- Advertisement -

Таразды неге медициналық орталыққа айналдырмасқа?..

169

- Advertisement -

Сейтхан ЖОШЫБАЕВ,
ғылыми-клиникалық кардиохирургия және
трансплантология орталығының директоры:

Жүрек-қан тамырлары ауруларынан келетін қатерді азайту әрі кардиологиялық және кардиохирургиялық көмекті жетілдіру үшін елімізде 2007 жылы арнайы бағдарлама қабылданған болатын. Бұл медицинаның осы саласын дамытуға үлкен серпін берді. Астана, Алматы қалаларын былай қойғанда, өңірлерде де іс ілгерілей бастаған еді. Ал бүгінде кардиохирургия дамудың жаңа сатысына көтерілді. Бұған жекеменшік ғылыми клиникасын мегаполисте емес, аймақта ашып, жоғары медициналық көмектің қолжетімділігін арттырған Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, Жүрек-қан тамырлары хирургтары Ассоциациясының президенті, II дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Сейтхан Жошыбаев бастаған Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы қызметкерлерінің қосқан үлесі елеулі. Биыл орталықтың ашылғанына 10 жыл толып отыр. Осыған орай өңіріміздегі бірден-бір ғылыми-клиникалық негізде жұмыс істейтін медициналық мекемеге арнайы барып, бас директормен сұхбаттасқан едік.

– Сейтхан аға, сіздің орталықты жамбылдықтар ғана емес, бүкіл қазақстандықтар жақсы біледі. Алғаш ашылған кезден-ақ сапалы медициналық көмек көрсету арқылы жағымды пікір қалыптастырған клиника бүгінде аяғынан нық тұрды. Дегенмен оқырмандарымызға орталықтағы жыл сайын енгізілетін жаңалықтар мен оң өзгерістер жайында айтып берсеңіз…
– Иә, биыл біздің орталықтың ашылғанына 10 жыл толды. Негізі, ең алғашқы отаны 2007 жылғы 22 желтоқсанда жасадық. Ал салтанатты ашылу шарасын 23-інде өткіздік. Сөйтіп Тараз қаласындағы Т.Рысқұлов атындағы санаторийдің бір ғимаратында жұмысымызды бастадық. Ол кезде «Кардиохирургия орталығы» болып аталатынбыз. Себебі ғылыми клиника дегенге жағдайымыз сай келмейтін. Ғылыми еңбек жасау үшін бірталай дүние керек. Алдымен операция жасап, ем-шаралар жүргізумен қатар, зерттеу жұмыстарын жасауға лайықты сәулетті әрі кең ғимарат қажет. Біз алдымызға одан басқа да үлкен жоспар қойдық. Міне, осы 10 жылда алға қойған мақсатымыздың барлығы орындалмаса да, біраз нәрсе жасадық деп ойлаймын. Аяғымызға тұрып, ғимаратты жаңғыртып, қазіргі заманға сай инновациялық жаңа технологияларды енгіздік. Олармен жұмыс істеуді үйрендік. Шүкір, қазір білімді-тәжірибелі жастарымыз да жетерлік.
– Орталыққа ғылыми-клиникалық дәреже берілуінің өзі тегін емес қой. Кардиохирургиялық операциялардың көптеп жасалып жатқанын білеміз, сіздердің тынымсыз ізденістеріңіздің өзі трансплантацияға көшу емес пе?
– Орталықтың тек қана кардиохирургия емес, трансплантология деп аталуының бір ғана себебі бар. Ол – тұрғындарға сапалы жоғары медициналық көмекті қолжетімді ету. Трансплантологияның өзі екіге бөлінеді. Біріншісі – ағзаларды алмастыру (бүйрек, жүрек, өкпе, бауыр). Екіншісі – жасуша технологиясы. Адамзат жасушадан жаралады. Жас клеткадан ағзаға қажетті бөлікті өсіру және трансплантациялау регенеративті технология деп аталады. «Ре» дегеніміз – қайта жан беру. Біз қажетті ағзаларды жасушадан өсіріп, емдеуге пайдалану жағын қарастырып жатырмыз. Соңғы 3 жылда осы салаға көңіл бөле бастадық. Былтыр бір қызметкеріміз осы сала бойынша докторантураға өтті. PhD докторлығын қорғаған соң, оған тәжірибе жүзінде ағзаларды алмастыру үшін арнайы лаборатория керек. Қазір орталықтан соны аштық. Барлық жабдығын алдық, соңғы құралдар сәуір айында келуі керек. Сонда толық жұмыс істей бастайды. Оған Англиядағы Оксфорт университетін бітіріп келген, биотехнологияны жетік меңгерген, ағылшын тілін жетік білетін Дархан деген маманды жетекші етіп бекіттік. Трансплантацияда түбі регенеративті технологияға көңіл бөлінеді. Себебі адамдардың ағзалары қан топтары сияқты, бір-біріне сәйкес келмеуі мүмкін. Ал қайта жан берген жасуша технологиясы көп түйткілдің шешімі болары анық.
– Орталық дәрігерлері трансплантация жасауға дайын ба? Мамандардың біліктілігін арттыруда, тәжірибе алмасуда қай елдермен байланыс орнаттыңыздар?
– Ең көп жүрек алмастыру оталары Үндістанда жасалады. Былтыр сол жақта бір ай жүріп, көп нәрсе үйрендік. Биыл Түркияға жеті адамдық топ барып, операцияларға қатысып, тәжірибе алмасуда. Мен онда 10 күн болдым. Біз жүрек алмастыруды оқып-біліп, білімімізді шыңдап жатырмыз. Бұны 2 жыл бұрын бастағанбыз.
Трансплантологиялық операцияда ең маңыздысы – донорлық. Бізде ол дамымай қалған. Сондықтан көп жағдайда жасанды жүрек қояды. Соны игеруді үйреніп жатқан тобымыз наурыз айының аяғында келеді. Айналдырған 1 аптаның ішінде сондай 2 отаны көрдік. Түркия жасанды жүрек алмастыруда тәжірибесі көп ел десек болады. Онда күнделікті 250-дей адам кезекте тұрып, тексеріліп тұрады екен. Жалпы хирургтарға терең біліммен қатар, техниканы да үйрену қажет. Хирургияның өзі қол өнері ғой.
Осыдан 2 жыл бұрын халықаралық конференция өткізгенбіз. Адамның жүрегі әбден шаршағанда, аяқ-қолы ісініп, жүре алмай қалған кезде не істеуге болатынын Қытай, Ресей, Үндістан, Түркия сынды мемлекеттердің мықты мамандарымен бірге талқыладық. Енді мамырда тағы да конфереция өткізбекшіміз. Оған Америкадан, Жапониядан регенеративті технологияны меңгерген профессорлар келеді. Мақсат – біреу, орталықта маңызды істер жасалып жатқанын, трансплантациялық оталар жасауға әзір екенімізді көрсету. Жоспарымыз бойынша мамырға дейін бүйрек алмастыру операциясын өткізбекпіз. Одан кейін жасанды жүрек алмастыруға қол жеткізсек деген ниетіміз бар. Мамырдағы конферецияда Түркиядан Мұстафа деген профессорды, оқушым Юрий Пяны шақыртып, жасанды жүрек алмастыру операциясын жасамақпыз. Бізге алдымен дәрігерлердің сенімін арттыру керек. Себебі барлығы сенімнен басталады. Сонда ғана трансплантация алға қарай жылжиды. Қазақта «Басы ауырмағанның Құдайменен ісі жоқ» деген мақал бар. Сол сияқты, елімізде жүрекке ота жасалатынын білмейтіндер көп.

