- Advertisement -

Сала сын көтермейді, шешімі қандай?

180

- Advertisement -

Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында көрсеткен он міндеттің жетіншісінде адами капитал, оның ішінде білім берудің сапасын жаңа деңгейге көтеруге баса мән берілген. Елбасы тапсырмасына сай қазір елімізде жүйелі жобалар әзірленіп, кешенді шаралар қолға алынуда. Бүгінде барлығы 214 599 оқушы білім алып жатқан 450 мектебі бар облысымызда бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда? Қолға алынған шаралардың жөн-жобасы қалай? Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен алқалы басқосуда осы және өзге де сауалдар жан-жақты қаузалды. Оған сала басшылары, қала және аудан әкімдері (селекторлық режімде), жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты.

– Бірден айтайын, орындалмай жатқан жұмыстың бәрінің түпкі себебі ақшаға тіреліп тұр деген ойдан аулақ болайық. Иә, кейбір білім ошақтарында техникалық мүмкіндіктер жетіспейді, базалық, материалдық тапшылық та байқалатын шығар, ол – өз алдына бөлек тақырып. Біз қазіргі жағдайдағы білім сапасын арттыру жолын сөз еткеніміз жөн, – деді Асқар Исабекұлы бірден жиынның мән-мақсатын нақтылап.
Бұдан соң өңір мектептеріндегі білім сапасын арттыру бойынша баяндама жасаған облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова саладағы жемісті жұмыстарға аз-кем тоқталып, кемшіліктер мен олардың шешілу жолдарын ойласуға көбірек көңіл бөлді. Сапалы білімнің маңызды көрсеткіштерінің бірі оқушылардың барлық деңгейдегі олимпиадаларға қатысу нәтижесіне байланысты десек, республикалық пән олимпиадалары және ғылыми жобалар байқауларының қорытындылары бойынша жамбылдық жеткіншектер көштен қалған емес.
Оқушылар командасы биыл жетінші рет және алтыншы жыл қатарынан «Ең үздік командалар» қатарынан көрінді. Әлбетте, бұл – ауыз толтырып айтатын жетістік. Алайда аудандардағы шәкірттердің олимпиадаға қатысуы мен нәтижесінде үлкен айырмашылық бар. Мәселен, облыстық олимпиаданың қорытындысы бойынша Жамбыл, Жуалы, Мойынқұм, Сарысу аудандары оқушыларының дайындық деңгейінің төмендігі анықталған.
– 2018 жылдың наурыз айында алғашқы рет TALIS-2018 халықаралық зерттеуі өткізіліп, 13 білім мекемесінен 275 пән мұғалімі онлайн форматтағы сауалнамаға қатысты. Ал 2 сәуір мен 12 мамыр аралығында халықаралық апробациялық TIMSS зерттеуі, компьютерлік форматта негізгі PISA, ICILS зерттеулері жүргізіледі.

