- Advertisement -

Жұмыс жүйеленбей, жетістік жоқ

127

- Advertisement -

Облыстың жыл басынан бергі екі айдағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне көңіл толады. Алайда әлі де жүйелеуді қажет ететін жұмыстар жеткілікті. Мәселен, көрсеткіштерді арттыру жайы талқыланғанда құр есепті баяндау аздық етеді. Бірінші кезекте салаға серпін беретін ұтымды ұсыныстарды ортаға салған абзал. Сонда ғана қалыптасқан жайттардың себебі мен салдары жан-жақты зерделеніп, мәселені шешуде мүдделі мекемелер мен жергілікті билік жұдырықтай жұмылып әрекет етеді. Аймақтың 2 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы, тиісті индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы және баға мәселелері жөніндегі жиында өңір басшысы Асқар Мырзахметов түйіні тарқамаған түйткілдерді салалық басқарма басшылары мен аудан әкімдерінің тағы бір есіне салды.

Басқосуда алғашқы болып сөз алған облыс әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың сөзіне сүйенсек өңірде қаңтар-ақпан айларында өнеркәсіп өнімінің көлемі 65,9 миллиард теңгені құраған. Өнеркәсіптің өсімі бірқатар өндірістік нысандардың қуаттылығын арттыру нәтижесінде Меркі, Қордай, Байзақ аудандарында артқан. Ал Шу ауданында бұл көрсеткіш 11,4 пайызға төмендеген. Сондай-ақ инвестиция тартуда Шу, Қордай және Сарысу аудандарының көрсеткіштері көңіл көншітпейді.
Жиында Г. Жауынбекова аудан,қала әкімдерінің рейтингін қалыптастыру бойынша жұмыстардың жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Басқарма басшысының айтуынша, аудан әкімдерінің рейтингі индикаторлық көрсеткіштерді орындау бойынша түзіліп, тоқсан сайын немесе жарты жылда бір рет шығарылады екен.
Басқосуда қаржы, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту, ауыл шаруашылығы, құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары да сөз алып, өз салаларында есепті кезеңде атқарылған жұмыстарын баяндады. Алайда өңір басшысы олардан жұмысты құр баяндаудан гөрі нәтижені ілгерілетуге кедергі келтіріп отырған жайттар туралы толыққанды ақпарат ұсынуды талап етті. Осы тұста әр сала бойынша жұмысын жүйелей алмай жүрген аудандар аталды. Мәселен, көктемгі егіс жұмыстарына дайындық шараларын ұйымдастыруға Шу, Жуалы аудандары атүсті қараған. Сол секілді, Мойынқұм, Шу, Сарысу, Талас аудандарында құрылыс қарқыны төмендеген. Инвестиция тарту ісі Шу, Сарысу аудандарында кенжелеп тұр. Ал, Талас, Байзақ аудандарында негізгі азық-түлік тауарларының бағасы шарықтап кеткен. Аталған мәселелерге қатысты әр аудан әкімін жеке-жеке тыңдаған облыс басшысы оларға жұмысты барынша ширата түсуді тапсырды.
Мұнан бөлек, инвестиция тарту ісіне айрықша назар аударған Асқар Исабекұлы алпауыт кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес өкілдерінің мүмкіндігін жете зерделеу қажеттігіне тоқталды. Ол үшін өңірдегі барлық кәсіпорындардың төлқұжатын жасап, соған сай талдау жүргізу, база жасақтау ісі қолға алынатын болады.
Жиынды қорытындылаған өңір басшысы басқармалардың аудан әкімдерінің сын-ескертпелері мен ұсыныстарына құлақ асып, алға қойылған межені орындауда бірлесіп, жұмылған жұдырықтай болу қажеттігін айтып өтті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support