- Advertisement -

Жасандылықтан арылатын уақыт жетті

121

- Advertisement -

Тағдырын табиғатпен байланыстырған халқымыз күн мен түннің теңесер кезіне дейін бұлақтың көзін ашып, арық-атызын тазалап, тал-дарағын егіп, тұрмысы төмен отбасыларға қамқорлық жасап, тіпті отбасын құрай алмай жүргендерге шапағаттарын тигізген. Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков Иран Республикасында төтенше және өкілетті елші болып жүрген кезінде ел астанасы Тегераннан көп адамның туған жеріне барып, туын тігіп, қолдарынан келген жақсылықтарын жасап қайтатындарын еске алады.

Сол жақсы ағамыз еліміздегі елеулі деген екі ұлы мерекені – Тәуелсіздік күні мен Наурыз мейрамын халқымыздың соңғы жылдары өз дәрежесінде атап өте алмай жүргендерін айтып, қынжылысын білдіреді. Одан гөрі 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түнді күні бұрын атап өтуге жанталасып жүргендерге таңғалатынын жасырмайды. Оны өзіміз де, бұқара халық та аңғарып жүр. Жасыратыны жоқ, осыдан отыз жылдай бұрын еліміз бойынша әз Наурыз мерекесі халықтық тойға айналғаны көз алдымызда. Наурыз айы басталысымен ел-жұрт болып ауылымызды, көшемізді абаттандырып, наурыз көже таратып, жағдайы төмендерге қайырымдылық жасап, бірлігімізді танытқандай едік.
Кейінгі жылдары Наурыз мерекесінің мәні қаша бастағандай. Ұлттық сипатынан ажырап бара жатқандай. Бұл мереке ізгілік пен мейірімділікті қалыптастыруға емес, жасандылыққа, данғазалыққа айналуда. Ә дегеннен билік тізгінін ұстағандар сол ортада пайда тапқысы келіп киіз үйдің құнын 150-200 мың теңгеге бағалатып, оны көрме сияқты алаңға қаз-қатар тіккізіп, ата-бабамыздың салт-дәстүрін, қолөнер бұйымдарын жарқыратқан болып, әйтеуір өткізген кейіп танытады. Жергілікті өнерпаздар, мекемелер салт-дәстүрімізден көрініс көрсетіп, бәйге дәметіп жатады. Ең сорақысы, атқамінерлер әлгі киіз үйлерге бас сұқпай, мақтау-мадақтауын айтпайынша, есіктері қалың жұртқа жабық. Ал бұза-жарып кірген ақ жаулықты аналарымыз, қарияларымыз, тіпті жастарымыз, мекеменің жұмысшы қызметкерлері жинаған ақшаға әзірленген дастарқанның үстіндегі ас-тамақтан ауыз тигендерімен қоймай, қалталарына салып келген қапшықтарына тағамды тыққылап, надандықтарын көрсетеді.
Ежелгі дәстүріміз бойынша жарапазаншылар таң құлан иектене Жыл басы келді деп жар салса, тойдың беташарында сол ауылдың немесе ауданның ең сыйлы қариясы батасын беруі керек. Бүгіндері оның орнына өнерпаздар мен оқушылар қойылым қойып, әкімдер сөйлемей той басталмайды. Сондай кезде Елбасымыздың той күні халықтың ортасына шығып, амандасып, тіпті домбырамен ән салып, әртүрлі ұлт өкілдерімен билейтіні көз алдыма елестейді. Біздің әкімдер соңына он шақты нөкерлерін ертіп алып, тойды бақылаушылар сияқты жүреді.
Елбасымыздың Рухани жаңғыру саясатына байланысты ата-бабамыздың ұлы мерекесін өз дәрежесінде өткізу үшін халқымыздың салт-дәстүрін озық білетін зиялы қауым өкілдерінен комиссия құрып, жасандылықсыз өткізуге кірісетін кез келді. «Мерекені былай өткіз» деп бұйыра алмаймыз, әрине. Бірақ көрші-қолаң, ауыл-аймақ ортақ қазан ұстап, наурыз көжемізді үлестіріп, жоқ-жітікке қарайласып, маңайымызды тазалап, Жаратқаннан жақсылық тілеп, соңын той-думанға айналдырып жатсақ, қанеки?! Ол күні билік пен бұқара бір екендігін сөзбен емес, тірліктерімен мығымдауы керек.

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ

Талас ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support