- Advertisement -

Шылымқорлық – шыбын жанның соры…

179

- Advertisement -

Бүгінде адамзат қоғамы темекіден теріс айналуда. Неге десеңіз, өшірілмеген темекі тұқылынан туындаған өрттер ел экономикасына, экологияға, тіпті жеке тұрғындарға да орасан зор шығындар келтіруде. Бұл жерде темекішілдіктің адам денсаулығына, ішкі ағзаларына келтірер зияны қаншалықты екендігін айтпай-ақ қояйық. Ол жөнінде темекі қораптарында жеріне жеткізіле жазылып көрсетіліп, насихатталуда. Елімізде тіпті темекінің бағасы екі есеге қымбаттап, бір қорабының құны 400-500 теңгеге барып қалды. Осылай болды екен деп, темекіден тартынғандар сирек-ау. Мұның мониторингін жүргізіп, сараптама жасап жатқан арнайы мекемелер бар ма екен, өзі? Айтайын дегеніміз – ол да емес.

Қалай дегенде де бүгінгі күні қоғамымызда темекішілдіктен туындайтын түйткілдер көбейіңкіреп тұр ғой… Темекіге қарсы қоғам болып күресу деген бұған дейін де болған. Қазір де бар. Алайда ол пәрменді ме, жоқ па, мәселе осында.
Жуырда қоғамдық көлікпен келе жатып, бір аялдамада жайсыз оқиғаның куәсі болдық. Салонға кіріп үлгерген орта жастағы кісіні жап-жас полиция қызметкері жерге сүйреп түсірмек болып, біраз ерегіске барды. Жер тайғақта көлігін ілдалдалап жүргізіп, жүру кестесін үзбеуге тырысып келе жатқан жүргізушінің «Уақытты алмасаңдаршы» дегеніне де қарайтын емес. Үлкен кісі «Менің еш кінәм жоқ, сонша не істеп қойдым? Жібер, қанеки» деп азарда -безер. Полиция өкілі «Қоғамдық тәртіпті бұздыңыз. Бейнекамераға түсіп қалдыңыз» деген уәж айтты. Сөйтсек мәселе әлгі орта жастағы кісінің темекісінің тұқылын көше бойына бейберекет тастай салуына байланысты туындаған екен. Аздан соң «қызыл жағалының» тағы бірі келіп, екеулеп әлгі кісіні автобустан күштеп түсіріп, сүйрелеп алды да кетті. Әрине көзге де, көңілге де тосындау әрі ыңғайсыз-ақ көрініс. Мұндай әрекеттерге барудың қолданысқа енгізілгеніне әлі «етіміз үйренбей» жатқандығынан бәрі де.
Әйтпеген күнде бұл жөнінде еліміздің «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы», «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстерінде де тайға таңба басқандай жазылып, көрсетілген. Әсіресе соңғы аталған заңнаманың «Жекелеген қоғамдық орындарда темекі бұйымдарын тұтынуға тыйым салуды бұзу» деп аталатын 441-бабы бойынша жеке тұлғаларға алғашында үш айлық, ал әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанған жағдайда алты айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынатыны екінің біріне белгілі болуға тиіс. Ал жұмыс беруші тараптарға қолданылатын шаралар бұдан да ауырырақ.
Темекіқұмарлықпен күресіп жатқан ел жалғыз біз ғана емеспіз. Соның арқасында әлемде қоғамдық орындарда, тіпті бар мен мейрамханаларда, барлық мекемелер мен қала көшелерінде темекі тартуға тосқауыл қоятын мемлекеттердің саны жыл сайын артуда. Ұлыбританияда мүлдем темекі тартуға болмайды. Қоғамдық орындарда темекі тартқан жан әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл төлейді. Мысалы, Лондон қаласының көшелерінде шылым шегуге қарсылық білдіретін азаматтар темекі тартқан кісіні көрген жағдайда, әкімшілікке бірден шағым түсіре алады. Сыпайы дейтін сингапурлықтар да солай етеді. Германияда темекіқұмар жан жұрт назарынан тыс, тығылып жүріп темекі тартса да, әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін. Халық көп шоғырланған жерде темекі тартқан жағдайда 1 мың еуроға дейін айыппұл салынады. Таиландта күшіне енген темекі шегуге шектеу қою жөніндегі заң 100 мың тай валютасы немесе 176 мың рубль көлемінде айыппұл салу және бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

Баймаханбет АХМЕТ

Осы мәселеге байланысты облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметіне хабарласып, жыл ішінде қоғамдық орындарда темекі бұйымдарын тұтыну талаптарын сақтамағаны үшін қанша азамат айыппұл төлеуге мәжбүр болғанын сұрап білген едік. Мекеме тарапынан берілген мәліметке сайсақ, былтыр осыған байланысты облыс бойынша құқық бұзушылықтың 3341 (оның ішінде 1772 -і – Тараз қаласының үлесінде) дерегі тіркелген екен.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support