- Advertisement -

Астана процесі Сириядағы соғысты саябырлатты

123

- Advertisement -

Нұрсұлтан Назарбаев Сирия мәселесі жөніндегі Астана процесіне кепіл елдердің сыртқы істер министрлерімен кездесті. Басқосуға Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлы, Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф қатысты.

Әңгімелесу барысында тараптар Астана алаңы форматында Сириядағы қақтығысты тоқтату жөніндегі келіссөздердің нәтижелері мен перспективаларын талқылады. Мемлекет басшысы Астана процесі арқылы оқ атпау жөнінде бірқатар уағдаластыққа қол жеткізілгенін атап өтті.
– Сирия дағдарысы біз үшін де, өңіріміз үшін де өзекті болып отыр. Ұрыс қимылдары салдарынан 400 мың адам, соның ішінде балалар, әйелдер мен қарттар қаза тапты. Бұл қақтығыс бүкіл өңірде қолайсыз ахуал туғызды. Дегенмен, Астана процесі Сириядағы соғыс пен қантөгісті тезірек тоқтатуға деген үмітті ұялатты. Астана келіссөздері Женева процесін жандандырды, – деген Қазақстан Президенті өңірде бітімгершілік орнату жөніндегі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарын Қазақстанның қолдағанын айтты.
Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Астанада келіссөз алаңын ұсынғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, Сириядағы қақтығысты шешу жолдарын іздестірудің маңыздылығын атап өтті.
– Шығыс Гутада соңғы екі күнде 20 мыңға жуық бейбіт тұрғын осы аумақтан шығуға мүмкіндік алды. Біз қазір Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірлесіп, оларды уақытша қоныстанған жерінен өз үйлеріне оралғанға дейін қажетті заттармен қамтамасыз ету мәселесін шешіп жатырмыз, – деді С.Лавров. Ол Астана келіссөздері Сириядағы қақтығысты реттеу жолдарын іздестіруге септігін тигізгенін атап өтті.
– Астана барша жұрт мойындаған процеске бастамашылық етті. Ең бастысы, Астанадағы келіссөздер Сирия қақтығысы аясында барлық бағыттағы күш-жігерді жұмылдыра білді. Бұл дегеніміз – терроризмге қарсы күрес жүргізу, деэскалация аймақтарын құру. Ұрыс қимылдарын тоқтату режімі зорлық-зомбылық деңгейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ бұл – гуманитарлық мәселелерді тиімдірек шешу деген сөз, – деген Ресей Сыртқы істер министрі келіссөздердің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына тоқталып, Астана алаңының қолайлы саяси ахуал қалыптастыру ісіндегі маңыздылығын айтты.
– Жанжалдасушы тараптарды бітістіруге бағытталған Астананың берік ұстанымы және келісімге келу жолдарын табуды көздейтін Қазақстанның сыртқы саясаты бізге тиімді жұмыс істеуге септігін тигізуде, – деді ол.
Түркияның сыртқы саясат ведомствосының басшысы М.Чавушоғлы Астана процесінің тиімділігін әңгімелеп, келіссөз жүргізудің осы форматын қолдайтынын атап өтті.
– Астанадағы келіссөздердің басталғанына бір жылдан асты. Біз осы процесс барысында үлкен жетістіктерге жетіп, алға жылжи алдық. Кеше Астанада сенім шаралары жөніндегі жұмыс тобы бірінші рет кездесу өткізді. Онда кепілге алынғандар мен тұтқындарды өзара алмасу мәселесі қарастырылды. Астана алаңына тән осындай қарқынды сақтап қалғымыз келеді. Біз бұл процесті ілгерілетуге тың серпін бере алдық, – деді Түркияның Сыртқы істер министрі. Сонымен қатар М.Чавушоғлы Сириядағы қақтығыстың саяси шешімін іздеу қажеттігін айтты.
Иранның Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф Шығыс Гутада проблемалар бар болса да, тараптар Сириядағы қақтығыс пен зорлық-зомбылық деңгейін төмендеткенін жеткізді.
– Шығыс Гутада жағдайдың ушыққанына қарамастан, кейбір гуманитарлық мәселелерді шеше отырып, ахуалды біршама жұмсарттық. Сириядағы бейбіт тұрғындар қорғауға алынды. Біз тараптар арасында сенім шараларын нығайту жөніндегі жұмыстарды бастадық, – деді Иранның Сыртқы істер министрі. Оның айтуынша, Сириядағы дағдарысты реттеудің саяси жолдары мен ұстанымдарын қалыптастыру ісінде Астана алаңының маңызы ерекше.

 

www.akorda.kz

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support