- Advertisement -

Мақсат – медициналық көмектің тиімділігі

477

- Advertisement -

Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын іске асыру – ең алдымен Қазақстанды 30 дамыған елдің қатарына қосып, еліміздегі барлық қызмет түрлерін халықаралық деңгейге көтереді деп күтілуде. Президент ұсынған реформалар экономиканың барлық саласына қатысты десек, соның бірі – денсаулық сақтау жүйесін түрлі аспектілер бойынша нығайту екені сөзсіз. Бұл орайда өңірде қандай тірліктер атқарылып жатыр, алдағы жоспар қандай? Ол туралы осы бағытта құрылған арнайы штаб және облыстық тұтынушылар құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің бірлескен отырысында айтылды.
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың төрағалығымен өткен жиында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыс бойынша филиалының директоры Мавлюда Бокаева жаңа жүйені енгізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
– Президент денсаулық сақтау саласын дамытуды 3 нақты қадам арқылы көтеруді ұсынып отыр. Соның ішінде көрсетілген міндетті әлеуметтік сақтандыруды енгізуді қолға алдық. Бұл саланың қаржылық тұрақтылығын мемлекет, жұмыс берушілер мен азаматтардың ортақ жауапкершілігі негізінде нығайтуға және медициналық-санитарлық көмекті қаржыландыруға басымдық береді. Мақсат – осы үш бірліктің ынтымақтасқан жауапкершілігі қағидаты негізінде денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық орнықтылығын күшейту. Біз бүгінде Ұлт жоспары мен Елбасы Жолдауында белгіленген міндеттерді атқаруға кірісіп кеттік. «Медициналық сақтандыру қоры» өз жұмысына тікелей байланысты үш тапсырмаға басымдық беріп отыр. Олар – ақпараттық жүйелер мен мобильді қосымшаларды дамыту арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін қамтамасыз ету, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін оңтайландыру, стационарлық көмектен профилактикаға (аурудың алдын алуға) және өзге де қызмет түрлеріне көшу, – деген Мавлюда Жапсарбайқызы тұрғындарды емханаларға тіркеу қызметтерін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын сөз етті.
Жиын барысында Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабаев, Шу ауданы әкімінің орынбасары Ербол Аймамбетов, облыс бойынша қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков сөз алып, осы бағытта өз тараптарынан қандай шаралар атқарып жатқанына тоқталды. Басқосуды қорытындылаған Марат Жұманқұлов тиісті жұмыстарды одан әрі жандандыра түсуді тапсырды.

Жанғазы Ахмет

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support