- Advertisement -

Тұрғын үймен қамтудың тиімді үлгісі

122

- Advertisement -

Тәуелсіздік жылдарында мемлекетіміз тұрғын үй құрылысының қарқынын баяулатпау және халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жан-жақты шаралар қабылдаумен келеді. Тым әріге бармай, берідегіні-ақ айтайықшы. Мысалы, елімізде тұрғын үй құрылысын дамытудың 2005-2007 және 2008-2010, құрылыс индустриясын және құрылыс материалдары өндірісін дамытудың 2010-2014, тұрғын үй құрылысының 2011-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламалары табыспен іске асырылғаны белгілі. Олардың ішінде Елбасының 2012 жылғы 12 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстанды дамытудың басты бағдары» атты Жолдауынан бастауын алған «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасын бөле-жара атап өтуіміз керек-ақ. Оны жүзеге асыру жоспарында не көзделген еді? Біздің білетініміз – өңірімізде оны жүзеге асыру жоспарын әзірлеу мен орындауға жауапты мемлекеттік орган облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы болып белгіленгендігі.

Бұл ретте кезінде тіпті құрылыс материалдарын өндіретін жамбылдық жиырмадан астам кәсіпорынның әлеуеті қандай деңгейде екендігіне дейін зерделенген-ді. Олардың тұрғын үй құрылысын гипс, кірпіш, шағал тас, металл құрастырмалар, цемент, пластикалық бұйымдар, полиэтилен құбырлар, бордюр, брусчатка, электр шамдары секілді құрылыс материалдарымен жергілікті жерде-ақ жеткілікті қамтамасыз ете алатын мүмкіндігі бар екен.
Жалпы, үй мәселесі екі отбасының бірінде бар. Осы мақсатта жоғарыда аталған бағдарламада мемлекеттік және әкімдіктер жалға алған жекеменшік тұрғын үй қорларынан кезекке тұрғандар мен жас отбасылар үшін арендалық және жеке тұрғын үйлер, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылыстарын салуды «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры», «Қазақстан ипотекалық компаниясы» акционерлік қоғамдары, банктік несиелендіру арқылы жүзеге асыру ойластырылған. Осылай жыл сайын бағдарлама шеңберінде пайдалы алаңы 125,3 мың шаршы метрді құрайтын 40, 60, 100 пәтерлі, бес қабатты типтік және бір қабатты бір бөлмелі тұрғын үйлер тұрғызу, бұл мақсатқа 13944,5 миллион теңге жұмсау жоспарланыпты. Жоспар нақты жүзеге асырылған жағдайда 1 884 отбасы пәтерге ие болады екен. Қысқасы, бұл бағыты айқын, арқауы берік нағыз халықтық жобаға да айналып үлгерген.
Ал ол қалай жүзеге асырылу үстінде? Облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан алынған мәліметтерге қарағанда, бұл жылдар ішінде облысымызда тұрғын үй құрылысы жоғары қарқынмен жүзеге асырылыпты. Атап айтқанда, 2010 жылы 218, 3 мың, 2011 жылы 231,9 мың, 2012 жылы 225, 9 мың, 2013 жылы 256,7 мың, 2014 жылы 258, 1 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдаланылуға тапсырылған екен. 2016 жылы 318 мың шаршы метрден астам баспана тұрғызылып, көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 8,8 пайызға артық орындалыпты.
Соңғы жылдары атауы «Нұрлы жол», «Өңірлерді дамыту – 2020», «Нұрлы жер» болып өзгертілгенмен, «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын жұмыстар мейлінше ықшамдалып, оңтайлы тетіктер енгізілуімен жетілдіріле түсіпті.
Бүгінгі «Нұрлы жер» мен кешегі «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламаларының айырмашылықтары неде? Негізі, тұрғын үй саласында бұған дейін болған барлық механизмдер «Нұрлы жер» бағдарламасына да енгізілген. Тұрғын үй жинақ пен ипотекадан бөлек, жеке тұрғын үй салу жүйесі де бар. Бағдарламаның негізгі мақсаты – осы саланы нарыққа барынша бейімдеу. Мемлекет оған көп араласпауға тиіс. Себебі халықтың өз жинақтары бар, табысы да жоқ емес. Ал әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар үшін арнайы баспаналар салынады. Мәселен, I топтағы мүгедектер мен жетім балалар арендалық үйді ала алады. Бірақ оны жеке өз атыңа аударуға рұқсат жоқ. Тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы да жеке баспана алуға мүмкіндік бар. Оған табысы мен жинақтары бар азаматтар қатысады. Мемлекеттік қызметшілер, дәрігерлер, мұғалімдер сияқты бюджет саласының мамандары, әскери азаматтар және тағы басқа тұрақты жалақысы бар адамдар дәл сол кредиттік баспананы алса да болады. Бұдан бөлек, екінші