PISA зерттеуіне 33 мектептен 15 жастағы 1094 білім алушы, TIMSS апробациялық зерттеуіне 2 білім ошағынан 4-8-сыныптың 141 оқушысы қатысады. 8-сынып оқушыларының ІТ құзыреттері деңгейін бағалау және олардың оқу жетістігіне ықпалын анықтау мақсатында өтетін халықаралық ICILS-2018 негізгі зерттеуіне өңірімізден 14 мектеп қамтылмақ. Зерттеу нәтижесінде жаратылыстану-математикалық бағыттағы дарынды балалар санын арттыру жолға қойылады деп жоспарлануда, – деді Рахия Сейітбекқызы.
Басқарма басшысы баяндама-сында биылғы оқу жылының I жартыжылдығында оқушылардың білім сапасы 64,8 пайызды құрағанын, білім берудің мемлекеттік бағдарламасы бойынша жоспар 65 пайыз болу керектігін тілге тиек етті. Жоспар шамамен орындалды десек те, облыс бойынша үш жыл қатарынан төмен білім сапасын көрсетіп келе жатқан мектептер азаймай тұр. Бүгінде олардың саны 39-ға жеткені қуантатын жайт емес. Ол мектептердің 10-ы Тараз қаласында екенін ескерген Асқар Мырзахметов қала әкімі Рүстем Дәулеттен мұның себебін сұрады. Мәселенің мәнісін түсіндіріп бере алмаған шаһар басшысының: «Тиісті тұлғаларға ескерту берілді, биыл да жақсы нәтиже көрсете алмаса, қызметтеріне сәйкес еместігі бойынша шара қолданамыз» деген сөзі – көпшілік үшін шығарып салма жауаптың бірі секілді болғаны анық.
– Шалғайдағы ауданда емес, облыс орталығындағы мектептердің білім деңгейінің төмен болғаны ойландырады. Сонда оларға бұған дейін шара қолдану үшін үш жыл аздық етті ме? Тиісті пән мұғалімдері де жауапкершілікті сезінуі үшін мұны мектептің директоры ғана емес, педогогикалық құрам да қатысатын жиында ашып айту керек. Үш жыл бойы төмен көрсеткіш көрсетілсе де, шара қолданылмауы – қала әкімінің, білім бөлімінің жұмысының әлсіздігі екені сөзсіз. Бұл бойынша алғашқы жылы-ақ жұмыс жасалса, бүгінде жағдай жақсарар еді, – деген Асқар Мырзахметов мектептердің білім сапасын анықтау, рейтинг жасап, бағалауды жүйелеп, жетілдіруді тапсырды.
Дерекке сүйенсек, былтыр өңірімізде ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша 57 мектеп төмен нәтиже (65 баллдан төмен көрсеткіш) көрсеткен. Олардың ішінде 6-ауының соңғы үш жыл қатарынан, 13-інің екі жыл бойы көрсеткіштері жақсармаған. Басқарма басшысы оларға көмек көрсететін 12 ресурстық орталық құрылғанын айтып, биыл ҰБТ-ға дайындық жұмыстары оқу жылының басынан бастап қолға алынғанын жеткізді. Рахия Сейітбекқызы өз мәлімдесінде анықталған кемшіліктерді көрсете отырып, оны шешу жолдарын сөз етті.
Жиында облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Дәмеш Үскімбаева баяндама жасап, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында атқарылған жұмыстар туралы хабарлады. Оның айтуынша, министрліктің бұйрығымен осы жылдың жарты жылдығына арналған ішінара тексерулердің тізімі бекітіліп, оған облыс бойынша 45 білім беру ұйымы еніпті. Қазіргі кезде соның 23-іне тексеру жүргізіліп, бірқатар заңнама талаптарын сақтамау деректері анықталған.
– Тексеру кезінде айқындалған іс-құжаттардың, қатаң есептіліктегі құжаттар болып табылатын сынып журналдарының талапқа сәйкес жүргізілмеуі, оқушыларды ағымдық бақылау, аралық аттестаттау бағаларының қойылмауы, бақылау жұмыстары бағаларының сынып журналдарымен сәйкес келмеуі, бағалардың түзетілуі сияқты өрескел кемшіліктерді атап өту керек. Сондай-ақ кейбір мекемелерде мұғалімдердің жетіспеуінен орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, химия, информатика, музыка, технология секілді пәндерден мамандығы сәйкес келмейтін педагогтер сабақ беруде, – деді Д.Үскімбаева.
Тексерулерде өңірдегі 6 білім беру мекемесінің 52 педагогі бес жылда бір рет біліктілікті арттыру курстарынан, 3 білім беру ұйымында 8 педагог бес жылда бір рет аттестаттаудан өту мерзімдерін бұзғандығы анықталыпты. Нәтижесінде 23 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, лауазымды тұлғаларға – 220, заңды тұлғаларға – 405, барлығы 625 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі 1503125 теңге әкімшілік айыппұлдар салынған. Тоғыз білім беру ұйымы лицензиясының қолданысын 6 айға дейінгі мерзімге тоқтата тұру туралы шешім де шығарылған.
Дәмеш Шайхықызы Т.Рысқұлов ауданындағы Тубсанаторий негізгі мектебінің Жарғысында мекеменің мәртебесі анықталмағанын айтып, оны «арнайы білім беру ұйымы» ретінде қайта белгілеп, ведомстволық бағыныстылығын қайта қарау керектігін атап өтті. Сонымен қатар департамент басшысы «Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің кешкі орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесін өзіне бекітілген білім алушылар контингентімен қалдыруды, ал 158/2, 158/4, 158/7 түзету мекемелерінің бас бостандығынан айырылған азаматтарын оқыту үшін «Түзету мекемелері жанындағы жалпы білім беретін мектеп» ашуды ұсынды.
Басқосуда мектеп директорларының біліктілігі, үш ауысымдық мектептердің жайы, білім ошақтарындағы оқушылардың сыйымдылығы, мұғалімдердің сағат бөлінісі, кәсіби құзыреттілігін арттыру, үш тілде оқытуға кезең-кезеңмен көшу, ата-аналар кеңесі, «Дарын» мектебінің тәжірибесін аудандарға тарату үшін жергілікті жерлерде мектеп-лицейлер ашу және басқа да түрлі мәселелер талқыланып, шешу жолдары қарастырылды. Үздік мектептердің директорларының тәжірибесін бөлісу, оның орынбасарларын білім сапасы төмен мектептерге басшылыққа тағайындау, үздік директорлар резервін құру, зәру мамандықтағы мұғалімдерді даярлау, білім беру мекемелерінің рейтингісін жасау секілді тағы басқа да ұсыныстар көтеріліп, хаттамаға енгізілді. Асқар Исабекұлы барлық жауапты тұлғаларды өңірдегі білім сапасын арттыруға жауапкершілікпен қарауды тапсырды.

Жанғазы Ахмет

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support