- Advertisement -

Ырыс пен игілік иесі

299

- Advertisement -

«Иттің де ақылдысы, ақымағы бар, тек­тісі, тексізі бар. «Кісінің жақсы-жама­нын ит пен бала таниды» деген рас. Бірақ иттің бәрі бір емес. Адамдардың арасында бұзығы, қара ниеттісі, ұсақшыл қырттары бары сияқты, итте де небір тәсірсіздері бар. Жалпы, ит тұқымы адамға адал берілген хайуан екені рас. Бірақ «иттің етінен жек көремін», «иттің баласы», «сен итсің» сияқты балағат сөздер осы иттің тұтас затынан емес, жамандарынан туындаған болуы керек».

Халық жазушысы Шерхан МҰРТАЗА

Бағзыдан бері, кеңестік кезеңде, қазіргі кезде де, келе-келе түйенің, үйір-үйір жылқының, табын-табын сиырдың, қора-қора қойдың күзетшісі әрі сақшысы ретінде малшы қауым бірнеше ит ұстап, күтімін жасаған. Қора мен үйдің сенімді қарауылы ретінде оның қызметін жоғары бағалаған. «Жеті қазынаның бірі әрі ит нәсібі – үйден» деп, иесіне шын берілген төрт аяқтыны кәдімгідей қадір тұтқан.
Осы ит туралы мақалдар мен мәтелдер жетерлік. Ол әрқилы жайда, әртүрлі жағдайда айтылған. Соның бір парасы мынадай. «Иесіне ілескен ит үйге бұрын жетеді» дегеннің астарындағы ит те өзінің сорпа ішіп, сүйек мүжіген жеріне асығатынын айтудың өзі артық сияқты. «Сүйекпен ұрған иттің сүйегі ауырмайды». Бұдан сырттың берген сары майынан өз үйінен ішкен сары су әлдеқайда артық екенін түсінуге болады. «Ит басына іркіт төгілген». Аталмыш нақылдан береке мен тоқшылық мезетінің орнайтынын алдын ала аңғартады. «Шығысы жаман қамысты су ішінен өрт шалар, пиғылы жаман пендені түйе үстінен ит қабар». Мұнда жанды мен жансызды меңзей отырып, көп нәрсе пиғыл мен ниетке байланысты екенін ойға салады.
«Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар». Жаратушының жан бергенге дәм беретінін, ризық пен нәсіпсіз қалдырмайтыны жайында пайым жатыр.
Енді осы итке байланысты бір аңызға бергісіз ақиқат есте қалыпты. Сорабы сартап болған сонау бір кезде жолсоқты жолаушы күре жолға тақау тұрған үйге түседі. Уақытына орай ол кездің адамдары танысын-танымасын «құдайы қонақ» деп, құрақ ұшып қарсы алатын. Үй иесі болса, «Қырық адамның бірі – Қыдыр» деп, жолаушыға жайылып жастық, иіліп төсек болады. Қырық жыл көрмеген құдасын көргендей, абыр-сабыр, апы-күпі күйге түседі. Ал осы жолаушының бойында танығыштық, көрегендік, көріпкелдік қасиеті бар екен. Ол келген бойда бұл үйдің құты мен ырыс-несібесі малында екенін бірден байқайды. «Жол жүрген жолаушы бұйымтайыңды айт», – дейді ертеңіне қонақжайлылық танытқан үй иесі. Жол қамына кіріскен жолаушы болса:
– Ықылас-пейіліңе ризамын. Барыңды аузыма тосып, жылы-жұмсағыңды беріп жатырсың. «Адам үйден қырық қадам ұзап шықса – мүсәпір» деген. Ал мен мүсәпір емес, кәсіпкерлік жасайын деп тұрмын. Менің меселімді қайтармассың деп сенемін. Мына астымдағы мәстек-шобыр, жаман жабы сыр бере бастады. Ылажы болса, анау белдеуде тұрған құла құнанды маған бер. Жол жүргенде белі талмайтын жарамды көрінеді, – дейді көлденең көк атты.
Үй иесі болса «кісі көңілі қалмасын» дейтін мәрт, дүние мен малдың бетіне қарамайтын, сақы адам екен. Сөзге келмеген ол белдеудегі атын босата бастайды. Сол – сол-ақ екен, құла құнан иесінің қолынан суырылып шығып, қотанда жатқан шеткі қойды иіскейді. Қанағатсыз қонақ болса, енді қойды сұрайды. Қой болса, қора аузында жатқан итті иіскелеп, жалайды. Өзеуреген жолаушы ырыстың итке көшкенін көріп, жата жабысып көк төбетті беруін өтінеді. Көк төбет болса, артқы бір аяғын көтеріп тастап, киіз үйдің босағасына сариды. Осы көріністің бәрін көз алдынан өткізіп, көңілге түйген ол күйзеліп, пендешілік жасағанына опынады.
– Қой, болмайды екен. Бұйырған кетпейді, жүгірген жетпейді. Ырыс-құт, бақ-дәулет осы қара шаңырақ­тың босағасына берік байланғанын толық көріп, байқадым. Біреудің көбін көре алмаған, өзінің азынан айырылады деуші еді. Менің бұл астамшылығымды көктегі Тәңір де, оның жердегі пенделері де кешіре қоймас, – деп, аптығын басып, тәубеге келеді.
Кісілігі де, түсінігі де бар қонақ үй иесінен кешірім сұрап, өзінің ұятты іске барғанына өкініш білдіріп, батиха-батасын қарша жаудырып: «Керегелеріңді Қыдыр қияласын, үйіңе періште ұяласын! Кең болған кем болмайды. Пейілің кең, дастарқаның мол екен. Босағаңда тепсе кетпес ырыс бар. Соны күт, сақта, аяла!» – деп жүріп кетіпті.
Біз сөз етіп, тілге тиек етіп отырған ит ырыс пен игіліктің нышаны ретінде үйдің белді де белсенді бір мүшесіне айналыпты.

Серік Байшуақұлы

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support