- Advertisement -

Наурыз – құт-береке бастауы

330

- Advertisement -

Құрметті жамбылдықтар!
Қадірменді жерлестер!

Баршаңызды тіршілік пен табиғатты түлеткен, ұлттардың бауырластығына арқау болған Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймыз!
Наурыз мерекесі – еліміздің тарихының бір бөлшегі, мәдениетіміз бен дәстүріміздің киелі бастауы екені баршамызға аян. Жер-дүние қайта құлпырып, Табиғат- ананың құдіретімен қайта түлейтін бұл ай бір жылдың ырысы мен берекесін ала келеді. Күн мен түн теңесіп, Ай мен Үркер жұлдызы тоғысатын кезең де осы Наурыз.
Халқымызда «Тепе-теңдік, ізгілік пен жаңару үйлесім тапқанда елге құт қонып, береке орнайды» деген даналық сөз бар. Сондықтан Наурыз – табиғат пен қоғамның, адам мен адамның, ел мен елдің ара-қатынасындағы теңдік заңдылығын сақтайтын бастау бұлақтар мен қайнар көздің ашылуына мүмкіндік туғызатын сән-салтанатты, мағынасы терең, айтулы мейрам.
Наурыз мейрамы Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен 2010 жылдан бері халықаралық мереке ретінде белгіленіп, бүкіл адамзат баласының мәдени мұрасын байытты.
Облыс тұрғындары мейірім мен шапағаттан, жылу мен жаңарудан тұратын ұлық мереке қарсаңында тоғыз күнді бір отбасының баласындай жарқын көңілмен, ақ пейілмен, түрлі атаумен өткізуде. Бұл күндері адамдар бір-біріне деген өкпе-реніштерін кешіріп, бір-бірін ұлықтап, құрметтейді. Жүрегіне имандылық нұры ұйыған жандар игі дәстүрмен қайырымдылық жасайды. Ағаш отырғызып, бұлақтың көзін ашып, бір-біріне жақсылық тілейді.
Әрине, осынау әрбір игі істің, ата дәстүрдің астарында ғасырлар бойы сабақтастығын үзбей жеткен Ұлы Даланың даналығы, халқымыздың өшпес өсиеті бар. Әз Наурызбен біте қайнасқан біздің ұлттық құндылықтарымыз Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың бейбітшіл саясатымен үндесіп жатыр. Халқымыз бұл қолдауды болашаққа бағдарлайтын дара жолға балап отыр. Ал әрбір әлеуметтік бастама жаңару мен жаңғырудың кепілі болмақ.
Құрметті жамбылдықтар!
Жақсылық пен жарастықтан, еңбек пен қанағаттан, ырыс пен берекеден, мейірім мен парасаттан бастау алған әз Наурыз мейрамы құтты болсын!
Ұлыстың ұлы күні отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, мерекелік көңіл-күй, бақ-береке, молшылық тілеймін.
Ұлыс оң, ақ мол болсын!

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов

Облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support