- Advertisement -

Аграрлық сектордың ілгерілеуіне үлес қосамыз

124

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктерін айтып қана қоймай, нақты 10 бағыт бойынша маңызды міндеттерді атап көрсетті. Әсіресе «Ақылды технологиялар» агроөнеркәсіпті дамыту» атты бөлімі Жамбыл политехникалық жоғары колледжі ұжымы мен студенттері үшін ерекше әсер қалдырып, қызығушылықтарын оятты.

Тың идеялар мен ұтқыр ұсыныстарды ортаға салатын Елбасымыздың әрбір Жолдауы ең алдымен, егемен еліміздің ертеңгі жарқын болашағына бастар басты бағыт. Сол сияқты, бұл жолғы Жолдаудың да өзегі Қазақстанның үшінші жаңғыруына негізделгендіктен, қоғамдағы әр салаға аса жауапты тапсырмалар жүктеді. Көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер әрі тарихи сын-қатер, әрі ұлтқа берілген мүмкіндік екенін басты назарға алған. Мемлекет басшысы халықты толғандырып жүрген түйткілді мәселелерге басымдық беріп, келелі дүниелерге ерекше тоқталды.
Болашақты бағамдаған құжатта Елбасы «аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек» дей келе, Үкіметке ауыл шаруашылығын мейлінше жандандыруға байланысты нақты тапсырмалар берді. Бұл ретте Президент ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40 пайызға көбейтуді тапсырды. Аталған күрделі мәселелердің барлығы – инновациялық технологияларды енгізу арқылы бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығын өркендететін жаңа аграрлық саясатты дамытудың тетіктері.
Жолдауда айтылғандай, отандық ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілерге нақты қолдау көрсету үшін жаңа қабылданған «Ауыл шаруашылық кооперативтері туралы» Заңға сүйене отырып, ұсақ шаруашылықтарды iрiлендiріп, кооперацияға біріктіру көзделуде. Бұл ретте ғылым, бiлiм, өндiрiс интеграциясын күшейту арқылы ел экономикасын инновациялық бағытта өркендету қадамын жетiлдiру басты қағидаға айналуда. Қазақстан халқының 46 пайыздай бөлігі ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, Елбасы Жолдауында айтылған аграрлық саланы барынша бүгінгі заманға бейімдеу барысы, негізінен, қарапайым шаруа адамдарында айтарлықтай қолдау болатыны белгілі.
Жылдың бас құжатында ел экономикасының аграрлық секторына қатысты мәселелер кеңінен баяндалғандықтан, колледж ұжымы өзіне жүктелген міндеттерді жақсы түсінеді. Бүгін Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің алдында экспортқа бағдарланған, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті, сапалы азық-түлік өнімдер өндірісін ұлғайту арқылы елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету міндеті тұр. Оқу орны ұжымы еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің дамуы үшін заман талабына сай білікті мамандарды даярлай отырып, агроөнеркәсіп кешенінің барлық салаларына инновациялық технологияларды енгізуді, оларды өндірісте кеңінен пайдалануға жәрдем беруді басты мақсаты санайды.

Айдана Қадырова,
Жамбыл политехникалық жоғары колледжі «Жерге орналастыру» мамандығының арнайы пән оқытушысы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support