- Advertisement -

Шуда жаңа балабақша ашылды

189

- Advertisement -

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында Шу қаласында «Дияр» атты жаңа балабақша пайдалануға берілді. Шулықтарға бұл тамаша тартуды жеке кәсіпкер Азамат Дандаев жасап отыр. «Балапан» бағдарламасын орындау және мектепке дейінгі білім беру ошақтарының желісін арттыру мақсатында салынған нысан аудандағы балабақша санын арттырып қана қоймай, бірнеше маманды тұрақты жұмыспен қамтып, қала тұрғындарының қуанышын еселей түсті.
Енді жаңа балабақшада 6 тәрбиеші, 3 тәрбиешінің көмекшісі, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі және хореограф, психолог, логопед мамандары бүлдіршіндерге тәрбие беретін болады. Мекеменің ғимараты да соңғы үлгідегі талаптарға сай. Онда бес жасқа дейінгі 75 бүлдіршін «Балдырған», «Алақай» және «Айбөбек» деп аталатын үш топқа бөлінген. Барлық бөлме заманауи үлгіде жабдықталған.
Салтанатты шарада балғындар жатқа тақпақ айтып, мың бұрала билеп, өнер көрсетті. Балабақшаның ашылу рәсіміне арнайы қатысқан аудан әкімі Қайрат Досаев жиналған жұртшылыққа құттықтау сөзі мен ақжарма тілегін жеткізіп, жаңа ұжымға сый-сияпатын табыс етті.
– Елбасының тапсырмасына сай, 2020 жылға дейін бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім беру мекемесімен қамту деңгейін 100 пайызға жеткізуіміз керек. Бүгінгі таңда Шу ауданы бұл көрсеткішті 85 пайызға орындады. Биыл да өңірімізде бірнеше балабақша ашылатынын ескерсек, межелі міндетті толығымен атқарамыз деп сенемін, – деді Қайрат Әскербекұлы.
Айта кету керек, ауданда соңғы үш жылдың өзінде 6 балабақша ашылып, кезегін күткен бүлдіршіндер саны 500-ге азайды. «Балабақша – білім беру үдерісінің алғашқы сатысы. Сондықтан біздің мақсатымыз – балаларға барынша ыңғайлы жағдай жасап, сапалы білім алуын қамтамасыз ету. Оқыту бағдарламамыз олардың жан-жақты дамуын қамтамасыз етеді», – дейді балабақша меңгерушісі Салтанат Оспанқұлова.

Шу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support