- Advertisement -

Қазыналы Қаратау құшағындағы Наурыз

187

- Advertisement -

Наурыз мерекесі жамбылдық кеншілер үшін еңбек құндылықтарының айрықша қастерленетін дәстүрімен ерекшеленеді. «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты кәсіпорындар күнделікті еңбек ету өндірісі алаңында атап өтілген Наурыз мерекесі жаңаша мазмұнымен есте қалады. Міне осындай мерекелік шара «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінде «Тағзым қазыналы қарт Қаратауыма» атты тақырып аясында өтті.

Қаратаудың арғы-бергі тарихы қазақ халқының өмірінде айшықты із қалдырған. Сан ғасырлық кезеңдерге куә осы киелі тау өңірі, кең жазиралы дала төсі ел мен жер қорғаған батыр бабаларымыздың күрескерлік және қайталанбас ерлік жасаған тарихымен әйгілі. Ал бейбіт өмірде Қаратаудың бөктерінде жерасты байлығы халық игілігі мен ел дәулетіне жаратылуда. Аянбай тер төккен геолог-ғалымдар мен бейнетқор кеншілердің өндіріс жұмыстары ауыр күндердің өзінде асқан ұйымдастырушылық қабілет танытқан азаматтардың жанкешті еңбегімен жүзеге асқан болатын.
– Ұзын-ырғасы 72 жылдық тарихы бар, ел экономикасының тұрақты дамуына зор үлес қосып келе жатқан кәсіпорын жұмысшыларының жүрегінде ең әуелі отансүйгіштік қасиет ұялаған. Еңбек пен жаңғыру мерекесінде ұлы тұлғалардың рухына, киелі туған мекеніміз Жер-анаға, қойнындағы миллиардтаған тонна кені ұрпақтан-ұрпаққа жететін сарқылмас байлығымыз болған қазыналы Қаратауға тағзым етеміз, – деді «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Мұратқали Сәрсенов.
Мерекеге қатысқан 500-ден астам кенші «Көксу» тау қойнауында тау қопарып, тас жарған алып техникаларды қаз-қатар тізіп қойып, дала төсінде наурыз көжеден дәм татты.
– Сонау 1946 жылы іске қосылған «Шолақтау» кеніші бұл күндері іргелі кәсіпорынға айналып, миллиондаған тонна өнім өндіруде. Сары фосфор халық байлығына айналды. Біз қашанда еңбек адамдарына құрметпен қараймыз, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Құдайберді Әбілов.
Ал облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген еңбеккерлердің құрыш қолымен жасалған игілік өндіруші жұмысшылардың Наурыз мерекесін тау бөктерінде, ашық аспан астында мағыналы тақырыппен атап өтуін жарасымды мереке мәртебесін көтере түсетініне, сондай-ақ жалпы Еңбек қоғамын қалыптастыруға жастардың ерекше үлес қосып келе жатқанына баса назар аударды. Аудан әкімінің орынбасары Динара Асанова және басқа да мерекелік лебіз білдірген азаматтар даңқты кәсіпорынның ұжымына ізгі тілектерін арнап, жыл басы Наурыз мерекесімен құттықтады.
Мерекеде аудан өнерпаздары тамылжыта ән шырқап, күмбірлете күй төкті. Жырдан да шашу шашылды. Қаратау құшағында әз Наурыздың өзіне тән дәстүрлі ізгіліктері айқын көрініс тапты. Сан ғасырдың куәсі болған қазыналы Қаратауда көктем мерекесі осылайша еңбек дүбірімен айшықтала түсті.

Амангелді ӘБІЛ

Сарысу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support