Жүрек аурудан ғана емес, пиғыл, пейіл жағынан да таза болуы керек. Дерттің біразы қара ниеттен туады. Пиғылы жаман жан уайымшыл, кекшіл, ызалы келеді. Ал ол жүрекке салмақ түсіреді. Жобаның бағыты – ауылдық жерлерде жүрек-қан тамырлары аурулары қаншалықты жайылған және оның себебі неде екенін анықтау.

Бізде қазір осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мұндай оталар жасалу үшін өте көп құжат дайындалуы керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік бес бастама көтеріп, салаға үлкен серпіліс әкелді. Ендігі үлкен қадам медицинада жасалады деп ойлаймын. Себебі өңірлерде медицина дамып жатыр, трансплантация жасауға дайын. Алайда рұқсат алуға ұзақ уақыт керек. Негізі бүйрек, бауыр алмастыру оталары Алматыда, Ақтөбеде жасалып жүр. Қазір Шымкентте қолға алынды. Жүрек, өкпені Астанада ауыстырады. Қазақстанда бүйректі алмастыра бастағалы – 30 жыл. Ал жүрекке 5 жыл енді толды. Басқа өңірлерде де жоғары медициналық көмек көрсетуді қолға алуға болады, ендеше Таразды неге еліміздің медицина орталығына айналдырмасқа? Мысалы, Германияның Берлиннен басқа, Бонн секілді бірнеше қаласы медицинасы жағынан өте танымал.
– Бірер жыл бұрын орталықта «Таза жүрек» жобасы қолға алынған еді, қазір тоқтап қалды ма?
– Жоба жұмысы тоқтаған жоқ. Бұл жобаны біз облыстың денсаулық сақтау саласына көмек көрсету мақсатында қолға алғанбыз. «Таза жүрек» деп бекер атаған жоқпыз. Жүрек аурудан ғана емес, пиғыл, пейіл жағынан да таза болуы керек. Дерттің біразы қара ниеттен туады. Пиғылы жаман жан уайымшыл, кекшіл, ызалы келеді. Ал ол жүрекке салмақ түсіреді. Жобаның бағыты – ауылдық жерлерде жүрек-қан тамырлары аурулары қаншалықты жайылған және оның себебі неде екенін анықтау. Соны ертерек тексеріп, диагноз қоймақпыз. Былтыр Байзақ ауданы тұрғындарының 78 пайызын қамтыдық. Биыл Тараздағы №1 емханаға тіркелген 38 мың тұрғынды тексеруден өткізбекпіз. Сосын Жамбыл ауданына, келесі жылы Т.Рысқұлов ауданына бармақпыз. Оның барлығы тегін жүргізіледі.
Біздің дәрігерлеріміздің көбісі жастар, 6 маманымыз магистратурада, екеуі докторантурада оқиды. Біреуі жақында оқуын бітіріп оралады. Екеуі жасуша технологиясы бойынша ғылыми ізденіс үстінде, білімін жетілдіріп келді.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Ардақ ҮСЕЙІНОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support