деңгейлі банктерді субсидиялау арқылы жекеменшік компаниялардан пәтер сатып алу мүмкіндігі, сондай-ақ ипотека да қарастырылған. Алайда оны тек қымбат үй алғысы келетіндер ғана пайдалана алады. Мемлекеттік бағдарлама аясында эконом-класқа жататын баспана салынады. Ал элиталық баспана ипотека арқылы сатылады. Аталған бағдарлама шеңберінде әрбір аймақта шамамен 15-20 миллиард теңге қаржы кредиттік баспанаға жұмсалатын болады. Ал Астана мен Алматыда тұрғын үй жинақтары бойынша салынатын баспаналардың жалпы сомасы 30 миллиард теңгені құрайды. Осылайша, пәтер кезегінде тұрған азаматтар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы Астана мен Алматыда үйдің бір шаршы метрін 180 мың теңгеге сатып ала алады. Ал өзге өңірлерде бір шаршы метрдің бағасы 140 мың теңгені құрамақ.
«Нұрлы жер» – бұл алдағы 15 жылға арналған ауқымды жоба. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бергі ширек ғасырдан астам уақыт ішінде еліміз бойынша жылына 40 мың пәтер салынған болса, жаңа бағдарлама аясында енді жыл сайын 100 мың пәтер пайдаланылуға берілмек. Осының арқасында 15 жылдың ішінде 1,5 миллион отбасын баспанамен қамтамасыз етуге де болады. Ал облыс орталықтары «ауылға» айналып кетпес үшін біркелкі коттедждердің салынуы жүзеге асырылады. Бұл орайда бірыңғай стиль, бірыңғай дизайн болуы қаперге алынбақ. Мердігерлер ондай үйлерді салғанда бір шаршы метрдің бағасын 120 мың теңгеден асырмауға тиіс. Соның арқасында аталған баспана халыққа қолжетімді бола түседі деп күтілуде. Пәтер үйдің бір шаршы метр аумағының құны Өскеменде 165,4 мың, Семейде 160,4 мың, Павлодарда 159,5 мың, Ақтөбеде 155 мың, елімізде тұрғын үй бағасы ең төмен деген Таразда 151,9 мың теңгені құрап отырған қазіргідей уақытта мұның өзі төлемақы қабілеті әлі де төмендеу тұрғындарға едәуір жеңілдік екені айтпаса да түсінікті.
Бүгінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында облигациялық құнды қағаздар шығару арқылы Тараз қаласындағы 43,8 мың шаршы метрлік аумақта 5 қабатты 80 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа 2017 жылы 1,8 миллиард теңге бөлініп, ол толығымен игерілген болатын. Былтырғы жылдан өтпелі және биылғы тұрғын үй құрылысы жұмыстарына барлығы 3,23 миллиард теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарының басым дені негізінен қаладағы Сүлейменов көшесінің соңындағы тұрғын алқабының жер телімдерінде жүргізілуде. Сондай-ақ халықтың әлсіз топтары үшін сатып алу құқығынсыз «Арай» алқабы мен «Бәйтерек» шағын ауданынан бой көтеретін тұрғын үй кешені – 3 нысанның құрылысына республикалық бюджеттен 1 531,302 миллион теңге бөлініп, игерілуде. Бұл нысандар қосымша қаржыландырылумен биыл пайдалануға да берілмек.
Осы ретте аталмыш бағдарлама аясында Т.Рысқұлов ауданы Құлан ауылындағы «Арай», Тараз қаласындағы «Барысхан», Сүлейменов көшесінің соңындағы тұрғын алқаптары мен «Бәйтерек» шағын ауданының бірқатар жер телімдерінің инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымдарын дамытуға республикалық бюджет есебінен тиісінше қаржы қаражаттары бөлінгенін де атап өту ләзім.
Айта кету керек, облыс орталығында 2005-2006 жылдары кезекке тіркелген азаматтардың Сүлейменов көшесінің соңындағы алқапта «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысын жүргізу жұмыстарына қатысуы басталып кетті. Тараз қаласы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Бақытжан Сүгірбеков:
– Бағдарлама аясында «Бірыңғай құрылысшы» күшімен 205 жеке тұрғын үй соғылып біткеннен кейін осы үйлер кезекте тұрған азаматтарға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы берілетін болады. Кезекте тұрған азаматтарға үш түрлі үйдің жобасы ұсынылып, одан әрі қарай аталған банк олардың төлемақы қабілеттілігін анықтау жұмыстарын жүргізетін болады. Осы ретте атап өтерлік жай, биылғы жылғы 9 ақпанда өткен жер телімдеріне құқық беру жөніндегі комиссияның отырысында қосымша тағы да 300 жеке тұрғын үй құрылысы жұмыстарын жүргізуге рұқсат берілді, – деп бұл істің мән-жайын тарата айтып та берді.
Ендігі жерде елдің бақуаттылық пен берекеге бастайтын берері мол бастамаға белсенді атсалысуы ғана қалып тұрған сыңайлы.

 

Баймаханбет АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support