- Advertisement -

Тігін фабрикасының тіршілігі қауырт

216

- Advertisement -

Таразда әйелдерге арналған қазіргі заманғы сән үлгісінде киім тігетін фабрика барын көпшілік біле бермейтіні анық. Сол жерге барып көргенше, онда үлкен іс қолға алынып, ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанынан біз де бейхабар болдық. Ғимаратқа кіргенде құдды бір фабрикаға немесе үлкен бір дүкенге емес, зәулім сарайға кіргендей сезінгеніміз рас. Беймарал қалағаныңды киіп көріп, арасында демалып, шай ішіп алуға да мүмкіндік жасалған. Бұл әмбебап ғимараттың ішінде киім тігетін фабрика, дүкен, сонымен қатар ерлерге және әйелдерге арналған сұлулық салоны орналасқан. Жеке кәсіпкер Бағдат Майлыбаева «Bakonya» М.В.А сән фабрикасының ашқанда – өңірден шығарған әйелдер киімін қазақстандық брендке айналдыруды мақсат тұтыпты.

Іскер келіншектің ілкімді ісімен жақын танысқаннан кейін бұл Жамбыл жерінде жеңіл өнеркәсіпті дамытуға серпін беретін бірегей жоба болады деген ой келді. Өйткені кәсіпкер осы іске бар ынтасымен кіріскені көрініп-ақ тұр. Ең бастысы кәсіп ашуда қажет ететін барлық факторлар ескерілген. Ғимараттың қала орталығында орналасуы, нарықтағы сапалы өнімге деген сұраныс, соның ішінде тауар құрамындағы синтетикасы аз маталарды қолдану сияқты талаптар назарға алынған. Әйтсе де осының бәрін іске асырғанымен бұның табыс әкелуіне әлі біршама уақыт қажет. Кәсіпкер соған қарамастан үлкен тәуекелге барып, жеке өзі инвестиция салып отыр.
– Бұл істі бастарда көп ойланған жоқпын. Көптеген кәсіпкерлер алдымен бизнес жоспарын мұқият зерделеп, одан қаншалықты пайда түсетінін есептеп жатады. Ал мен бірден тәуекел еттім. 24 жасымнан кәсіппен айналысып келемін. 1998 жылдары күрделі кезеңде ең бірініші кафе аштым. Қиындық мені шыңдай түсті. Одан кейін бірнеше кәсіпті бастап, оны ілгері дамыттық. Оның ішіндегі әлеуметтік кәсіптерім маған көп табыс әкелмесе де, ешқайсысын орта жолдан тоқтатқан жоқпын. Өйткені ол менің жүрегіме өте жақын, — дейді кәсіпкер.
Ол бұл кәсіпті ашпай тұрып, киім тігуді бір жыл бұрын бастаған екен. Қанша тігін машинасы, құрал-жабдықтар, мата түрлері, жұмыс күші қажет екенін зерттеп, қандай сән үлгілеріне сұраныс барын ескере келе осы істі бастаған. Бағдат Майлыбаева тапсырысты орындарда шығармашылықпен жұмыс істейтін, киімнің салтанатты шаралармен қатар күнделікті кигенге лайық болуына аса мән беретінін айтады. Мәселен көбісі көйлекті шифон матадан тіксе, ол оны астарына пайдаланады. Себебі киімді киген кезде денеге жағымды болуына үлкен мән береді екен. Ол қымбатқа түскенімен тиімді көрінеді. Халықтың жағдайын ескерген кәсіпкер сапасы жоғары тауарларын қолжетімді бағада қойған.
Кезінде кәсіпкерге тігін фабрикасын үлкен мегаполис саналатын Алматы, Астана қалаларында ашуды ұсынғандар болыпты. Бірақ оны туған жерге деген патриоттық сезімі жеңіп, бұл істі Таразда бастап отыр. Өнеркәсіптің дамуы экономикаға пайда әкелетіні әлемдік тәжірибеде дәлелденген. Дерекке көз жүгіртсек, Еуропада инвестицияның 65 пайызы осы салаға тиесілі.
– Бүгінде киім сататын дүкендер өте көп. Бірақ көп жағдайда тұтынушылар тауардың сапасына мән бермейді. Талап етпейді. Ал біз осында тігеміз, егер алушыға ұнамай жатса, қайтадан әкелуіне болады. Әрбір тігісіне дейін мән береміз. Түркиядан, Қытайдан, Бішкектен киім әкелген өте тиімді негізі. Бірақ сапасына келгенде ешкім жауапкершілікті мойнына алмайды, – дейді ол.
Бүгінде өндіріспен айналысқысы келетіндер баршылық. Бірақ істің көзін тауып, кәсібін дөңгелетіп алып кететіндер аз. Мәселен жеңіл өнеркәсіп терең зерттеуді қажет етеді. Бұл салада нарықтағы сұраныспен қатар сапаға мән беру керек. «Арзанның сорпасы татымас» дегендей, арзан, сапасыз киімдер аллергиялық аурулар да туғызуы мүмкін.
Ол өндірісте қолданылатын матаны, оған қажетті жабдықтардың бәрін өзі БАӘ-дан, Гуанчжоудан, Бішкектен және өзіміздің Тараздан да алатынын айтады. «Фурнитура бұйымды әшекейлеу және киім киген кезде қолайлы болу үшін қолданылады. Бұл салада ең қиыны осы. Матаны өзім таңдап, оның сапасына ерекше көңіл бөлемін. Оған көбіне қызым көмектеседі. Үлгілерін де екеуміз қарастырамыз. Дизайндарын өзім ойластырамын» – дейді бүгінде 30 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер.

 

Камила БОРАШОВА
Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support