- Advertisement -

Самарқанның көк тасы еріген күн

225

- Advertisement -

Түу бір алыстан сағымдай селдіреген жылдарға, ықылым заманға көз жүгірте алмаймыз. Өйткені біз білетін дәуір ХХІ ғасырға енді аяқ басты. Ал шамамен төрт мың жылдай уақыттан бері қалыптасып, Шығыс халықтарының баршасының санасына әбден сіңісті болған түсінікке сайсақ, әз Наурыз – күн мен түн теңелетін, жер-жаһан қайта түлеп, жан-жануарлар төлдеп, адамның аузы аққа тиетін, адал, ақ ниетті қауымға құт-береке әкеліп, ынтымақ-бірлігін бекемдей түсуге тиіс, мына жарық дүниедегі адамзатқа тиесілі, пешенесіне жазылған мерзімнің кезекті жаңа жылы басталатын күн. Иә, жаңа күн!

Жер-ананың тұла бойын жіпсітіп, босатып, бусантып, ондағы тіршілік атаулыны дүр еткізе жаңа белге көтергелі келетін ұлық мереке – Ұлыстың ұлы күні әлемнің талай-талай ұлт-ұлысына, оның ішінде өзіміздің түбі түркі бауырларымызға, көршілес, парсы халықтарына ежелден ортақ, етене таныс.
Аласапыран дауылдай шайқаған өткен ғасырдың алғашқы ширегінде жаһанның бір бөлігін аты шулы қызыл империя биледі. Қаһарына міне сала құдайсыздандыру процесі қауырт жүріп сала берді. Оның бәрін қарт тарих қатпарынан білеміз, сеземіз, түйсінеміз. Сол сүргін діндарлардың иманын үйірді. Діннен іргесі алшақ игі салт-дәстүрлеріміз топалаң тигендей талқандалды. Сондай алмағайып кезеңде Наурыз мерекесі де көп құрбандықтың біріне айналған. Десе де адами ой-өрісті, халықтық пайым мен сананы ешкім тар қапастың ішінде тығындап қоя алмасы анық еді. Кісі санасына ғасырлардан мирас болып сіңген ұлттық ұғымдарды сылып алып, желге ұшыра салу да мүмкін емес-тін. Содан да болар, Наурызға деген жұрттың жүрегіндегі жалын ықылас, ынта зобалаң атаулының зорына да дес бере қоймайтын өміршең екенін көз көрді.
Жүрек сезді. Өкіметтің өктем саясатына қарамастан, әз мейрамды үлкендер жағы дабыра думансыз болса да атап өтіп жатты. Мұның өзі қазақтың ұлттық кодының, генетикалық тұрғыдан беріктігін әйгілесе керек.
1926 жылы ресми түрде мүдделілердің тыйым салуымен «тұсауланған» мереке қазақ зиялыларының үздіксіз күресінің арқасында 1988 жылы алашымен қайта қауышты. Жарқырап жетіп, арқыраған халықтың қуанышын еселеді.
Иә, сонау ықылым заманның өзінде-ақ Наурызға қатысты айтылатын аталы сөздер көп болған, көкейге қонып, жүрекке ұялаған. Ұлтымыз «Жер бетіне жақсылық қонған күн», «Ұлыстың ұлы күні», «Жер-ананың тоң кеудесі жібіп, тас емшегі иген күн» деген сыңайдағы сөздерді текке айтпағаны аян. Бұл ұғымдардың астарында теңіздей толқыған терең ойлар тұнып жатыр. Үңіле зер салсақ, осы күні адамзат атаулы пендешіліктен ада-күде арылып, бір-бірін мейірім шапағатына шомылдырады. «Ұлыс күні алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Таспен ұрғанды аспен ұр» деген секілді аталы сөздерді әсте қаперінен шығармаған елдің естиярлары араздасқандарды татуластырып, арқа-жарқа, мәре-сәре күй кешеді. Осының өзі Наурыздың ынтымақтың, ізгіліктің, мейірбандылық пен кешірімділіктің салтанат құратын мерекесі екенін айғақтайды.
Атақты Мәшһүр Жүсіп «Қазақтың қазақ болғанда өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – Наурыз» деген екен. Бәлкім, ғұламаның мұнысы дұрыс болар. Ал Наурызды мыңдаған жылдар арасын үзбей мерекелеп келе жатқан екі тектік, ұлттық топ бар. Олар парсы және түркі халықтары. Парсылық Наурызға негізінен мерекенің думандық сипаты тән болса, түркілік Наурызға оның танымдық, рухани мәні өзек болған көрінеді. Ал енді ұлық мерекенің «Ұлыстың ұлы күні» деп аталу себебі бағзыдан жеткен аңыздарда былай айтылады: «Бір күні Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауының ұшар басына келген кезде жер бетін басқан топан су лезде тартылып, сол сәт жерге табаны тиген барлық тіршілік иелері көктен түскен қазаннан дәм татыпты. Содан бұл күнді Ұлыстың ұлы күні деп жариялайды». Ахмет Байтұрсынұлы Наурыз сөзіне: «Наурыз – парсы сөзі. Бұл, қазақша айтқанда, «Жаңа күн» деген сөз» деп түсінік берген. Орта Азия халықтары мен біздің қазақ Наурыз мерекесін «Самарқанның көк тасы еріген күн» деп әспеттеп, бейнелейді. Ақын, этнограф, марқұм Сейіт Кенжеахметовтің деректеріне сүйенсек, мынадай бір аңызды көреміз: «Самарқандағы Әмір Темірдің немересі, өз заманының ұлы астрономы Ұлықбектің обсерваториясындағы аспан денелерін белгілеген үлкен көк тасқа Наурыз күні күн сәулесі тікелей түскенде әлгі тас бірер сәтке ериді екен…»
Мұны аңыз, миф деңіз, рас деңіз, әлде иланбаңыз. Өз еркіңіз. Қалай болғанда да ілгерідегілер бұл әпсана арқылы Наурыздың ұлы күнінде тас екеш, тас ерігенде, адамзатта жібімейтін жүрек болмауы тиіс деген ұғымды кейінгілерге шегелеп тұрып айтқысы келген деген ойдың жетегіне түсеміз.
Елде бұл күнге лайық салт-дәстүрлер де бар. Олар Наурыз тойы, Наурыз жыры, наурыз көже, Наурыз батасы деген сияқты жалғаса береді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы арнайы қарар қабылдап, 2010 жылдан бастап 21 наурыз – Халықаралық Наурыз күні болып белгіленді. Сөйтіп біздің заманымызда әз Наурыз құрлықтың ғана емес, ғаламдық мәнге, мәртебеге ие болды. Омар Һайям бұдан мың жылдай бұрын өзінің «Наурызнаме» ғылыми, поэтикалық-философиялық әйгілі трактатында осыны да алыс замандарға арналған армандардың біріндей меңзеген еді-ау… Наурыздың қазаққа оралуы – сол кездегі гуманизмнің жеңісі, жемісі.

Табиғат Абаилдаев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support