткені судьяға берілетін өкілеттілік ұлттық құқыққа ғана емес, демократиялық елдерде құпталған халықаралық құқыққа да бағынышты. Тағы бір айта кететін жайт, Судьялық әдеп кодексінің қабылдануы Прези-дент қойған міндеттердің орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Аталған жаңа Кодекске қолданыстағы Кодекстің негізгі қағидаларын сақтай отырып, жаңа нормалар енгізілді. Және басқа да мемлекеттердің оған ұқсас актілерінің жаңа ұғымдары, ережелері мен баптары қамтылғанын атап өткен жөн.
Бүгінгі таңда аталған әдеп қағидалары қызметтегі және отставкадағы судьяларға тең қолданылады. Кодекстің әр бабы құқықтық және қоғамдық жүктемеге ие. Ендеше, оқырман қызығушылығын тудыратын кейбір баптарға тоқталайық. Мәселен, судьяның жоғары мәртебесі мен жауапкершілігі Кодекстің 1-бабында көрініс тапқан. Судья қашанда берген антына берік болуға, қоғамдық қызмет пен тұрмыстық жағдайда кез келген әрекеттерді жүзеге асырған кезде, әдепсіз жүріс-тұрыстың көріністеріне жол бермей, судья лауазымының жоғары мәртебесіне лайық болып, әдеп нормаларын мүлтіксіз сақтауы тиіс. Кодексте судьяның жоғары мәртебесіне байланысты сот төрелігін іске асыруда оның мінез-құлық қағидалары бекітілген. Мысалы, судья сот отырысын жүргізудің жоғары мәдениетін қамтамасыз етуге, өзін лайықты, әдепті ұстауға және процеске қатысушылардан сондай қарым-қатынасты, яғни сотты құрметтеуді талап етуі тиіс. Сонымен қатар саяси және қоғамдық мәселелер бойынша оның пікір білдіру құқығы шектелмейді. Алайда оның саяси партияда және саяси мақсатты көздейтін қоғамдық бірлестіктерде болуы қызметіне сай келмейді, әрі ол сот билігінің беделіне күмән туғызбау үшін, өзінің діни нанымдары мен көзқарастарын насихаттауға, діни нышандарға деген өз көзқарасын жария түрде білдіруге тиіс емес.
Судья әрдайым көпшілік назарында болғандықтан, қоғам оның моральдық келбетіне қатаң талаптар қояды. Судьяға отбасында қойылатын жоғары моральдық қасиеттер туралы 12-бапта айтылған. Сондағы талаптар судьяның өз абыройына нұқсан келтірмеу, сот билігі беделін түсірмеу үшін қарастырылған. Ал Кодексте жазылған әдеп қағидалары мен нормаларын бұзған жағдайда, оған қатысты Судьялық әдеп жөніндегі комиссиясы туралы ережеде көзделген қоғамдық ықпал ету шаралары қолданылады.
Қорыта айтқанда, Судьялық әдеп кодексін қабылдау – Ұлт жоспарының заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Судьялардың әдеп кодексін стандарттарға сай жетілдіру – басты міндеттердің бірі. Судьялық әдеп кодексі судьялар корпусының қазіргі құрамын кәсіби және адами — әдеп жағынан нығайтудың құралы болуы тиіс. Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам – ең дамыған қоғам. Сондықтан биліктің үшінші тармағы – сот жүйесі сенімге селкеу түсірмеуі тиіс.

Данияр Дуанбеков,
Тараз қалалық мамандандырылған
әкімшілік сотының судьясы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support